Экологиялық тәрбие сүйіспеншіліктен басталады: Құралайдың оқиғасы
2025 ж. 8 August
Құралай Түспекова
«Бала кезімде әкеммен және анаммен бірге қорық аумағына жиі баратынбыз: құстарды бақылап, көп серуендеп, сапарларға шығатынбыз. Ата-анамның арқасында мен Қорғалжын ауданына: оның тұрғындарына, флорасына, фаунасына және бірегей биологиялық әртүрлілігіне ерекше ықыласпен қараймын», — деп еске алады Құралай Түспекова.
Қорғалжын кенті Ақмола облысында, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының аумағында орналасқан. Қорық 1968 жылы бірегей сулы-батпақты жерлерді сақтау үшін құрылды және көптеген сирек кездесетін флора мен фаунаның мекені. Мұнда қоқиқаз, бұйра бірқазан және басқа да құстардың 365 түрі мекендейді, олардың 42-сі Қазақстанның Қызыл кітабына, 27-сі Табиғатты қорғау халықаралық одағының тізіміне енгізілген, ал 133 түрі осы жерде ұя салады. Қорықта сүтқоректілердің 46 түрі және балықтардың 15 түрі де бар.
Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы
Құралай 11 жасында ата-анасымен бірге Қорғалжын ауылындағы тарихи отанына оралды. Мектепті бітіргеннен кейін ол жоғары оқу орнына түсті, кейінірек өз қызметін жастармен жұмыс істеуге және шығармашылық және экологиялық бастамаларды дамытуға арнады. Бүгінде Құралай Түспекова қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Дельфий комитетінің директоры және Қазақстан халқы Ассамблеясының Шығармашылық ұжымдар қауымдастығының төрайымы.
Өз идеяларын іске асыруда Құралай әрқашан отбасының қолдауын сезінді. Оның жұбайы жобаларға белсенді қатысады —ұйымдастырушылық мәселелерді жазудан бастап шешімді табуға дейін, ал балалары экологиялық және білім беру бастамаларына ынта-жігермен қатысады.
«Мен отбасыммен бақыттымын: олар менің не істеп жатқанымды түсінеді және менің табиғатқа, жастарды тәрбиелеуге және қоғамдық жұмысқа деген қызығушылығыммен бөліседі. Менің жұбайым ақпараттық технологиялар магистрі және әлеуметтану ғылымдарының докторы маған жобалар мен идеяларды ғылыми бөлігін әзірлеуде көмектеседі. Екі үлкен ұлым үнемі фасилитатор, кеңесші және жоба менеджері болып жұмыс істейді. Кіші қызым бірінші сыныптан бастап волонтер, маған көмектеседі және балалармен жақсы тіл табысады».
Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы
Құралайдың бойында бала кезінен қалыптасқан табиғатқа деген сүйіспеншілік бірқатар жобаларды жасауға шабыттандырды, олар: орнитологиялық орталық, Қорғалжын экологиялық обсерваториясы, экологиялық лагерь және климаттық мектеп.
«Бірде кентке отбасылық іс-шараға келіп, жұбайым екеуміз далаға шықтық. Мені Қазақстан туына арқау болған көрініс: шексіз дала, жарқын күн және көк аспанда қалықтаған бүркіт таң қалдырды. Сол кезде де мен балалармен және жастармен жұмыс істейтінмін, табиғат көрінісінен алған әсерден кейін маған мынадай ой келді: Қазақстан балалары өз елін дәл осылай көруі керек! Табиғат арқылы Отанға деген сүйіспеншілікті оятуға болады және бұл сұлулық балаларға осындай таңғажайып жердің бір бөлігі екенін түсінуге мүмкіндік береді», — деп еске алады Құралай.
Осылайша, 2018 жылы «Қорғалжын экологиялық обсерваториясы» үкіметтік емес коммерциялық ұйымын құру және оның жанынан экологиялық лагерь ашу идеясы пайда болды. Ұйымның миссиясы – балалар мен жастарды практикалық орнитология мен қоршаған ортаны қорғауға, климатты зерттеуге және болашақ экологиялық көшбасшыларды тәрбиелеуге тарту.
«Менің шығармашылық және мәдени бағыттарды ілгерілету үшін білім беру бағдарламаларын құруда және қызығушылық қоғамдастықтарын құруда мол тәжірибем болды. Мен талантты жастармен және шығармашылық қоғамдастықтармен белсенді жұмыс істедім, сондықтан жұбайым екеуміз балалар мен жастарды мәдениетке баулып, білім берумен айналысқандықтан, экологиялық мәдениетті дамытамыз деп шешім қабылдадық».
Құралай қолда бар қосымша білім беру бағдарламаларын талдағаннан кейін, мүгедектігі бар немесе ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдер үшін ештеңе қарастырылмаған екен деген қорытындыға келді. Ол командасымен бірге олардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктеріне бейімделген білім беру бағдарламаларын әзірледі.
