Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің Әлеуметтік жобалар форумында сөйлеген сөзі

2021 ж. 22 сәуір, 10:00, Нұр-Сұлтан, Қазақстан

2021 ж. 23 April
 

Жоғары мәртебелілер

Құрметті сөз сөйлеушілер мен қатысушылар,

Бүгін осындай құрметті аудиторияның алдында бәріміз үшін аса маңызды тақырып – тұрақты даму мен оған қол жеткізудің басты мәселелері жайында сөз сөйлеу мен үшін үлкен мәртебе.

Біз бәріміз әдеттегіден тыс уақытта өмір сүріп отырмыз. COVID-19 пандемиясы бүкіл дүние жүзінде миллиардтаған адам жаһандық сілкіністен зардап шегіп, барлығы бір уақытта өз үйлерінде қамалған тарихтағы алғашқы оқиға болып отыр. Қазіргі денсаулық сақтау дағдарысы әр адамның өміріне әсер етіп, ең осал адамдарға басқаларына қарағанда ауырырақ тиетін қиын әлеуметтік-экономикалық салдарларға әкеп отыр. Өте көп нәрсе өзгеріп, біз COVID-19-ға дейін болған әлемге орала алмаймыз. Енді осы түбегейлі өзгерген орта біз үшін қалыпты болмақ.

Әлемдік деңгейдегі елдер арасындағы және кіші деңгейдегі отбасылар арасындағы теңсіздіктер COVID-19 дағдарыстарына байланысты бұрын-соңды болмаған айқындықпен көрінді. Байлық дәрежесіне қарамастан барлық елдер оған бірдей жауап қайтаруға мәжбүр болғандықтан және де елдердің мүмкіндіктері әртүрлі болғандықтан пандемия бір уақытта «теңестірушіге» де, «теңестірмеушіге» де айналды.

COVID-19 тұрақты дамудың барлық үш тұғырына – әлеуметтік, экономикалық және экологиялық дамуға қауіп төндіріп, адамдар мен ғаламшар үшін жойқын салдарларға алып келді десек, артық айтпаған болар едік.

Оның үстіне, COVID-19 осы уақытқа дейін бүкіл әлемде кеңінен жайылғанына қарамастан, оның терең әсері енді ғана сезіле бастайды. Біз назарымыздан шығармауымыз қажет көзге көрінбейтін терең әрі жасырын қауіп – білім беру, денсаулық сақтау мен өмір сүру деңгейінің тіркесімі болып табылатын жаһандық адам дамуының құлдырау қаупі. Соңғы 30 жылда адамзат өз басынан біраз дағдарыстарды, оның ішінде 2007-2009 жылдардағы Жаһандық қаржылық дағдарысты өткерді. Олардың әрбірі адам дамуына қатты соққы берсе де, жалпы алғанда даму жолындағы адамзат жетістіктері дүние жүзі бойынша жылма-жыл өсіп келген еді. Денсаулық сақтау, білім беру мен табыс көздері салаларына үштік соққы берген COVID-19 бұл беталысты кері бұруы мүмкін.

Құрметті әріптестер,

Бүгін, пандемия біздің өмірімізді өзгерткен мезеттен бастап 18 айға жуық уақыттан соң және екпе жасаудағы бірқатар үлкен жетістіктерге қарамастан, айналамызда әлі де көптеген қиындықтар мен белгісіз жайттар бар. Дегенмен, бір нәрсе айқын: қазіргі дағдарыстар бізге «бүгінгі» мәселелерді «кешегі» құралдармен шеше алмайтынымызды түсінуге мүмкіндік берді. Бұрынғы қалыпты өмірге оралуды көздеп емес, керісінше, артта қалғандар мен пандемиядан ең қатты зардап шеккендерге ерекше назар аудара отырып, жаңа әрі бұрынғыдан да жақсы қалыпты өмірді бірлесіп құру – біздің ортақ жауапкершілігіміз, міне, осы.

Биыл Қазақстан өз тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеді, бұл БҰҰДБ үш онжылдық бұрын алғаш рет жариялаған Адам дамуы туралы есептердің 30 жылдығымен қатар келіп отыр. Мұны айтқан себебім – Қазақстанның жетістіктеріне адам дамуының призмасы арқылы қараған кезде дәлелді, оң, жақсы негізделген тарихты көруге болады.

Өткенге көз жүгіртсек, біз бар болғаны үш онжылдықта Қазақстанның даму күші мен қарқынының куәгері болғанымызды мақтан тұтамыз. Қазақстанның кедейшілік деңгейін 2001 жылғы 46,7 проценттен 2015 жылы 2,8 процентке дейін төмендеткені – бар болғаны 14 жылдың ішіндегі орасан зор жетістік. Ел адам дамуының жоғары деңгейіне қол жеткізіп, 2019 жылы 189 елдің ішінде 51-ші орынға ие болды. Соңғы уақытта, алдында айтылғандай, пандемияға байланысты құлдырау қаупі туса да, мұндай зор нәтижелерді жете бағаламауға болмайды. Ең бастысы, осы өзгерістерге алып келген Қазақстанның басшылығы мен стратегиялық пайымы еш шайқалмады. Қазақстанның ұзақ мерзімді өсіп-өркендеу мен бейбітшілікті көздейтін пайымы пандемиядан кейінгі кезеңде де өзекті болып қала беретін «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді стратегиясында бекітілген. Институционалдық реформалар мен әлеуметтік саясатты жетілдіруден бастап биоалуантүрлілікті сақтауға дейінгі көптеген басым салаларда уақтылы техникалық әрі сүбелі қолдау көрсету арқылы осы стратегиялық даму процестеріне қатысу БҰҰДБ үшін үлкен мәртебе.

