Көптеген дағдарыстар прогресті тежейді: БҰҰДБ баяндамасы 10 елдің 9-ы адам әлеуетінің дамуы бойынша артта қалып отырғанын ескертеді

Әлем өзінің даму траекториясын қайта салу арқылы адамдар мен ғаламшардың болашағын қамтамасыз ету үшін өзін жаһандық дәрменсіздіктен шығаруы қажет

2022 ж. 8 September
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

2022 ж. 8 қыркүйек – Нью-Йорк: Әлем бірінен кейін бірі соққы беріп жатқан дағдарыстардан көз аша алмай, дүрмектен бас көтеруге шамасы келмей, алдымызда тұрған проблемалардың түпкі себептерімен күресуге қабілетсіз болып отыр. Бағытымызды күрт өзгертпесек, ол бізді бұдан да көп тауқымет пен әділетсіздікке алып келуі мүмкін, деп ескертеді Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ).

Бүгін БҰҰДБ жарияланған «Аласапыран кезең, күйсіз тұрмыс: өзгеріп жатқан әлемдегі болашағымызды сомдау» атты Адамзат дамуы туралы жаңа баяндамада тұрлаусыздықтар үсті-үстіне қабаттасып, бірімен-бірі қиысып, тыныштығымызды бұрын-соңды болмаған жолдармен бұзып отыр делінген. Соңғы екі жыл ішінде COVID-19 бен Украина соғысы сияқты дағдарыстар үсті-үстіне соққы беріп, ауқымды әлеуметтік-экономикалық ығысулар, планеталық қауіпті өзгерістер мен поляризацияның жаппай өсуімен өзара әрекеттесіп, бүкіл әлемдегі миллиардтаған адамдарға жойқын әсер етті.

БҰҰДБ елдердің денсаулығын, білімі мен өмір сүру деңгейін өлшейтін адам дамуының индексін 32 жылдан бері есептеп келеді және содан бері алғаш рет бұл көрсеткіш екі жыл қатарынан бүкіл әлемде құлдырап отыр. Адам әлеуетінің даму деңгейі 2016 жылғы деңгейге түсіп, Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы прогрестің үлкен бөлігін жоққа шығарып отыр.

Кері беталыс жаппай сипатқа ие дерлік: елдердің 90 процентінен астамы 2020 немесе 2021 жылы, ал 40 процентінен астамы екі жылы да АДИ көрсеткішінің төмендеуін тіркеді; бұл дағдарыстың көптеген елдер үшін тереңдей түскенін көрсетеді.

Кейбір елдер аяғынан тұра бастаса да, қалпына келтіру әрекеттері біркелкі емес әрі бытыраңқы болып отыр, бұл адам әлеуетінің дамуындағы теңсіздікті тереңдете түседі. Латын Америкасы, Кариб теңізі, Сахараның оңтүстігіндегі Африка мен Оңтүстік Азия елдері әсіресе қатты зардап шекті.

«Әлем бірінен соң бірі соққы беріп жатқан дағдарыстарға жауап беруге үлгермей отыр. Өмір сүру құнының күрт өсу дағдарысы мен энергетикалық дағдарыс бізге жақсы көрсеткендей, біз қазбалы отын өндірісін субсидиялау сияқты жылдам шешімдерді қолданғымыз келсе де, жедел жеңілдету тактикасы біз қайткен күнде де жасауымыз қажет ұзақ мерзімді жүйелік өзгерістерді тек кешіктіреді екен. Біз осы өзгерістерді жүзеге асыруға бір адамдай сескеніп тұрмыз. Белгісіздік жаулаған әлемде біз өзара байланысты әрі бәрімізге ортақ сын-қатерлерге төтеп беру үшін жаһандық ынтымақтастық сезімін жандандыруымыз қажет.»
Ахим Штайнер, БҰҰДБ әкімшісі

Баяндамада қажетті өзгерістердің неліктен орын алмай отырғандығы зерттеліп, оның көптеген себептері бар екендігі, соның ішінде бүгінгі таңда қауіпсіздіктің жоқтығы мен поляризацияның бірін-бірі қолдап, бізге барлық деңгейдегі дағдарыстарды жеңу үшін қажетті ынтымақтастық пен ұжымдық іс-әрекетке қалайша кедергі келтіретіндігі айтылады. Жаңа есептеулер, мысалы, өздерін ең осал сезінетіндердің арасында экстремистік саяси көзқарастарға бой ұру ықтималдығы ең жоғары екендігін көрсетеді.

«Біз COVID-19 індеті басталғанға дейін-ақ осы қос парадоксты – прогрестің қауіпсіздіктің жоқтығы мен поляризациямен бірге жүретінін байқадық. Бүгінгі таңда, әлемдегі адамдардың үштен бірі күйзеліске ұшырап, басқа адамдарға әлемдегі бүкіл халықтың үштен бірінен азы ғана сеніп отырған тұста, біз адамдар мен ғаламшардың игілігі үшін жұмыс істейтін саяси шараларды қабылдауда үлкен кедергілерге тап болып отырмыз. Ой салатын бұл жаңа талдау бізге осы тығырықтан шығуға және қазіргі жаһандық белгісіздікті еңсерудің жаңа бағытын анықтауға көмектесуге арналған. Біз жүйелерімізді қайта іске қосып, климаттың өзгеруіне қарсы батыл іс-әрекет пен барлығы үшін жаңа мүмкіндіктерге негізделген болашақты қамтамасыз етуіміз үшін қысқа мерзім ішінде қимылдауымыз қажет.»
Ахим Штайнер, БҰҰДБ әкімшісі

Жаңа бағытты белгілеу үшін баяндамада басты назарды жаңартылатын энергия көздерінен бастап пандемияға дайындыққа дейінгі салаларға инвестиция салуға және қоғамды белгісіздікке толы әлемдегі алма-кезек жағдайларға дайындау үшін әлеуметтік қорғауды қоса алғандағы қамсыздандыруға аударатын саяси шараларды жүзеге асыру ұсынылады. Сонымен қатар, алуан түрлі – технологиялық, экономикалық, мәдени – инновациялар қандай да болмасын келешек сын-қатерлерге жауап беру әлеуетін нығайта алатыны сөзсіз.

«Белгісіздікті еңсеру үшін біз адамның даму әлеуетін арттыруға екі есе күш жұмсап, адамдардың амандығын немесе денсаулығын жақсартумен ғана шектелмеуіміз қажет. Олардың маңызды екендігінде күмән жоқ. Бірақ біз сонымен бірге ғаламшарды қорғап, адамдарға өздерін бұрынғыдан қауіпсіз сезіну, өз өмірлері өз қолдарында екендігіне сенімдерін қайтару және болашаққа үмітпен қарау үшін оларды қажетті құралдармен қамтамасыз етуіміз қажет.»
БҰҰДБ өкілі Педро Консейсао, баяндаманың жетекші авторы

 

2022 жылғы Адамзат дамуы туралы баяндама мен БҰҰДБ-ның белгісіздіктің жаңа кешенін еңсеру жөніндегі талдауы туралы қосымша ақпарат алу үшін келесі сайтқа өтіңіз:  https://hdr.undp.org/human-development-report-2021-22