БҰҰДБ мен Жапония Орталық Азияда жер сілкіністері туралы хабардарлықты арттыру үшін күш біріктірді
2025 ж. 21 December
Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жоғары Мәртебелі Ясумаса Ииджима мырза мен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.
БҰҰДБ және Жапония үкіметі «Бүкіл Орталық Азия аймағында апаттар қаупін азайту жүйесін нығайту» атты жаңа аймақтық жобаны іске қосты. «Орталық Азия плюс Жапония» диалогы аясында жүзеге асырылатын жаңа жоба екі жыл ішінде ұлттық және аймақтық деңгейде апаттарға төзімділікті нығайтуға бағытталған. Бұл ретте жоба төтенше жағдайлар қаупін азайту және оларға ден қою жөніндегі өңірлік үйлестіру орталығы болып табылатын Алматы қаласында орналасқан Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығымен (ТЖТҚАО) тығыз ынтымақтастықта Қазақстандағы, Қырғыз Республикасындағы, Тәжікстандағы, Түрікменстандағы және Өзбекстандағы жер сілкіністері туралы хабардарлықты арттыруға ерекше көңіл бөлетін болады.
Жапония Премьер-Министрі мен Орталық Азияның бес елінің президенттері қатысқан «Орталық Азия плюс Жапония» саммиті алдында Қазақстан елордасы Астана қаласында Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жоғары Мәртебелі Ясумаса Ииджима мырзаның және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа ханымның қатысуымен келісімге қол қою рәсімі өтті.
Қол қою рәсімінде Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жоғары Мәртебелі Ясумаса Ииджима мырза табиғи апаттардың қауіп-қатерлері туралы хабардар болудың және оларға дайындықтың маңыздылығын атап өтті:
«Жапония ондаған жылдар бойы алынған сабақтарды ескере отырып, муниципалитеттермен және жергілікті қауымдастықтармен бірге жұмыс істеу арқылы апаттарға төзімділік саласында мол тәжірибе жинақтады. Сол себепті Орталық Азия елдерінің апаттарға деген төзімділігін нығайтуға қолдау көрсету біз үшін үлкен мәртебе».
Орталық Азия бұрыннан бері табиғи апаттарға душар болып келеді, соның салдарынан орташа жылдық шығын 10 млрд АҚШ долл. құрайды, ал зардап шегетіндер саны 3 миллионнан асады. Аймақтық қауіп-қатер профилі күрделі әрі климаттың өзгеруінің, қоршаған ортаның құлдырауының және ластанудың барған сайын артып келе жатқан ықпалымен қалыптасады. Осыған байланысты жер сілкінісі Орталық Азияда, әсіресе халқы тығыз орналасқан қалалық жерлерде, басым қауіп факторы болып табылады.
«Біз табиғи апаттарға деген төзімділікті қамтамасыз ету мақсатында мониторинг және ерте ескерту жүйелерін дамытуды басымдық деп білеміз. Бұл мәселені шешу үшін өңірлік ынтымақтастық аясында күш-жігерді біріктіріп, цифрлық шешімдерді пайдалану өте маңызды. Мен бұл жобаның іске қосылуы өңіріміз бен қауымдастықтарымыздың қауіпсіздігі мен орнықтылығын нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенімдімін», —деді Батырбек Әбдішев, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі.
Сол қауіп-қатерлермен күресу үшін жаңа аймақтық жоба Аймақтық төтенше жағдайларға ден қоюды үйлестіру механизмі арқылы аймақтық үйлестіруді күшейтуге бағытталған, соның арқасында ірі ауқымды трансшекаралық табиғи апаттар кезінде дайындыққа, ден қоюға және қалпына келтіруге тиімдірек тәсілді қолдануды қамтамасыз етеді. Жобаның басым мақсаттары жер сілкінісі қауіптері туралы хабардарлықты арттыру, олардың салдарын жұмсартуға дайындыққа септесу, сондай-ақ Жапония мен басқа елдердің практикалық тәжірибесіне негізделген инновациялық жер сілкінісін қадағалау және ескерту жүйелерін енгізу болады.
