Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Якуп Бериштің ECOJER халықаралық конгресінде сөйлеген сөзі

2021 ж. 3 June

2018 жылы Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) қаржылық қолдауымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) Алматы облысының Алға және Бәйтерек ауылдарында екі су жинау әуіті мен екі суару құбырын қалпына келтіру жобасын бастады. Жобаның мақсаты – жергілікті арналар мен тоғандардағы су ресурстарын тұрақты басқару арқылы тозып кеткен егістік жерлерді қалпына келтіру.

«Болашақтың бағдары – тұрақтылық!» атты ECOJER халықаралық конгресі

Климаттың өзгеруіне қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа арналған панельдік сессия

2021 ж. 3 маусым

Жоғары мәртебелі қатысушылар –

Ләззат Рамазанова ханым,

Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр мырза,

Министр Мағзұм Мырзағалиев мырза,

Бүгінгі таңда адамзаттың алдында тұрған басты проблемалардың бірі – климаттың өзгеруіне қарсы күресте біздің күш-жігерімізді біріктіру мақсатында бірінші ECOJER халықаралық конгресінде Сіздермен бірге болу мен үшін үлкен мәртебе.

Климаттың өзгеруі барлық елдерге әсер етіп отыр. БҰҰ есебі бойынша, соңғы 20 жылда дүние жүзінде тіркелген 7348 ірі табиғи апатта 1,23 миллион адам қаза болған. Бұл оқиғалар 4,2 миллиард адамға әсер етіп, 2,97 триллион доллар мөлшеріндегі жаһандық экономикалық шығынға әкеп соқты. Оған қоса, Дүние жүзіндегі апаттар туралы баяндамада көрсетілгендей, барлық апаттардың 85 процентке дерлігі соңғы онжылдықта орын алған экстремалды ауа райы мен климаттық құбылыстардан туындаған.

Қазақстанда климаттың өзгеруі елдің ауыл шаруашылығы секторына, су ресурстарына, жайылымдар мен ормандарға залал келтіріп отыр. 2100 жылға қарай мұздықтар қазіргі массасының 50 процентінен астамын жоғалтып, селдер, су тасқыны және құрғақшылық сияқты климатқа байланысты апаттардың жиілігі мен ауқымының өсуі келесі онжылдықта да жалғасады деп күтілуде. Болжам бойынша, климаттың өзгеруі 2100 жылға қарай су ресурстарының күрт азаюына (22 процентке дейін) алып келеді, бұл елдің барлық сегіз бассейнінде судың жетіспеуіне әкеп соғады. Қазақстан бидайдың ірі жеткізушісі болғанымен, 2050 жылға қарай астық өнімділігінің 13-49 процентке азаюы күтілуде.

Аталған қауіп-қатерлерден бөлек, бұл жағдай әлемдегі әрбір дерлік ел COVID-19 пандемиясынан қатты зардап шегіп отырған бұрын-соңды болмаған заманда орын алып отыр. Әйтсе де, бұл мезет орасан зор қиындықтарға толы болса да, ол бізге әділ, тұрақты әрі климатты ескеретін даму стратегияларын қалыптастыратындай қайта қарастыруға мүмкіндік береді. Бұйырса, біз жақын арада COVID-тен кейінгі жағдайда қалпына келтіру стратегияларын талқылайтын боламыз, сондықтан бұл мезет табиғат, экономика және әлеуметтік жүйелер арасындағы байланыстарға нұқсан келтіретін қауіп-қатерлер туралы түсінігімізді өзгертудің де дұрыс сәті болып табылады. Ол, өз кезегінде, мекемелер, іскерлік шеңберлер мен қауымдастықтар арасындағы әріптестік қатынастарды және келешек басқару модельдерін жаңарту үшін жаңа құралдар мен тәсілдерді қажет етеді.

