Қазақстандағы орнықты даму бюджеті: ағымдағы жағдай және перспективалар

2023 ж. 20 December

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу үшін бюджетті қалай тиімді жоспарлау керек – бүгін Астанада Қазақстандағы БҰҰДБ қолдауымен осы тақырыптағы семинар өтті. Іс-шара БҰҰДБ-ның Еуропалық Одақ қаржыландыратын Орталық Азия үшін ОДМ платформасын құру жөніндегі өңірлік жобасы шеңберінде ұйымдастырылды. Орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі Парламенттік комиссия мүшелері мен сарапшылар семинарда бас қосып, бюджетті үлестіру барысында елдің орнықты дамуына әсер ететін гендерлік, экономикалық, экологиялық және басқа да аспектілерді ескеру маңызын талқылады.

«Біз елдің ОДМ-ға жету жолында жүйелі түрде ілгерілеп келе жатқанын көріп отырмыз. Парламенттік комиссияның құрылуымен институционалдық ОДМ архитектурасы аяқталған көрініске ие болып, өз әлеуетін арттырды. Үкіметтің ОДМ-ны іске асыру жөніндегі функциялары Парламент тарапынан жүйелі қадағалау шараларымен нығайтылды. Бюджетті қалыптастыру, нормашығармашылық және өңірлік даму процестеріне орнықты даму қағидаттарын интеграциялау және есепке алу елге күшті серпіліс беріп, 2030 жылға дейін қойылған мақсаттарға жеткізуі мүмкін», –
деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа өзінің құттықтау сөзінде.

Кездесу барысында қатысушылар қаражатты бөлу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі ашықтық мәселелерін көтеріп, мысал ретінде бюджетті тиімді бақылайтын және орнықты дамуға ықпал ететін Бразилия федералды Сенаты тәжірибесін келтірді. Тағы бір мысал – Еуропалық Парламенттің экологиялық және әлеуметтік аспектілерді ескере отырып, бюджеттік баптарға егжей-тегжейлі талдау жасап, теңдестірілген шешімдер қабылдауды қамтамасыз ететін комитеттері. ОДМ сектораралық сипатқа ие болғандықтан, осындай парламенттік комитеттер бюджетті мониторингілеу және бақылау процестері аясында шешуші рөл атқарады.

Сессияда БҰҰДБ штаб-пәтері Орнықты қаржыландыру жөніндегі Хабының мемлекет қаржысын басқару және ОДМ бюджеттеуі жөніндегі аға маманы Номан Иштиак сөз сөйледі. Иштиак мырза ОДМ-ны қаржыландырудың негізгі проблемасы мемлекеттік сектордың шығындары ОДМ-ға қол жеткізудегі прогреске әрдайым ықпал ете бермейтіні екенін атап өтті. Қаржыландыру не жеткіліксіз (жаһандық қаржыландыру тапшылығы 4 трлн долларды құрайды), не тиімсіз болуы мүмкін. Табыс теңсіздігі және аумақтық теңсіздік сияқты әділетсіздік факторлары, сондай-ақ қазба отыны субсидиялары, мақсатты емес субсидиялар, биоәртүрлілікке зиян келтіретін инвестициялар сияқты ОДМ-ға қатысы жоқ шығындар мен инвестициялар да маңызды рөл атқарады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Сонымен қатар Номан Иштиак БҰҰДБ-ның ОДМ бюджеттеуі жөніндегі тұжырымдамасын ұсынып, ОДМ мен Парламент бақылауын ескере отырып, стратегиялық бюджеттеудің бес құралы туралы айтты: ұлттық/салалық жоспарлар, орта мерзімді бюджет шеңберлері, қаржыландырудың интеграцияланған ұлттық шеңберлері, нәтижеге бағытталған бюджеттеу және шығыстарды шолу.

Мемлекеттік саясат және басқару саласындағы халықаралық сарапшы Онорика Банчу бюджеттеу процесіне гендерлік аспектілерді енгізудің маңыздылығы туралы баяндама жасап, тәсілдің экономикалық пайдасын атап өтті. Банчу ханым гендерлік теңдік қағидаттарын Конституциясы аясында бекіткен шет елдердің тәжірибесімен бөлісіп, олардың Австрия, Мексика, Испания, Исландия, Корея және Нидерланд сияқты елдердің бюджеттік заңдарының ажырамас бөлігі екеніне тоқталды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Сондай-ақ сессия барысында қатысушылар назарына БҰҰДБ-ның ОДМ платформасын құру жөніндегі жобасының негізгі нәтижелерінің бірі — Орталық Азиялық ОДМ панелі ұсынылды. Бұл цифрлық құрал жергілікті саясатты, қаржыландыруды және осыған байланысты тенденцияларды талдап, өңірдегі ОДМ дамуын бақылауға көмектеседі. Сонымен қатар Панель прогресстің қалай жүріп жатқанын көруге және ОДМ-ның әртүрлі аспектілерін тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді. Жүйе әртүрлі көздерден алынған деректерді салыстырып, ақпараттағы трендтер мен кемшіліктерді анықтап, қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан шаралардың Орталық Азияда ОДМ-ға қол жеткізуге қаншалықты ықпал ететінін бағалайды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Кездесуге қатысушылар атап өткендей, тиімді бақылау сапалы басқарудың негізі болып қана қоймай, сонымен қатар ұлттық бюджеттердің орнықты дамуға қол жеткізуге бағытталған халықаралық күш-жігерге елеулі үлес қосуын қамтамасыз етеді. Бұл кедейлікпен күресу, климаттың өзгеруіне қарсы тұру және әлеуметтік теңсіздікті азайту сияқты маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндіктер ашады.