«Жер сілкінісі — Орталық Азия аумағындағы мемлекеттік шекараларды мойындаматын әрі ең қауіпті табиғи апаттардың бірі. Жаңа жоба ауқымды трансшекаралық апаттарға дайындықты күшейту, жедел әрекет ету және салдарын қалпына келтіруді жақсарту үшін қолданыстағы ынтымақтастық тетіктері мен трансформациялық стратегияларды тиімді пайдалануға бағытталады. Жоба ұлттық дамуға үлес қосып, Сендай бағдарламасы мен Париж келісімі сияқты жаһандық бағдарламалармен үйлеседі», —деп атап өтті Катаржина Вавьерниа, Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі.
БҰҰДБ Орталық Азияда апаттар қаупіне төзімділікті адамдарға бағдарланған, гендерлік аспектілерді ескеретін, мүгедектерді қамтитын және қауіп-қатерлерді талдауға негізделген тәсіл арқылы арттыруды мақсат етеді.
«Қалардың төзімділігі орнықты дамудың өзегінде жатыр. Жапония Үкіметі арамыздағы кеңейіп келе жатқан әріптестік Орталық Азия бойынша қауымдастықтарды қорғауға, жер сілкіністеріне дайындықты күшейтуге және қалалардың орнықты дамуын ілгерілетуге бағытталған өңірлік күн тәртібін алға жылжытуға ықпал етеді. Шекарааралық деңгейде үйлестірілген әрекет аса маңызды, ал БҰҰ Даму бағдарламасының өңірлік қатысуы серіктестерді біріктіру, біліммен бөлісу және шешімдердің жергілікті жағдайға негізделіп, өңірлік деңгейде үйлесімді болуын қамтамасыз ету арқылы қосымша құндылық әкеледі», —деп Стелиана Недера, Ыстамбұлдағы БҰҰДБ Аймақтық орталығының басшысы атап өтіп, аймақтық үйлестіру қажеттілігіне ерекше тоқталды.
Жаңа аймақтық жоба ТЖТҚАО халықаралық ұйымымен тығыз үйлестіру және серіктестік аясында жүзеге асырылады. Жоба ТЖТҚАО-ға трансшекаралық апаттарға ден қою және қалпына келтіру үшін өңірлік жедел әрекет етуін үйлестіру тетігін құруда қолдау көрсетеді.
«ТЖТҚАО тұрақты үкіметаралық орган — халықаралық ұйым ретінде осы өңірлік жобаны іске асыруда негізгі серіктес болуға дайын екенін атап өтеді», —деді Джергалбек Укашев, ТЖТҚАО директоры.
2024 жылы БҰҰДБ және Жапония үкіметі «Орталық Азиядағы қалалардың апат қаупі мен климат өзгеруіне төзімділігін нығайту» аймақтық жобасын қолға алды. Оның мақсаты — аймақтағы қалаларға апаттар қаупін азайту және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелерін қала құрылысы мен дамуы саласына кіріктіруге көмектесу. 2025 жылы жоба әзірлеу сатысынан Орталық Азияның бес елінің барлығында іске асыру сатысына өтті. Бес пилоттық қала – Петропавл (Қазақстан), Ош (Қырғыз Республикасы), Душанбе (Тәжікстан), Ашхабад (Түрікменстан) және Наманган (Өзбекстан) әкімшілігінің Душанбе қаласында өткен Қалалар орнықтылығы жөніндегі аймақтық диалог барысында Қалалар орнықтылығы жөніндегі өңірлік коалиция құру туралы бірлескен декларацияға қол қою маңызды меже болды. «Бүкіл Орталық Азия аймағында апаттар қаупін азайту жүйесін нығайту» атты жаңа аймақтық жоба аймақтық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, климаттық және табиғи апаттарға төзімділікті арттыруға бағытталған.
Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жоғары Мәртебелі Ясумаса Ииджима мырза, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі Батырбек Әбдішев, Жапонияның Қазақстандағы Елшілігі, Қазақстандағы БҰҰДБ және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері.