Дәнді бұршақ дақылдары: шағын дақылдар – үлкен әлеует

2026 ж. 10 February
Close-up of five vertical seed panels: flax, green lentils, brown lentils, sesame, white beans.

Жасымық пен климатқа орнықты бейімделудің арасында қандай байланыс бар?

Жауабы бірден байқалмауы мүмкін. Алайда дәнді бұршақ дақылдары біздің қалай тамақтанатынымызға ғана емес, топырақты қалай сақтайтынымызға және климаттың өзгеруіне қалай бейімделетінімізге де тікелей ықпал етеді.

10 ақпанда – Дүниежүзілік дәнді бұршақ дақылдары күні – бұл дақылдардың маңызына тағы бір мәрте назар аударылады. Олар адам тағамы мен мал азығының көзі болумен қатар, топырақты қалпына келтіру мен климаттық тәуекелдерді азайтудың тиімді құралына айналып отыр.

Дәнді бұршақ дақылдары – құрғақ тұқымы үшін өсірілетін бұршақ тұқымдас өсімдіктер. Олар адам үшін құнарлы азық ретінде, ал мал шаруашылығы үшін жоғары өнімді жем-шөп шикізаты ретінде пайдаланылады. Дегенмен олардың маңызы тағамдық құндылығымен ғана шектелмейді.

Топырақ, климат және азық-түлік жүйесі үшін кешенді пайда

Дәнді бұршақ дақылдарының басты ерекшеліктерінің бірі – олардың атмосфералық азотты топырақтағы бактериялармен симбиоз арқылы байланыстыра алу қабілеті. Бұл азотты өсімдіктер сіңіре алатын түрге айналдырады. Соның нәтижесінде фермерлер минералды тыңайтқышты аз қолданады, өндіріс шығындары төмендейді және атмосфераға түсетін зиянды шығарындылар азаяды.

Бұған қоса, дәнді бұршақ дақылдары:

  • суды үнемді пайдаланады – ақуыздың көптеген басқа көздерімен салыстырғанда 10 есеге дейін аз су қажет етеді;

  • топырақты органикалық заттармен байытып, оның тірі қабаты – микробиомының дамуына ықпал етеді;

  • тамыр жүйесі мен органикалық заттардың есебінен топырақтың құрылымын жақсартып, ылғалды сақтау қабілетін арттырады;

  • ауыспалы егісте зиянкестер мен аурулардың қайталануын азайтып, агрожүйенің орнықтылығын күшейтеді;

  • бұршақ пен жасымық сияқты дақылдар суды топырақтың таяз қабаттарынан алып, келесі жылғы егін үшін ылғалдың көбірек сақталуына мүмкіндік береді.

Осы қасиеттердің барлығы дәнді бұршақ дақылдарын орнықты азық-түлік өндірісінің маңызды элементіне айналдырады. Олар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тамақтану сапасын жақсартуға және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізуге үлес қосады.

Ауыспалы егіс пен жаңа қолдау құралдары Солтүстік Қазақстандағы орнықты ауыл шаруашылығын қалай күшейтеді

Солтүстік Қазақстан елдің ауыл шаруашылығында шешуші орын алады. Елдегі жыртылатын жердің 65 пайыздан астамы осы өңірдің үш облысында – Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан. Бұл аймақтарда егіншіліктің негізін дәнді дақылдар, ең алдымен бидай құрайды.

2024 жылғы деректерге сәйкес, аталған үш облыстың жалпы егіс алқабы шамамен 15 млн гектарды құрады. Оның ішінде бидай 10,2 млн гектарға жуық, яғни барлық жыртылатын жердің үштен екісінен астамын алып отыр.

Кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш одан да жоғары. Мәселен, Ақмола облысында дәнді дақылдардың үлесі барлық егіс алқабының 85 пайызына жуықтайды. Мұндай шоғырлану агрожүйелердің климаттық күйзелістер мен тәуекелдерге осалдығын арттырады.

