Қазақстан Үкіметі мен БҰҰДБ БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы шеңберінде Сегізінші ұлттық хабарды таныстырды

2023 ж. 26 April
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Бүгін БҰҰ Даму Бағдарламасы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігімен әріптестікте БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы бойынша Қазақстан Республикасының Сегізінші ұлттық хабары мен Бесінші екі жылдық баяндамасын таныстырды.

Notre Dame-Global Adaptation Index (ND-GAIN) индексінің бағалауына сәйкес 2019 жылы Қазақстан климаттың өзгеруіне бейімделу тиімділігі бойынша 177 елдің ішінен 40-шы орынды иеленді. Сонымен бірге 2021 жылы жалпы ұлттық парниктік газдардың шығарындылары «ЖЖӨОШ» жерді пайдалану, жерді пайдаланудың өзгеруі мен орман шаруашылығы секторын ескере отырып, 340837,32 тонна СО2 (338123,36 тонна СО2 есептемегенде) құрады және базалық 1990 жылға қарағанда тиісінше 10,35% және 12,56%-ға төмендеді. 

Климаттың өзгеруінің алдын алу мақсатында Қазақстан орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша міндеттемелер қабылдап, Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясын (БҰҰ КӨНК) және Париж келісімін ратификациялады. 2023 жылы 2060 жылға қарай Көміртек бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы, сондай-ақ 2030 жылға дейін Ұлттық деңгейде айқындалатын жаңартылған салым (ҰДАС) қабылданды. 

Сегізінші ұлттық хабар және Бесінші Екі жылдық баяндама – бұл климаттың өзгеруі және оның экономиканың климатқа тәуелді секторларына әсері, халықаралық қолжетімді нұсқаулыққа сәйкес елдегі парниктік газдар шығарындыларын бейімдеу және азайту үшін ұсынылған саясат пен шаралар туралы барлық ақпарат жиналған және жүйеленген құжат. Сондай-ақ, құжатта экономиканың негізгі секторларында негізінен 2017 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде саясаттар мен шаралардың іске асырылуын талдау, модельдеу құралдарын пайдалана отырып, секторларды дамытудың 2035 жылға дейінгі болжамды сценарийлері ұсынылған. Құжаттың толық нұсқасымен БҰҰ КӨНК сайтында танысуға болады.

«Сегізінші ұлттық хабарды дайындау бойынша аяқталатын жоба климаттық ақпаратты жинауға жәрдемдесу, елдің сараптамалық әлеуетін қолдау және оның климаттық келіссөздерге қатысуы үшін маңызды қадам болды. Сонымен бірге экономиканың негізгі климатқа тәуелді секторларын талдаудан басқа, ағымдағы шығарылымда туризмді дамыту секторы бойынша деректер және климаттың өзгеру процестеріндегі гендерлік аспектінің рөлі қосылды», -
деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ Энергетика және қоршаған орта  департаментінің басшысы Кумар Кылычев.

Құжатты Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаментінің, «Жасыл даму» АҚ, «Қазгидромет» РМК, «Астана» ғылыми орталығының, Nazarbayev University, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің сарапшылары, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар дайындады. 

«Ұлттық деңгейде айқындалатын салымдар (ҰДАС) бойынша жұмыс жүргізілді, ол 2030 жылға қарай шығарындыларды 1990 жылғы деңгейден 15% - ға және қосымша халықаралық қолдаумен 25%-ға қысқартуды көздейді. Жаңартылған ұлттық деңгейде айқындалған салымдар парниктік газдар шығарындыларын азайту мақсатында климаттың өзгеруіне бейімделудің өте маңызды мәселелерін қамтиды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі шеңберінде біз климаттың өзгеруіне бейімделу процесін ең осал төрт секторда – су ресурстары, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы және апаттар қаупін азайту секторларында іске асыруға кірістік», -
деді конференция барысында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Досбол Бекмағамбетов.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы (БҰҰ КӨНК) 1994 жылғы 21 наурызда күшіне енгенін айта кетейік. Бүгінде ол өзінің қамтуы бойынша іс жүзінде әмбебап халықаралық-құқықтық құрал болып табылады. Оны ратификациялаған 197 ел, оның ішінде Қазақстан да Конвенция Тараптары деп аталады. БҰҰ КӨНК-нің негізгі мақсаты – Жердің климаттық жүйесіне қауіпті антропогендік әсердің алдын алу.