Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі м.а. Сухроб Ходжиматовтың Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Үйлестіру кеңесінің 7-ші отырысында сөйлеген сөзі

2024 ж. 5 January

Премьер-Министр мырза, 

Үкімет мүшелері,

Ханымдар мен мырзалар, 

Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Үйлестіру кеңесінің жетінші отырысына қатысу мен үшін зор мәртебе. 

Өткен жыл бірнеше маңызды оқиғамен ерекшеленді. 

Біріншіден, 2023 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ штаб-пәтерінде өткен ОДМ бойынша Саммитке қатысты. Президент жаһандық климат, азық-түлік және энергетика дағдарыстары елдердің орнықты дамуына елеулі қауіп төндіретініне нұсқады. Саммит қорытындысы бойынша елдердің Орнықты даму мақсаттарына 2030 жылға қарай жетуден әлі де алыс екендігі атап өтілді. Бұрынғы траекторияға оралу шұғыл шара қолдануды, өршіл саясатты, сондай-ақ ел басшылықтарының қатысуын талап етеді. 

Екіншіден, Қазақстан Үкіметімен бірлесіп, қайта іске қосылған Астана Халықаралық форумы аясында ОДМ бойынша жоғары деңгейдегі сессия ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Қазақстандағы ОДМ-ға жету мәселелері тақылданып, осы бағыттағы күш-жігерді жеделдету бойынша құнды ұсыныстар айтылды. 

Былтыр біз екі бағыт бойынша белсенді жұмыс атқардық — ОДМ-ны жергіліктендіру жұмысын қолға алып, Парламент Сенатына орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі Парламенттік комиссия құруға жәрдемдестік. 

ОДМ-ны жергіліктендіру шеңберінде БҰҰДБ Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, жергілікті атқарушы органдармен үш пилоттық өңірде — Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Қызылорда облысында жүйелі жұмыс жүргізді. 

Жергіліктендіру барысында екі міндет қойылды. 

Біріншіден, әкімдік қызметкерлерінің орнықты даму саласындағы әлеуетін арттыру және жаңа дағдыларды үйрету. Екіншіден, ОДМ-ны жергілікті Даму бағдарламаларына интеграциялау бойынша әмбебап әдіснама әзірлеу

Биыл ОДМ-ны жергіліктендіру бойынша жұмыс жобалау кезеңіне көшуі тиіс. Бұл жұмыстың нәтижесі мен табыстылығы өңірлердің болашағы мен орнықты түрде даму әлеуетін анықтамақ. Өңірлерде жүргізілген талдау және диагностикалау жұмыстары нәтижесінде облыстардың Даму жоспарларында 17 ОДМ-ның 8-і аз қамтылғаны анықталды. 

Көңілден шыға қоймайтын нәтиже — 30 пайыздан төмен. 

Сонымен қатар бұл ОДМ-дар аймақтардың әлеуметтік және экологиялық әл-ауқатына жауап береді. Кедейлікті азайту, гендерлік теңсіздік, тиімді тұтыну және өндіріс, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, су және құрлық экожүйелері, заң үстемдігі сияқты бағыттар мұқият қарастыруды қажет етеді. 

Мысалы, Жетісу және Абай облыстарының Даму бағдарламаларына 8 ОДМ бойынша интеграцияланған бірде-бір өзекті ұлттық индикатор жоқ (ОДМ 1, ОДМ 5, ОДМ 7, ОДМ 8, ОДМ 9, ОДМ 13, ОДМ 14, ОДМ 17). Мәселен, ОДМ-ның өзекті ұлттық индикаторларымен қамту Жетісуда тек 9,1% (87-ден 8 индикатор), ал Абай облысында 11,5% (87-ден 10 индикатор) құрайды.

Ұлытауда ОДМ-ның өзекті ұлттық индикаторларымен қамту деңгейі сәл жоғарырақ — 14,9% (87-ден 13 индикатор). Дегенмен, бірқатар стратегиялық көрсеткіштер бойынша нақты шаралар қарастырылмағандықтан, оларға жету екіталай болып көрінеді. Мәселен, шаралармен қамтылмаған ОДМ үлесі 32,3% құрайды. Қызылорда облысының Даму жоспарында да осыған ұқсас көрініс байқалады. 

Облыстық Даму бағдарламаларының ОДМ-мен толық үйлесуіне кедергі келтіретін факторлардың ішінен мыналарды айқындауға болады:

  • облыстық Даму бағдарламалары индикаторларының негізгі бөлігі ОДМ орталық деңгейде бекітілген базалық индикаторлар тізбесі негізінде қалыптасады және ұлттық индикаторларды қамтымайды;

  • ОДМ ұлттық индикаторларының басым бөлігін тек республикалық деңгейде ғана қолдануға болады;

  • жергілікті деңгейде интеграциялау үшін қолданылатын ОДМ индикаторларының тізбесі әлі анықталған жоқ;

  • жергілікті атқарушы органдар жеке индикаторлар бойынша деректерді жинауға жауапты емес және ағымдағы жағдайға мониторинг жүргізбейді.