Егіс алқаптарында бір ғана бидайдың басым болуы топырақтың тозуына, тыңайтқыштарға тәуелділіктің өсуіне және климаттық тәуекелдердің күшеюіне алып келеді.

Солтүстік Қазақстан аумағында дәнді бұршақ дақылдары әлі де жыртылатын жердің салыстырмалы түрде аз бөлігін алып жатыр. Соңғы 10 жылда олардың үлесі 4-6 пайыздан аспаған. Алайда егіс құрылымына жасалған талдау маңызды бір ерекшелікті көрсетеді: Солтүстік Қазақстан облысы бүгінде ел бойынша дәнді бұршақ дақылдары егісінің көшбасшысы болып отыр:

  • бұршақ – шамамен 76.000 гектар,

  • жасымық – шамамен 168.000 гектар.

Салыстыру үшін айтқанда, солтүстік өңірлердің басқа облыстарында бұл дақылдардың егіс көлемі бірнеше есе аз. Сонымен бірге, солтүстік аймақтар үшін дәнді бұршақ дақылдары тек егіншілік пен топырақ мәселесімен шектелмейді, олар жем-шөп қауіпсіздігімен де тығыз байланысты.

Бұл өңірде:

  • елдегі құс басының шамамен 33 пайызы,

  • ірі қара мал мен жылқының елеулі бөлігі шоғырланған.

Сонымен қатар, жем-шөппен қамтамасыз етуге жүргізілген талдау жүйенің осал тұстарын көрсетеді. Бірқатар өңірде жылдың басындағы жем-шөп қоры малдың қажеттілігін 70-120 күнге ғана жабады. Бұл дәнді бұршақ дақылдарының және жалпы бұршақ тұқымдастардың орнықты жем-шөп базасын қалыптастырудағы және мал шаруашылығындағы тәуекелдерді азайтудың маңызын арттыра түседі.

FOLUR жобасы: орнықтылыққа бағытталған кешенді шешімдер

Осы сын-қатерлерге жауап ретінде FOLUR (Food Systems, Land Use and Restoration) жобасы БҰҰДБ мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің серіктестігі аясында іске асырылып, жерді экологиялық тұрғыдан жауапты пайдалану мен агрожүйелердің орнықтылығын арттыруға бағытталған кешенді тәжірибелер мен инновациялық қолдау тетіктерін енгізіп келеді.

Жоба шеңберінде қолдаудың жаңа құралдары сыналуда. Солардың бірі – дәнді бұршақ дақылдарын, ең алдымен жасымықты, ұзақ мерзімді форвардтық сатып алу тетігі. Бұл тетік фермерлердің ауыспалы егісті сақтау жөніндегі өзара міндеттемелерімен қатар жүзеге асырылады.

Мұндай тәсіл:

  • фермерлерге егіс науқаны басталмай тұрып-ақ өнімін өткізуге кепілдік береді;

  • баға мен нарықтағы тұрақсыздыққа байланысты тәуекелдерді төмендетеді;

  • дәнді бұршақ дақылдарын егіс құрылымына жүйелі түрде енгізуді ынталандырады;

  • табысты сақтай отырып, топырақтың жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Нәтижесінде дәнді бұршақ дақылдары тәжірибе ретінде емес, орнықты ауыл шаруашылығының ажырамас бөлігіне айналады.

Дүниежүзілік дәнді бұршақ дақылдары күні мына басты қорытындыны атап өткен жөн:
елдің ауыл шаруашылығы саласы үшін дәнді бұршақ дақылдары – тар шеңбердегі дақыл емес, орнықты егіншіліктің стратегиялық элементі.

Солтүстік Қазақстан – ауыл шаруашылығы кең ауқымды аумақтарда жүргізілетін өңір. Сондықтан ауыспалы егіс құрылымындағы тіпті шағын өзгерістің өзі өңірлік деңгейде елеулі нәтиже береді: топырақтың саулығы, өнімнің орнықтылығы және шаруашылықтардың экономикалық тиімділігі тұрғысынан.