Аталған өткен жетістіктердің болашақ дамуға қажетті мықты тұғырнаманы да қалап, оған серпін де беретіні сөзсіз, себебі ең басты негіз осы уақытқа дейін қаланып бітті.

Қазақстан ұлттық даму басымдықтарына табиғи түрде сәйкес келетін 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Тұрақты даму саласындағы жаһандық күн тәртібін толығымен қабылдады. Пандемиядан туған қазіргі кедергілерге қарамастан, бұл – ұлттық даму ұмтылыстарын жүзеге асыра отырып, Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) жету жолындағы орасан зор сын-қатер мен сонымен бір уақытта өте үлкен мүмкіндік. Алайда, пандемия сонымен бірге ТДМ-да бұрыннан бар көрегендікті растап отыр: бүгін біздің алдымызда тұрған мәселелерді бытыраңқы тәсілдермен шешуге болмайды.

Осы тұрғыдан біз Президенттің пандемиядан туындаған сілкіністерге қарамастан ел дамуының ұзақ мерзімді басымдықтарын назардан тыс қалдырмауға шақыратын батыл көзқарасын жоғары бағалаймыз. Дегенмен, дамудың жаңа үлгісіне біртіндеп көше отырып, өткен жетістіктердің негізінде дамудың жаңа деңгейіне өту үшін орталық элементі адамдар болатын бірнеше маңызды өзгерістер қажет.

Біріншіден, сақталып отырған теңсіздіктерді азайтуға және мемлекеттік қызметтер мен көмектің ең алдымен ең мұқтаждарға көрсетілуін қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік қорғау жүйесіндегі өзгерістерді жеделдетудің өткір қажеттілігі бар. Сонымен қатар, ол келешекке бағдарланған еңбек нарығымен берік байланыс орнатуды талап етеді: еңбек нарығы ең осал адамдарға қаншалықты мүмкіндік берсе, әлеуметтік қорғау жүйесі соншалықты тұрақты болады.

Екіншіден, білімге негізделген экономикалық трансформация: ол үшін білім беру мен өндіріс салаларын тиісті дағдылармен, адами капиталмен және технологиялар, инновациялар, зерттеулер мен әзірлемелер түріндегі қолдауы бар өндірістік мүмкіндіктермен болашақ еңбек қажеттіліктерін қанағаттандыратындай өзара үйлестіру қажет.

Үшіншіден, экономиканың кен өндіру саласы мен көміртекті көп қажет ететін салаларға тәуелділігін азайту үшін төмен көміртекті даму жолын басым көретін «жасыл трансформацияны» жақтайтын мықты дәлелдер бар.

Төртіншіден, мемлекеттік басқару жүйесін мақсатына сай болатындай, халық қажеттіліктерін қанағаттандыратындай және тіпті қазіргі сияқты сілкіністер жағдайында да тиімді жұмыс істей алатындай өзгерту қажет.

Және де, әрине, осылардың барлығын тездететін цифрлық трансформацияның маңыздылығын атап өткен жөн. Мұндай трансформация цифрлық ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) стратегиялық тұрғыдан және батыл пайдалануды талап етеді.

Бұл өзгерістер сипаты, жылдамдығы мен күрделілігі жағынан ерекшеленуі мүмкін, бірақ олардың барлығы да кешенді әрі ұзақ мерзімді даму шешімдері мен бүкіл қоғамның мүдделерін ескеретін тәсілдің қолданылуын талап етеді.

Бірде-бір ұйым немесе мекеме осындай ауқымды өзгерістерді жалғыз өзі жүзеге асыра алмайтыны айтпаса да түсінікті. Үкіметтен, азаматтық қоғам мен жеке бизнестен тұратын «болат үштік» ортақ пайым мен құндылықтарды және, ең бастысы, қоғамдық мүдделерді басшылыққа ала отырып, бір-бірімен келісілген түрде әрекет етуі керек. Дұрыс қағидаттарға негізделіп, ортақ игілікті көздейтін болса, бұл әріптестік оң өзгерістердің пәрменді күшіне айнала алады – алайда, ол үшін дұрыс тежемелер мен теңестірмелер жүйесі болуы қажет.

БҰҰДБ өзінің әріптестерді біріктіруші рөлінің, мықты жаһандық техникалық мүмкіндіктері мен жергілікті жұмысының арқасында Үкіметтің реформалар саласындағы барлық негізгі күш-жігерінде оның сенімді ұзақ мерзімді әріптесі ретінде бірегей орын мен абыройға ие болды. Біз қолымыздан келетін көмегімізді еш аямастан елдегі барлық деңгейдегі трансформациялық және адамдардың мүдделерін көздейтін өзгерістерді қолдауды жалғастырамыз.

Қорытындылай келе, мен барлық әріптестерімізге – министрліктер мен мемлекеттік мекемелердің, жергілікті және өңірлік билік органдары мен қоғамдастықтардың, азаматтық қоғамның, ғылыми шеңберлердің, жастардың, жеке меншік секторы мен халықаралық қоғамдастықтың өкілдеріне барлығына бірдей және әрқайсысына бөлек алғысымды білдіргім келеді. Бір жұдырық болып біз ортақ ізгі ниет, ынтымақтастық пен өзара құрмет рухының арқасында үлкен нәтижелерге қол жеткіздік. Мен алдағы жылдары осы елдің барлық тұрғындарының өмірін жақсартуға үлкен әсер ететін жаңа бірлескен бастамаларды асыға күтемін.

Назарыңызға рахмет.