БҰҰДБ Қазақстан фермерлерін қолдауға арналған екі қаржылық құралды іске қосады
2025 ж. 6 November
Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) және «Ұлттық азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ фермерлерді қолдауға арналған инновациялық қаржылық құралдарды енгізу, орнықты ауыл шаруашылығын дамыту және агроазық-түлік тізбектерін жетілдіру бойынша әріптестікті нығайту туралы келісімге қол қойды.
Әріптестіктің негізгі бағыттарының бірі – экологиялық таза егіншілікке көшкен фермерлерді қолдау үшін агроэкологиялық ынталандырулар мен қаржылық құралдарды енгізу. Бұған бұршақ дақылдары мен көпжылдық шөптерді өсіру, орнықты агротехнологияларды қолдану, ауыспалы егісті сақтау және егіс алқаптарын әртараптандыру кіреді.
«Мемлекеттік институттар мен халықаралық серіктестердің күшін біріктіре отырып, біз Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай нығайта аламыз және фермерлерді экологиялық әрі қаржылық тұрғыдан орнықты егіншілікке көшуге қолдай аламыз»,
– деп атап өтті Катаржина Вавьерниа, Қазақстандағы БҰҰДБ-ның Тұрақты өкілі.
Алғашқы пилоттық жобалар Солтүстік Қазақстанның үш өңірінде жүзеге асырылады, онда фермерлік шаруашылықтар екі жаңа қаржылық құралды сынақтан өткізуге ерікті түрде қатысады.
Бірінші қаржылық құрал – бұршақ дақылдарын (асбұршақ, ноқат, бұршақ, фасоль) ұзақ мерзімді форвардтық сатып алу. Бұл арқылы фермерлер үш жылдық келісімшартқа отырып, өнімді өткізуге кепілдік алады. Шарттардың бірі – ғылыми негізделген ауыспалы егісті сақтау және экологиялық әдістерді қолдану. БҰҰДБ сарапшыларының айтуынша, бұл механизм нарық тұрақтылығын табиғатты қорғау мақсаттарымен біріктіреді және агросекторды әртараптандыруға, дара дақыл егісіне тәуелділікті азайтуға, топырақ ресурстарына қысымды төмендетуге негіз болады.
Екінші құрал – көпжылдық шөптерді өсіруге арналған тауарлық несие. Фермерлер болашақ өнімге тұқым алады және несиені өндірілген өнімнің бір бөлігімен қайтарады. Бұл модель мал азығын өндіруді дамытуға, деградацияланған жерлерді қалпына келтіруге және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Болашақта бұл мал шаруашылығын қолдау үшін резервтік қор құруға және агрожүйелердің климаттық күйзелістер мен төтенше жағдайларға төзімділігін арттыруға жол ашады.
Әрбір пилоттық жоба қатысушысына ғылыми ұйымдар сүйемелдеу көрсетеді, олар ауыл шаруашылығы жерлерін басқарудың дербес жоспарын және мониторинг пен бағалау жоспарын әзірлеуге көмектеседі. Бұл жүйе қаржылық тұрақтылықты ғана емес, сондай-ақ экологиялық әсерді – топырақ құрылымын жақсартудан бастап СО2 шығарындыларын азайтуға дейін – объективті бағалауды қамтамасыз етеді.
Пилоттық жобамен қатар, халықаралық нарықтарға шығу мақсатында басым дақылдардың (бұршақ және мал азығы) экспорттық әлеуетін бағалау бойынша аналитикалық жұмыс жүргізілуде. Бұл болашақта «жасыл» өндірістік-өткізу тізбектерін қалыптастыруға мүмкіндік береді, онда орнықтылық сапаның жаңа стандартына айналады.
Екі механизмнің жиынтығы жасыл агро қаржыландырудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған, мұнда экономикалық ынталандырулар экологиялық нәтижелермен тікелей байланысты. Бұл нәтижелер құнарлылықты қалпына келтіру, деградацияны азайту, шығарындыларды қысқарту, фермерлік шаруашылықтардың орнықтылығын арттыру және жергілікті қосылған құн тізбектерін дамытуды қамтиды.
«БҰҰДБ-мен бірлескен жұмыс ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау құралдарын кеңейтуге ғана емес, сондай-ақ өнімді қаржыландыру мен өткізуге жаңа тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді. Бұл серіктестік Қазақстанның аграрлық секторында орнықты шешімдерді ауқымды түрде енгізуге берік негіз қалайды»,
– деп атап өтті Асылхан Джувашев, «Ұлттық азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы.
Ұзақ мерзімді форвард механизмі бойынша шамамен 9.000 гектар алқапта ауыл шаруашылығы өндірушілерімен тоғыз келісімшарт, ал көпжылдық шөптерге арналған тауарлық несие құралы бойынша шамамен 2.000 гектарға он келісімшарт жасасу жоспарлануда.
Инновациялық агроэкологиялық қаржылық құралдарды енгізу Солтүстік Қазақстан ландшафтының экожүйелерін сақтау және орнықты ауыл шаруашылығы өндірісін ілгерілетуге бағытталған жоба аясында мүмкін болды (FOLUR). Жобаны Қазақстандағы БҰҰДБ Ауыл шаруашылығы министрлігімен серіктестікте және Жаһандық экологиялық қордың қаржылық қолдауымен жүзеге асырады.