«Мүгедектігі бар дарынды балалар мен жастар үшін өздерінің ізденістерін дамыта алатын немесе зерттеу жұмыстарымен айналысатын жобалар өте аз екендігі, әсіресе экологияда шамалы екендігі белгілі болды. Сондықтан біз экологиялық лагерьде арнайы экологиялық ауысымдар іске қостық. Кейінгі бес жылда 20-дан астам қысқа мерзімді экоауысымдар өткізілді», — деп ол ой бөлісті.
Экологиялық лагерьдің қағидаларына сәйкес мүгедек балаларды ата-аналар емес, мұғалімдер ертіп жүреді. Құралайдың командасы мұндай ауысымның оңтайлы ұзақтығы төрт күн екенін анықтады. Осы уақыт ішінде балалардың бейімделуге, әлеуметтенуге және ашылуға уақыттары бар. Сонымен қатар, олар жаңа әсерлер алады және мазмұнды іс-шараға толы күн тәртібінен еш шаршамайды. «Қазірдің өзінде біз тұтастай қоғамдастық құрдық, өйткені лагерьден кейін балалар бізбен және бір-бірімен мессенджерлерде арнайы ашық топтарда сөйлесуді жалғастыруда. Бүгінде елдегі көптеген балалар құстарды бақылайды, содан кейін бізбен өз нәтижелерімен, бақылауларымен бөлісіп және лагерімізге қайтадан келеді».
Климаттық мектеп қатысушыларының конкурстық жұмыстары
Ол алдымен жергілікті тұрғындар мүгедек балалардың келуіне сенімсіздікпен қарағандығын есіне алады. Бірақ төртінші ауысымда бәрі өзгерді: ауыл балалары қызығушылық таныта бастады, біреудің ым-ишарамен сөйлесетініне таңырқай қарауды тоқтатты. Лагерь ауылдың жазғы өмірінің бір бөлігіне айналды.
«Бір қызығы, балалардың экологиялық лагерьге келуі жергілікті тұрғындар үшін жазғы маусымдағы дәстүрге айналды. Әр ауысымда кешке стадионда спорттық турнирлер мен эстафеталар өтеді, оған біздің балалар да, жергілікті балалар да қатысады. Менің ойымша, бұл олардың көкжиегі ой-өрісін кеңейтуге көмектесті. Олар адамдар әртүрлі, бірақ бәрі бірдей екенін түсіне бастайды, яғни сіз басқа тілде сөйлесеңіз де, мысалы, ым-ишара тілінде сөйлесеңіз де тілде сөйлесеңіз де дос бола аласыз. Көптеген жергілікті балалар волонтёр болғысы келді, лагерь бағдарламасына қатысқысы келді, басқа өңірлердегі балалармен танысып, олардың мәдениеті мен ерекшеліктерін білгісі келді. Енді олар келген балаларға біздің қорық туралы айтып береді, экскурсиялармен бірге жүреді, жергілікті тағамдарды ұсынып, сый көрсетеді. Мұндай мезеттер, әрине, өте қуанышты», — дейді Құралай.
Шамамен үш жыл бұрын оның командасы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері туралы балалар әдебиеті жоқ екенін байқады. Халықаралық тәжірибені зерделей отырып, олар балалар мен олардың отбасыларын күн энергиясын күнделікті өмірде пайдалануға үйрететін практикалық бастама — «Әр аулаға күн шуағы!» оқу-ағарту жобасын бастады. Сарапшылармен бірге күн энергиясынан су жылытқышының қарапайым моделі жасалды, оны жобаға қатысушылар тапқан материалдарынан өз қолдарымен жинады.
«Жобаға Қарағанды және Ақмола облыстарының ауылдарынан мыңнан астам балалар мен олардың отбасылары қатысты. Алдымен интерактивті дәріс форматындағы теория болды, содан кейін қатысушылар нұсқаушылармен бірге су жылытқыштарын жинап, үйлеріне алып кетті. Бір жылдан кейін біз бұл ауылдарға қайта келдік, отбасылардың 50 пайызға жуығы мал суару, ыдыс жуу және басқа да қажеттіліктер үшін су жылыту құрылғысын пайдаланып жатқандығын көрдік. Ең бастысы — адамдар нақты қолданатын білім мен дағдыларды алды».
Бұл тәжірибе балаларды жаңа жетістіктерге шабыттандырды: олардың кейбіреулері күнделікті өмірде күн энергиясын пайдалану жобаларымен конкурстар мен олимпиадаларға қатысты. Құралай мұндай жұмыс ауыл тұрғындарының ой-өрісін кеңейтіп, практикалық білім беріп, экологияға саналы көзқарас қалыптастыратынына сенімді. «Мен әрқашан азаматтық қоғамның үнін естігендігін қалаймын. Жергілікті қоғамдастықтардың азаматтық белсенділердің бастамаларын қолдауы өте маңызды».
