БҰҰДБ Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасарының Астанадағы ОДМ брифингінде сөйлеген сөзі

2023 ж. 13 September
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Батыр Әубәкіров

Ханымдар мен мырзалар, құрметті елшілер!

Мен осында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) және Қазақстандағы бүкіл БҰҰ ұйымдарының отбасы атынан қатысып, дипломатиялық қоғамдастыққа ОДМ Саммиті қарсаңында бүгін бас қосқанымыз үшін шынайы алғысымызды білдіргім келеді. Бүгін біз сіздерге Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) орындау жолында жеткен жетістіктеріміз туралы нақты әрі қысқаша ақпарат ұсынбақпыз.

ОДМ интеграторы ретінде біздің миссиямыз интеграцияланған шешімдер арқылы ОДМ-на жаһандық деңгейде қол жеткізуді жеделдету үшін елдегі БҰҰ ұжымымен бірлесіп жұмыс істеу болып табылады. Осы мақсатқа жету үшін біз жекелеген ОДМ-на емес, олардың арасындағы алшақтықты жоюға ден қоятын төрт арнайы жұмыс бағытын айқындадық. Аталмыш алшықтықтар басқатырғыштың бөліктері сияқты, оларды кешенді жоя отырып, біз 2030 жылға дейінгі күн тәртібін тұтастай ілгері бастыруды мақсат тұтамыз.

Біз ОДМ саласында 2018 жылдан бері Қазақстан Үкіметімен белсенді ынтымақтастықта жұмыс істейміз. Бірлесіп, біз Үкімет құрылымы аясында икемді ОДМ тұжырымдамасын әзірледік, соның есебінен мемлекеттік органдар арасындағы жұмысты тиімді үйлестіруге ықпал еттік. Инновациялық құралдар бізге ОДМ және қаржылық саясат интеграциясына бағалау жүргізуге, сондай-ақ шешімдерді әлдеқайда тиімді қабылдау үшін мамандандырылған техникалық көмек көрсетуге септесті. 

Қазіргі уақытта Үкімет өңірлерде әлеуметтік бағыттағы бағдарламаларға басты назар аудара отырып, ОДМ саласында нақты басымдықтарды белгілегенін көріп отырмыз. Сол нақты белгіленген мақсаттар осы елдегі бүкіл БҰҰ ұжымының еңбегін оңтайландыра отырып, жөн сілтеуші қағидалар ретінде қызмет етеді. Осылайша біз ең қажет жерде арнайы көмек ұсына аламыз, әрі ОДМ-на қол жеткізудің анағұрлым тиімді және нысаналы тәсілі қолданылуын қамтамасыз етеміз.

Қазіргі уақытта Үкіметтің басты басымдықтарының бірі ОДМ-ын жергіліктендіру және оларды өңірлерді дамытудың күн тәртібімен сәйкестікке келтіру болып табылады. Қазір БҰҰДБ жаңадан құрылған Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарында және Қызылорда облысында ОДМ-ын пилоттық тәртіпте жергіліктендіру жағынан техникалық қолдау көрсетіп жатыр. Аталған пилоттық бастамалар ОДМ-ын жергіліктендіруге қолғабыс ететін негізгі факторларды, сондай-ақ ықтимал кедергілерді анықтауға бағытталған. Басты мақсат жергіліктендіру үдерісін жетілдіретін және жеңілдететін кешенді ұсынымдар жинағын әзірлеу, әрі ұлттық деңгейде кеңірек ауқымда енгізу үшін лайықты іргетас қалау болып табылады. 

Жергіліктендіру тұжырымдамасы екі негізгі аспектіні қамтиды, атап айтқанда: Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) жергілікті даму саясатын қалыптастыру үшін қалай триггер ретінде әрекет ете алады; және облыс әкімдіктері өңірлерде ОДМ-на қол жеткізуге қалай белсенді түрде үлес қоса алады. Осындай тұжырымдаманы жүзеге асыруды жеделдету мақсатында қазіргі уақытта жергілікті мамандардың біліктілігі мен білімін арттыру үшін әлеуетті нығайту семинарлары өткізіліп жатыр. 