Қазақстан өзінің даму жолында алға қарай қарқынды серпіліс жасай алатынын дәлелдеді. Биыл Қазақстан өз тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуде. Өткенге көз жүгіртсек, біз бар болғаны үш онжылдықта Қазақстанның даму күші мен қарқынының куәгері болғанымызды, адам дамуының жоғары деңгейіне қол жеткізіп, 2019 жылы 189 елдің ішінде 51-ші орынға ие болғанымызды мақтан тұтамыз. Өткен жетістіктеріміз болашақ дамудың берік тұғыры болып, оған серпін беретіні сөзсіз.

Алайда, сонымен бір уақытта қазбалы отын энергиясын тұтыну, көмірқышқыл газының шығарындылары, сондай-ақ орман мен жердің тозуы сияқты Қазақстанның экологиялық көрсеткіштерінің тиімділігі жеткіліксіз болып қалып отыр. COVID-19-дың әлеуметтік-экономикалық әсері туғызып отырған қосымша күйзелісті ескерсек, антропоцен дәуірінің басты үш проблемасын – климаттың өзгеруімен күрес, биоалуантүрлілікті қорғау және барлық адамдар үшін амандықты қамтамасыз ету мәселелерін шеше алмаса, Қазақстан адам дамуы саласындағы ерен еңбекпен жеткен кейбір жетістіктерінен айырылып қалуы мүмкін.

Әлеуметтік-экономикалық, сондай-ақ экологиялық мәселелердің қысымы жағдайында бұл мезет Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі 30 жылда зор прогресс көрсетіп келе жатқан даму жолында келесі серпілісті іздестіру үшін де қолайлы сәт. Жетістіктерді алдағы 30 жылға сақтап қалу тұрақты өсуді қамтамасыз ету мақсатында табиғи ресурстарды пайдалану парадигмасын өзгертуді талап етеді. Қазақстанның адами капитал мен экологиялық алуан түрлілікке бай екенін ескерсек, мұның мүмкін екендігіне менің еш күмәнім жоқ.

COVID-тен кейінгі кезеңде экономиканы қалпына келтіру барысында климаттың өзгеруімен күреске бағытталған әрекеттер әдеттегідей жолмен жүре алмайды. Қалпына келтіру тұрақты, әлеуметтік әділетті, сілкіністерге төзімді әрі климатқа әсер етпейтін экономикаға көшумен бірге қол ұстасып жүре алады және жүруі қажет. «Болашақта бұрынғыдан да жақсы өмір құру» қағидаты үкіметтерден жеке секторға дейін, жергілікті қауымдастықтардан жастарға дейінгі барлық мүдделі тараптардың арасында «жасыл» экономикаға көшу туралы келісімді талап етеді.

Осындай жаңартылған стратегия үшін маңызды болып табылатын бірнеше элемент туралы өз ойыммен бөлісуге рұқсат етіңіз.

Біріншіден, қауымдастықтар біздің іс-қимылымыздың орталық элементі болуы керек. Мұны қамтамасыз ету үшін жергілікті даму бойынша кешенді тәсілдемені қолдануға болады. Климаттың өзгеруі бүкіл әлемдегі қауымдастықтардың осалдығын күшейтіп, теңсіздікті тереңдетті. Климаттық дағдарыс үшін жауапкершілігі ең аздар оған ең қатты ұшырап, ең осал болып табылады және дақылдар шығымдылығының төмендеуінен бастап үдемелі табиғи апаттар мен ықтимал қақтығыстарға дейінгі ауыртпалықтарды көбірек тартады. Климаттың өзгеруі кедейлерге қаттырақ әрі тезірек әсер етеді, сондықтан біздің осалдық, теңсіздік пен тұрақсыздық факторларының осынау тоғысуымен қалай күресетініміз болашағымызды анықтайтын болады.

Бұл жерде кері жағынан қараса болады: біз тәжірибеміздің арқасында климаттың өзгеруіне қарсы шаралар жергілікті дамуға қалай ықпал ететінін көрдік. Табиғатты қорғауға негізделген шешімдер биоалуантүрлілікке қатысты маңызды міндеттемелерді сақтай отырып, жергілікті экономикалық дамуды қолдаудың қозғаушы күші бола алады. Біздің жұмысымызда осы күш-жігердің Шығыс және Оңтүстік Қазақстанда экотуризмді дамыту жобалары сияқты қоғамдастықтар үшін айтарлықтай әрі бағалы экономикалық активтерге айнала алатын көптеген мысалдарды көрдік. Жақын арада тұрақты қаржыландыру тетігінің мысалы ретінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың айналасында тұратын қоғамдастықтар үшін «Эко-Даму» микронесие беру бағдарламаларының 2‑ші кезеңі басталады.

Осындай бастамалар кешенді шешімдерді қамтамасыз ететін жақсы жоспарлар болған жағдайда мүмкін болады. Елдің он үш облысында осындай төмен көміртекті қала құрылысының жоспарлары көптеген пайда әкелді. Мысалы, Шығыс Қазақстанда мұндай жоспарлар 247000 гектар алқаптағы жайылымдық жерлерді қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Бізде басқа да жақсы мүмкіндіктер бар және біз әріптестерімізбен осы салада жұмыс істеуге дайынбыз.

Айтқым келіп тұрған екінші мәселе жаңа қаржыландыру құралдарының көмегімен жәрдемдесуге болатын жеке меншік секторының алдындағы жаңа мүмкіндіктерге қатысты. Бұл қаржыландыруды жеделдетуге, кеңейтуге және биоалуантүрлілік пен энергетика салаларына стратегиялық түрде тиімділікті арттыру үшін де, жаңартылатын энергия көздерін дамыту үшін де инвестициялауға болады. Біздің энергетикалық тиімділікті арттыру мақсаттарында субсидия бөлу түріндегі төмен көміртекті жобаларға арналған жаңа қаржылық механизм нысанында DAMU қорымен атқарған жұмысымыз бұған ең көрнекі мысал бола алады. Бұл жұмысқа 100-ден астам іскерлік жоба тартылып, олардың 37-сі 4,7 млрд теңге мөлшерінде қаржыландыру алды. Бұл субсидиялардың 1 теңгесі энергетика саласында қызмет көрсету жобалары шеңберінде «жасыл» жұмыс орындарын құра отырып, шамамен 10 теңге мөлшерінде жеке меншік инвестицияларды жұмылдыратынын көрсетті. Жаңартылатын энергия көздері саласында да осыған ұқсас мысалдар бар.

Бізде жасыл экономикаға жаңа инвестициялар тарту бойынша жеке меншік секторымен жемісті әріптестіктердің басқа да мысалдары бар. Ең жақындағыларының арасында «Bitfury» блокчейн компаниясымен көміртегі шығарындыларын қысқартуды есепке алу механизмі арқылы орман өсіруді қолдауға бағытталған әріптестігіміз бен жақында «ENI» компаниясымен бірге басталған Түркістандағы бір мектепте жаңартылатын энергия шешімдерін қолдау жобасын атауға болады.

Ойымдағы үшінші мәселе – елдегі «жасыл» мүмкіндіктерді ынталандыру жолымен тұрақты даму қағидаттарын орта және ұзақ мерзімді даму стратегияларына интеграциялау қажеттігі. Қазақстан мемлекеттік секторды реформалау процесін жүргізіп жатқан кезде экономикалық дамуға біртұтас көзқарас қажет – бұл қалаларға да, ауылдық жерлерге де қатысты. Саяси шаралардың кешені дұрыс болса, «жасыл» экономика өндіріс салаларын қамтитын мақсатты зерттеулер мен әзірлемелер арқылы ынталандырыла алатын инновацияларға үлкен мүмкіндіктер ашады. Бұл, сонымен қатар, білімге негізделген «жасыл» технологияларға өтуді қолдау үшін қажетті адами капиталды жетілдіру үшін білім мен өнеркәсіп арасындағы алшақтықты жою мақсатында жаңа дағдыларды үйретуге инвестициялауды білдіреді.

Қазақстан 8 жыл бұрын экономиканы құрылымдық қайта құруды бастау үшін «жасыл» экономика тұжырымдамасын қабылдап, осы күні төмен көміртекті даму стратегиясын әзірлеуде – 2060 жылға қарай көміртектік бейтарап экономикаға қол жеткізудің өршіл мақсаты жарияланды. Бұл – үлкен бейілділіктің көрсеткіші, және ол өте маңызды. Алайда, өткен тарихта инвестиция жеткіліксіздігінің саясат пен орындау арасындағы сәйкессіздіктерге алып келетініне де куәгер болдық. Сондықтан, жоғарыда айтылғандай, «жасыл» инвестициялар дұрыс жұмыс істеуі үшін мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктерді жүзеге асырып, барынша ынталандыруды қолдау үшін қаржыландырудың біртұтас стратегиясы ауадай қажет.

Көптеген басқа жемісті ынтымақтастық мысалдарына сүйене отырып, жақын арада БҰҰДБ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірге «жасыл» облигациялар, факторинг пен басқа да тетіктер сияқты осындай келешегі мол инновациялық қаржыландыру құралдарын қолдау үшін «жасыл қаржыландыру акселераторын» іске қоспақ.

Әрине, климаттық дағдарыстың жаһандық сипаты халықаралық ынтымақтастықты қажет етеді. Қазақстан Париж келісімі, Апаттар қаупін азайту жөніндегі Сендай негіздемелік бағдарламасы мен 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Күн тәртібі сияқты халықаралық келісімдерде көрініс тапқан осындай жаһандық сын-қатерлерге қарсы күрес жолындағы халықаралық ынтымақтастықта өзінің бағалы әріптес екенін үнемі көрсетіп келеді. Алдағы ТК-ның 26-шы сессиясы да климаттың өзгеруіне қарсы күрес жолында батыл іс-қимыл жасауға бел буып, ұмтылып отырғанымызды көрсетудің тағы бір мүмкіндігі.

Жаһандық ұйым ретінде БҰҰДБ өзінің Климаттық уәдесіне сәйкес климаттың өзгеруіне қарсы күресті қарқындату үшін Қазақстанды қоса алғанда 100-ден астам елге тікелей қолдау көрсетіп отыр. Елдегі аса маңызды жұмыстардың ауқымын кеңейту саласындағы барлық нақты мысалдар мен мүмкіндіктерді, сондай-ақ жұмысымыздың жаһандық ауқымы мен халықаралық ынтымақтастыққа деген ортақ бейілділігімізді ескере отырып, БҰҰДБ Қазақстан Үкіметі мен барлық басқа әріптестермен тұрақты дамуды қолдау мақсаттарындағы жемісті ынтымақтастықты жалғастырудан танбайды.

Ол үшін біз болашақта бұрынғыдан да жақсы өмір құру үшін және ешкімді артта қалдырмай, барлық ТДМ-ға жету үшін күшімізді біріктіруіміз қажет. Мен мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпорындардың басшыларын, сондай-ақ сарапшылар мен экологиялық қауымдастық өкілдерінің басын қосып отырған Конгрестің осы мақсатқа қызмет етіп отырғанын көріп отырмын. Дүниежүзілік қоршаған орта күні қарсаңында өткізіліп отырған ECOJER халықаралық конгресінің осындай пікір алмасу мен диалогтың жыл сайынғы алаңына айналады деп шын жүректен үміт білдіремін.

Біздің тұрақты болашақты қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерді қолдайтынымызға сенімді бола аласыз. Ынтымақтастық үшін алғысымызды білдіремін.