БҰҰДБ қолдауымен мүгедектігі бар адамдар үшін Қазақстан мұражайларының қолжетімділігі артты

2022 ж. 2 December
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Азамат Жантөрин

2022 жылғы 2 желтоқсан – Жыл сайын 3 желтоқсанда атап өтілетін Халықаралық мүгедектер күні қарсаңында Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы мен «ДАРА» қайырымдылық қоры Қазақстан Республикасының Ұлттық музейімен әріптестікте мүгедектігі бар адамдар үшін мәдениет және спорт нысандарының қолжетімділігі мен орынды бейімделуін қамтамасыз ететін аудиодескрипция мен басқа да элементтерді енгізу бойынша бірлескен жұмыстың нәтижелерін таныстырып өтті.

Қазіргі уақытта Қазақстанда мүгедектігі бар 700 000-ға жуық адам бар, олардың 20 мыңы – зағип және көзі нашар көретін азаматтар.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Азамат Жантөрин
«БҰҰДБ елдің мәдени өміріне қатысу құқығын іске асыруды қоса алғанда, Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенцияны толық көлемде жүзеге асыруға шақырады. Бүгінгі таңда цифрлық технологияларды пайдаланудың ешкімді де артта қалдырмай, мүгедектігі бар адамдар үшін инклюзивтілік пен кез келген ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ететіні қуантады», –
- деді Айнұр Баймырза, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы Мемлекеттік басқару бөлімінің басшысы.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Азамат Жантөрин

Соңғы үш жыл ішінде Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы мен «ДАРА» қоры Қазақстан Республикасының жеті музейінде жобаларды іске асырды. Аудиодескрипциялар (зағип жандарға ақпарат берудің маңызды құралдарының бірі) жазылып, үш тілде (мемлекеттік, ағылшын және орыс тілдерінде) аудиогидтер дайындалды, мүгедектігі бар адамдармен ақпаратты қабылдау жөнінде консультациялар өткізілді.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Азамат Жантөрин

Дөңгелек үстел жұмысының аясында «Әлемді ашамыз: ҚР Ұлттық музейінде зағип және нашар көретін балалар үшін қолжетімді орта құру» жобасының нәтижелері таныстырылды. Бұл жоба «Шеврон» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Бірлескен жобаның аясында Ұлттық музейдің ежелгі тарих пен орта ғасырлар тарихы, алтын, этнография залдарының, сондай-ақ ішкі және сыртқы безендірілуінің 16 экспонаты аудиодескрипциямен қамтылды. Аталған экспонаттардың еліміз үшін бірегей археологиялық тарихи маңызы бар.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Азамат Жантөрин

Аудиожазбаны дайындау кезінде барынша қолжетімді және түсінікті лексика қолданылып, балалардың мүдделері ескерілді. Жазылған аудиоматериалдардың жалпы ұзақтығы 100 минуттан асады. Оған қоса, зағип келушілерге экспонаттармен егжей-тегжейлі танысуға мүмкіндік беру үшін реставратор шеберлер мен мүсіншілер тарихи экспонаттардың оннан астам тактильді модельдерін жасады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Азамат Жантөрин
«Біз барлық балалардың білім алуға және дамуға тең құқығы бар деген берік сеніммен білім алудағы ерекше қажеттіліктері бар балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға ұмтыламыз. Мұражай экспонаттарының аудиодескрипциясын дайындау идеясы – ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға, атап айтқанда, зағип және нашар көретін балаларға еліміздегі білімге, шығармашылыққа, мәдени және рухани мұраға қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған «Әлемді ашамыз» атты үлкен жобаның бір бөлігі ғана», –
деп атап өтті «ДАРА» қорының жобалар мен бағдарламалар директоры Марал Шешембекова.