Климаттық мектепке қатысушылар
Биыл балалар мен жасөспірімдер үшін Құралай «Климаттық мектеп» атты жаңа білім беру жобасын іске қосты. Оны экологтар, педагогтер мен зерттеушілер Қорғалжын қорығының климатын, биоәртүрлілігі мен құстарын жанды, практикалық зерттеуге арналған алаң ретінде әзірледі. Оқыту ойын түрінде, тікелей табиғатта өтеді. Жобаны шағын гранттар бағдарламасының жетінші кезеңі шеңберінде Жаһандық экологиялық қор және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы қолдады. Қорғалжын кентінде жаңартылатын энергия көздері және энергия үнемдеу бойынша білім беру орталығы, жазғы климаттық мектеп ашылды, ал таяу арада еліміздің 10 өңірінде мектеп эко-клубтарының желісін іске қосу жоспарлануда.
«Климаттық мектептің бірінші ауысымына Қазақстанның 10 мектебінің педагогтері мен экоактивистері қатысты. Біз 10 күндік қарқындылықты экологиялық апат форматында өткіздік. Күн сайын қатысушылардың алдында сын-қатерлер тұрды: бір күні — ауаның ластануы, екінші күні — судың ластануы. Балалар алған білімдеріне сүйене отырып, тапсырмаларды шешті: қолда бар материалдардан респираторды қалай жасауға болады, жылу соққысынан қалай аулақ болуға немесе су тапшылығы жағдайында суды қайдан алуға болады. Олар карточкалар бойынша тапсырмаларды орындады, макеттер жасады, сын-қатерлерді еңсерудің шешімдерін ойлап тапты», —дейді Құралай.
Климаттық мектеп балаларға климаттың өзгеруінің себептері мен салдарын түсінуге, орнықты даму қағидаттарымен және ойын әрі зерделеу арқылы табиғатты зерттеудің ғылыми тәсілдерімен танысуға көмектеседі. Мұнда олар практикалық білім алады, күнделікті өмірде жасыл технологияны қолдануды үйренеді, эко-көшбасшылық курсынан өтеді, содан кейін қайтып оралғаннан кейін өз мектебінде экологиялық клуб құрады.
«Біздің басты қағидатымыз — тепе-тең оқыту. Сабақтарды мұғалімдер классикалық сабақ форматында өткізбейді: балалар бір-бірін үйретеді, білімдерімен бөліседі және тәжірибе алмасады. Оқушылармен бірге келген мұғалімдер мұндай форматта оқушылар жаңа ақпаратты тез есте сақтап, игеретінін атап өтті. 10 күндік қарқындылық кезінде мұғалімдер өз ұсыныстарымен бөлісті және біз қазір олардың мектептерінде эко-клубтарды жүргізу үшін сабақ жоспарларын әзірлеп жатырмыз», — дейді Құралай.
Климаттық мектепке қатысушылар
Құралай бүгін де, сол далаға сапардан бірнеше жыл өткен соң да, балалар мен жасөспірімдерді табиғатта күш, білім мен мағынаның қайнар көзін көрсетуге шабыттандырадыуда. Ол үшін әркімнің өз мүмкіндіктерінің шама-шарқына қарамастан, туған жердің табиғатын қорғаушы және үлкен өзгерістердің бір бөлігі бола алатындықтарын сезінуі маңызды.
Қазақстан — Еуразияның солтүстігіндегі сулы-батпақты жерлер мен суда жүзетін құстарды сақтауға арналған басым мемлекеттердің бірі. Ел құстардың ондаған түрлерінің ұшу жолында, ал оның табиғи аумақтары Рамсар конвенциясының өлшемшарттарына сәйкес келеді – бұл осал экожүйелерді қорғауға бағытталған халықаралық келісім. Бұл табиғи аймақтар табиғи ортаның маңызды элементі болып табылады. Олар биоәртүрлілікті сақтауда шешуші рөл атқарады және жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсарту арқылы іргелес аумақтардың орнықты дамуына ықпал етеді. Оларды қорғау үкіметтердің, ғылыми қоғамдастықтың және жергілікті тұрғындардың келісілген күш-жігерін қажет етеді.
Құралайдың оқиғасы — туған жерге деген сүйіспеншілік бүкіл қоғамдастықтарды шабыттандыратын және біріктіретін қозғалыстың бастауы бола алатындығының мысалы. Бәлкім, климаттық лагерьдің бүгінгі қатысушылары арасында табиғатты қорғау өмірлерінің мәніне айналатын болашақ экокөшбасшылар өсіп келе жатқан шығар.