Бастаманың шарықтау шегінде төрт өңірде 150-ге жуық мемлекеттік қызметкер жергілікті саясаттар мен бағдарламаларға өз бетінше диагностика жасауға және одан да маңыздысы, сол бағдарламаларды белгілі бір облыс үшін маңызды ОДМ-мен шебер қиыстыруға мүмкіндік беретін сарамандық дағдыларды меңгереді. Бұл бастама жергілікті деңгейде ОДМ-ын іске асыруға белсенді атсалысу үшін жергілікті мемлекеттік қызметкерлердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жолындағы сындарлы қадам болып табылады. 

Сондай-ақ жергіліктендіру Үкіметтің негізгі орталық органдарының белсенді қатысуын көздейді, ал басты рөлді Қаржы министрлігі атқаратын болады. Өңірлерде ОДМ-ның ойдағыдай бейімделуін қамтамасыз ету үшін өңірлік билік пен орталық үкімет арасындағы қаржылық және бюджеттік операцияларды ретке келтіру қажет. Демек, біз ағымдағы бюджет жасау әдісінің тиімділігін арттыру үшін Қаржы министрлігіне техникалық қолдау көрсететін боламыз. Оған қоса Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың қолданыстағы жүйесін жетілдіруге күш салынады, соның арқасында ОДМ-ын анағұрлым тиімді іске асыруға, мемлекеттік басқарудың әртүрлі деңгейлерінде қаржылық үйлестіруді жақсартуға септігін тигізетін болады. 

Аталмыш шаралар ОДМ-ның 80%-ына қазірдің өзінде сай келетін бюджеттік шектеулерге қарамастан, бәрібір жоғары сапалы нәтижелерге қол жеткізе алатынымызды қамтамасыз ету үшін орасан зор мәнге ие. Бұл аса маңызды, себебі, көптеген ОДМ қаржы тапшылығынан көз ашпайды, ал әлгі қадамдар қолда бар ресурстардың осындай жеткіліксіз қаржыландырылған мақсаттарға тигізетін әсерін барынша арттыруға мүмкіндік береді.

Біздің түпкі мақсатымыз – өзін-өзі қамтамасыз ететін қаржыландыру әдісін жасап шығару. Мұндай әдіс төтенше жағдайларда тиісінше шара қолдануға ерекше көңіл бөле отырып, жергілікті деңгейдегі басым бастамалар мен іс-шараларға уақытылы және тиімді қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді. Бұл тұрақтылықты арттыру, маңызды жобалар тіпті қиын және күтпеген жағдайларда да қажетті қолдауға ие болуын қамтамасыз ету жолындағы шешуші қадам болып табылады.

Биыл жазда біз Сенат басқаратын Парламент комиссиясын құруға белсенді атсалыстық. Алдағы жылдары осы жаңа құрылған институт заңнамалық шаралар аясында орнықты дамудың түрлі аспектілерін қадағалау және үйлестіру жауапкершілігін өз мойнына алады деп күтеміз. Оған ОДМ-на сәйкес бюджетті тиімді үлестіру және өңірлерде ТМД-ын жергіліктендіруді қадағалауда және қолдауда аса маңызды рөл атқару кіреді.

Алдағы айларда елдегі БҰҰ ұжымдарымен ынтымақтастықта және БҰҰДБ Стамбул аймақтық хабының сарапшылық қолдауымен әлеуетті нығайту іс-шаралары жүргізілетін болады. Аталмыш іс-шаралар Ғаламшар, Бейбітшілік, Серіктестік, Адамдар және Өркендеу сынды орнықты дамудың бес негізгі бағытында жұмыс істеу үшінқажетті дағдыларды меңгеруде және тәжірибе жинауда Парламент өкілдерінің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Жоғары мәртебелілер,

Осымен сөзімді аяқтап, сіздердің осындай маңызды бастамаға деген ықыластарыңыз, етене араласуларыңыз орасан зор мәнге ие екенін ерекше атап өтуге рұқсат етіңіздер. Осы іске деген адалдықтарыңыз шынымен құнды, себебі, біз әлдеқайда тұрақты, тең құқылы және әділ ел құру үшін күш біріктіреміз.

Рахмет!