Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі мүгедектігі бар адамдардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруға көмектеседі

2022 ж. 20 April
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Ағымдағы жылдың 20 сәуірінде БҰҰДБ қолдауымен 2020 жылдың сәуір айында ашылған Кәсіби оңалту орталығы алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласында мүгедектігі бар адамдар үшін бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырды. Жәрмеңке жұмысына 25 жұмыс беруші қатысып, түрлі қызмет салалары бойынша 60-тан астам бос жұмыс орнын ұсынды.  Жәрмеңкеге 100-ден астам жұмыс іздеуші қатысты.

«Біз қатысушылардың осыншама көп болатынын күткен жоқпыз. Бұған дейін жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастырған осындай жәрмеңкелерге шамамен 20-30 адам келетін. Біз болсақ, 100-ден астам келушілерді тіркедік, және бұл тек тіркелген қатысушылар ғана, шын мәнінде олар одан да көп болды»
Гүлзада Жекебаева, Кәсіби оңалту орталығының менеджері

Жәрмеңкеге жұмыс берушілердің өздері де қызығушылық танытты. «Аумақтың шектеулілігіне байланысты біз тіркелген 40-тан астам ұйымның ішінен тек 25 жұмыс берушіні ғана шақыра алдық. Бұл ретте, тіркелген ұйымдардың барлығының мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істеуге дайындығы бар екенін атап өткен жөн. Біз олар үшін мүгедектігі бар адамдарға жұмыс орнын ұйымдастыру қажеттілігі мен оларды жалдау ерекшеліктері туралы вебинарлар топтамасын өткіздік», - деп толықтырды Гүлзада.

 

Жәрмеңкеге келген жұмыс берушілердің көпшілігі өздерін әлеуметтік жауапты кәсіпкерлер ретінде сезінеді. Мүгедектігі бар адамдарды жалдау – бұл жұмыс берушілердің міндеті ғана емес, сонымен қатар олардың лайықты маман табуға деген ниеті.

«Базис А» құрылыс компаниясының персонал жөніндегі менеджері Иван Матвиенко жәрмеңкеге нақты мақсатпен – өз ұйымы үшін лайықты жұмыскерлерді табу мақсатымен келді. «Жәрмеңке кезінде мен көптеген түйіндемелерді жинадым, кейін біз оларды кадрлар бөлімінде іріктедік. Бізді бірнеше үміткер қызықтырды және біз оларға жұмыс ұсынуға дайынбыз», - дейді Иван.

«Біздің мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істеу тәжірибеміз бар: біздің ұйымда геодезистер, әртүрлі жұмыстағы адамдар жұмыс істеді. Никита Брусиловский екі жылдан астам уақыт қауіпсіздік инженерінің көмекшісі ретінде бізбен бірге жұмыс істеуде. Ол оқу орталығында құжаттама дайындаумен айналысады. Никита 23 жаста және оның туғаннан БМС ауруы бар, бірақ бұл оның кәсіби тұрғыдан қалыптасып танылуына және компанияға пайда әкелуіне кедергі емес. Біз мүгедектігі бар адамдардың жұмысы үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз, жұмыс орындарын бейімдейміз»
Иван Матвиенко, персонал жөніндегі менеджер

Жәрмеңке қорытындысы бойынша 11 ізденуші жұмысқа орналасты, 14-і тағылымдамадан өту мүмкіндігін алды және 29-ы қайта әңгімелесуге шақырылды. Үміткерлердің 70 пайызға жуығында белгілі бір біліктілік, ал 30 пайызында жоғары және орта арнаулы білім болған. Ізденушілерге өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету, жеңіл өнеркәсіп, медицина, спорт, қаржы, білім беру және сауда сияқты түрлі салалардағы жұмыстар ұсынылды.

 

24 жастағы Максим Сакун жәрмеңкеге жаңа мүмкіндіктер іздеп келді. Тұран Университетіндегі оқуын аяқтағаннан кейін Максим елордалық компаниялардың бірінде оператор болып жұмыс істеді, бірақ пандемияға байланысты ол көптеген адамдар сияқты жұмыссыз қалды. Максим үшін жәрмеңке - жұмыс берушілермен тілдесудің, ең қажетті бос жұмыс орындары туралы білудің тамаша мүмкіндігі.

Максим үш ұйымнан әңгімелесуге шақыруды күтіп отыр. Ол жәрмеңке туралы Оңалту орталығында білді, онда ол компьютерлік сауаттылық курстарынан өтіп, психологтың қызметтерін пайдаланады. Оның пікірінше, жәрмеңке жоғары деңгейде ұйымдастырылды және ол болашақта жәрмеңкеге тағы да қуана қатысатынын айтты. 

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Жәрмеңкеде ізденушілер жұмыс берушілермен тілдесіп қана қоймай, зейнетақымен қамсыздандыру, кәсіптік бағдарлау, психологиялық, заң және медициналық-әлеуметтік қызметтер бойынша кеңестер алды. Алайда, олар бұл қызметтердің барлығын оңалту орталығынан да ала алады. Гүлзада Жекебаеваның айтуынша, қатысушылардың 70 пайызы жәрмеңке кезінде орталық туралы алғаш рет білген және қазір олар орталықтың тұрақты келушілері болып табылады.

«Жәрмеңкеден кейін бізге келушілердің саны күрт өсті, егер жәрмеңкеге дейін күніне 2-3 адамды қабылдаған болсақ, қазір бізге 10-15 адам келеді. Біздің міндетіміз оларға лайықты бос жұмыс орнын табу ғана емес, сонымен қатар оларды кәсіби қызметке даярлау, өйткені олардың көпшілігі ешқашан жұмыс істемеген және ешқандай дағдылары немесе білімі жоқ. Кейбір жұмыс іздеушілер ұжымда жұмыс істеуге дайын емес және оларға жеке жұмыс қажет, соның негізінде біз оларға бос жұмыс орындарын таңдаймыз»
Гүлзада Жекебаева, Кәсіби оңалту орталығының менеджері

Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі кадрларды іріктеудің мұндай форматының жұмысқа орналастыру кезінде жұмыс берушілер мен ізденушілердің уақыты мен күш-жігерін үнемдеуге жәрдемдесетінін көрсетті. Қатысушылар үшін бұл іс-шараның қажеттілігі жоғары болғандығын ескере отырып, орталық осы жылдың қыркүйегінде, бірақ кеңірек ауқымда тағы бір жәрмеңке өткізуді жоспарлап отыр.