Парламенттік комиссия отырыстарының бірінде ОДМ ұлттық индикаторларының тізбесін қайта қарау жөнінде ұсыныс айтылған еді. Қазіргі таңда тек басым және мониторинг жасауға арналған индикаторлардың жалпы саны 205-ке жетеді. Мысалы, Дания, Финляндия, Франция, Германия сияқты ЭЫДҰ елдерінде ұлттық индикаторлардың жалпы саны 100-ден аспайды. Бұл ОДМ-ға жету жолында жүйелі және сапалы жұмыс атқаруға мүмкіндік береді. Көптеген индикаторларға мониторинг жүргізуге жететін ресурстар мен әлеует дамыған елдердің өздерінде де жоқ

ОДМ ұлттық индикаторларын мониторингілеу жүйесін жетілдіру мақсатында БҰҰДБ мына шараларды қолдануды ұсынады:

  • Біріншіден, әр ОДМ үшін бірнеше (2-3) негізгі индикатор таңдап, солардың көмегімен сәйкес ОДМ бойынша прогресті қадағалау.

  • Екіншіден, осы индикаторларды мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бірінші деңгейдегі құжаттарына — жаңа Қазақстан-2050 стратегиясына және Қазақстанның алдағы 5 жылға арналған Стратегиялық Даму жоспарына енгізу. Бұл ретте индикаторлар осы құжаттардың басым бағыттарымен келісілуі тиіс.

  • Үшіншіден, қалған индикаторларды орталық және жергілікті атқарушы органдарға үлестіріп, олардың Ұлттық жобалар мен Стратегиялық жоспарларға, сондай-ақ жергілікті Даму бағдарламаларына енгізілуін қамтамасыз ету. 

Осылайша, тиімді, сапалы әрі нәтижеге бағытталған мониторинг жүйесін құруға болады. Қалған индикаторлар жергілікті сипатқа ие болып, инклюзивтілікті қамтамасыз етуге және жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кезде ОДМ-ның негізгі ұлттық индикаторлары кешенді болады. Мұндай құрылым екінші және үшінші деңгейдегі индикаторлар негізгі индикаторлар мен ОДМ-ға қол жеткізу үшін жұмыс істейтін жүйенің құрылуын қамтамасыз етеді. 

ОДМ-ға жетудің маңызды аспектілерінің бірі өңірлерді дамытуға жұмсалатын қаржының жеткіліктілігі мен уақтылығы екенін атап өткен жөн. ОДМ-ны тиімді жергіліктендіруді қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті деңгейлер арасындағы қаржылық және бюджеттік операцияларды оңтайландыру қажет. Биыл БҰҰДБ Бірыңғай бюджеттік сыныптаманы жетілдіру арқылы бюджеттік процестердің тиімділігін арттыру мақсатында Қаржы министрлігіне техникалық қолдау көрсетуді бастамақ. Мұның бәрі өңірлердің қажеттіліктеріне қаржы ресурстарын неғұрлым тиімді үйлестіруге және ОДМ-ға жергілікті деңгейде жетуге пайдасын тигізеді. 

Премьер-Министр мырза, ағымдағы ОДМ-ны жергіліктендіру бойынша жұмыс Еуропалық Одақтың өңірлік «Орталық Азия елдері үшін ОДМ платформасын құру» жобасы шеңберінде жүргізілуде. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстандағы ЕО өкілдігіне осы елеулі үлесі үшін алғыс айтуға, сондай-ақ ортақ әріптестік пен қолдаудың одан әрі жалғасатынына үміт білдіргім келеді. 

Көріп отырғаныңыздай, ел өңірлеріндегі ОДМ-ны жергіліктендіру бойынша жұмыс белсенді кезеңге өтіп жатыр. Осыған байланысты халықаралық ұйымдар тарапынан тартылатын ресурстармен қатар, мемлекеттік ресурстарды да тарту қажет

Біз Парламенттік комиссияның құрылуын құптаймыз. ОДМ институционалдық архитектурасы аяқталған көрініске ие болды және өз әлеуетін арттырды. Үкіметтің орнықты даму саласындағы ауқымды жұмысы енді Парламент тарапынан қажетті шаралар мен қолдаумен нығайтылады. Бюджетті қалыптастыру, норма шығару және өңірлік даму процестеріне орнықты даму қағидаттарын интеграциялау және есепке алу елге қалған 6 жылда сапалы серпіліс беріп, 2030 жылға қойған мақсаттарына жеткізеді.

Премьер-Министр мырза,

Өңірлік даму ОДМ-ға жету жолында шешуші рөл атқарады. Бұл ретте өңірлер қаржылық және адами ресурстардың тапшылығы, дамуды орнықтылық қағидаттарын ескере отырып жоспарлаудың күрделілігі, халықпен үйлестіру және коммуникация құру бойынша тиісті жұмыс жүргізілмеуі сияқты күрделі мәселелерге тап болады.

Көріп отырғаныңыздай, ОДМ-ны жергіліктендіру осы жүйелік мәселелерді толық шешуге бағытталған. БҰҰДБ Үкіметке қайта құрылған өңірлерді дамытуға барынша жәрдемдесуге және қолдау көрсетуге дайын екенін айтады. ОДМ-ны осы өңірлерге сәтті жергіліктендіру бұл тәжірибені еліміздің қалған өңірлерінде де қолдануға мүмкіндік береді және елді 2030 жылға қарай ОДМ-ға жетуге айтарлықтай жақындатады. 

Назарларыңыз үшін рақмет!