Мүмкіндіктердің жасыл көкжиегі: Қазақстан фермерлері баламалы энергия көздеріне қалай ауысуда

2023 ж. 11 May
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Бұл әңгіме Шығыс Қазақстанның әдемі жерлерінде, өркениет игілігінен жырақта орналасқан шағын сүт фермасының жасыл энергетиканың озық мүмкіндіктерін табысты қолданудың үлгісіне айналғаны туралы болмақ.

Шипалы шөптерге бай жайқалған шалғындар, биік шыршалы ормандар мен саф таза су көзі болып табылатын бұлақтар – Поспеловтар отбасының шаруашылығы Шығыс Қазақстандағы Батыс Алтай қорығы маңында осындай таңғажайып әсем табиғатта орналасқан. Олар мұнда 50 сиыр ұстап, ырғақты шаруашылық өмір сүреді. Шаруашылыққа екі қызметкер мен кіші ұлы көмектеседі. Сүтті жақын маңдағы ірі кәсіпорынға өткізеді.

Поспеловтар өздерінің жеке ірімшік зауытын ашуды көптен армандаған. 

«Табиғат осы өңірде экологиялық таза өнім өндіруге барлық мүмкіндіктерді береді. Алайда шаруашылықта сумен, электр жарығымен қамту проблемалары болған, оның үстіне біздің ферма жету оңай емес шалғай жерде орналасқан», –
дейді қожалық иесі Татьяна Поспелова.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Осы себепті ерлі-зайыптылар 2022 жылдың қыркүйегінде басталған климаттық тұрғыдан оңтайландырылған агротехнологияларды енгізу жобасына қатысуға шешім қабылдады. Бұл бастама ауыл шаруашылығы секторының шағын және орта кәсіпорындарының (ШОК) климаттың өзгеруіне тұрақтылығын арттыруға, төмен көміртекті өндіріске жәрдемдесуге және қоршаған ортаға жүктемені азайта отырып, өнімділікті арттыруға арналған климаттық тұрғыдан оңтайландырылған агротехнологияларды енгізуге бағытталған. 

Поспеловтар отбасының фермасы елдің басқа тоғыз ауылшаруашылық кәсіпорнымен бірге іріктеуден өтіп, олардың аумағына күн электр станциясы, гелиожүйе мен энергия тұтынуды бақылау жүйесі орнатылды. Қазір ферма жарықпен, ыстық және суық сумен үздіксіз жабдықталады.

«Бұл жабдықтың бізге орнатылатынына мен тіпті сене алмадым. Бірақ, расында, былай қарайтын болсақ, біздің электр қуатын алатын жеріміз жоқ, сондықтан күн панельдері біз үшін ең дұрыс шешім болды: енді біз пешті де сирегірек жағып, генераторды да сирегірек пайдаланамыз», –
дейді Татьяна.

Жобаға қатысқаннан кейін Поспеловтар отбасында шаруашылықты кеңейту туралы ауқымды жоспарлар пайда болды. Бұған, әсіресе, Татьянаның басқа фермерлермен бірге Германиядағы баламалы энергия технологиялары бұрыннан қолданатын және ресурстарды үнемді пайдаланатын озық ауылшаруашылық фермаларына баруы ықпал етті.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ
«Мен көңнен, тіпті тамақ қалдықтарынан биоотын өндіретінін өз көзіммен көргенде біздің фермада да қосымша табыс табуға болатынын түсіндім. Әрине, ол үшін тиісті құрал-жабдықтар да, дайын өнімді сату да қажет. Қалай болғанда да осы сапардан кейін мақсаттарымның көкжиегі мен агробизнеске деген көзқарасым кеңейе түсті», –
деп қатысушы өз ойымен бөлісті.

Сапарға қатысушылар пеллет (престелген ауылшаруашылық өндіріс қалдықтары мен ағаш қалдықтарынан жасалатын қатты отынның цилиндр тәріздес түйіршіктелген түрі), биогаз қондырғыларын шығаратын зауыттарға, сондай-ақ сүт фермасы мен бүгінде толығымен «таза» күн энергиясымен жұмыс істейтін ауылға барып көрді. Қатысушылар сондай-ақ «жасыл» технологиялар мен одан әрі өңдеу үшін биошикізатты қолданатын шаруашылықтардың экономикалық тиімділігі мен тұрақтылығына көз жеткізуге мүмкіндік алды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ
«Іске асырылмайтын ештеңе жоқ екенін түсіндім. Қанша жыл бойы мен сүтті ірі кәсіпорындарға өткізіп келдім, ал енді өз фермамда толық циклді өндіріс құрып, сүт өнімдерін өз бетімше өндіруге деген ұмтылыс пайда болды. Алда әлі жасалатын жұмыс көп, бірақ алған білімім мен қайсарлығымның арқасында менің отбасым барлық ойларын жүзеге асырып, болашақта басқа фермерлермен тәжірибе бөлісе алатынына сенімдімін», –
деп атап өтті Татьяна Поспелова.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Айта кетсек, «Климаттық тұрғыдан оңтайландырылған агротехнологияларды енгізу» жобасын Қазақстандағы БҰҰДБ осы мақсаттарға 974 408 АҚШ долларын бөлген Жапония Үкіметінің қолдауымен жүзеге асырған болатын. Жоба «Қазгидрометтің» қолданыстағы бақылау жүйесін цифрлық форматта да, жаңа заманауи жабдықтарды орнату арқылы да жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар, бір жыл ішінде жоба аясында ауыл шаруашылығы өндірісінде цифрлық мониторингілеуді қолдана отырып жаңартылатын энергия көздерін пайдалану шешімдерін пилоттық енгізу арқылы Қазақстан өңірлеріндегі фермерлерге қолдау көрсету ұйымдастырылды. Он фермерлік шаруашылық аумақтарында «жасыл» технологиялар орнатылды.