Дүниежүзілік қоршаған орта күніне орай Түркістанда "4 тонна құм" арт-инсталляциясы ұсынылды

2021 ж. 2 June

 

2 маусым, 2021 ж., Түркістан – Дүниежүзілік қоршаған орта күні қарсаңында Түркістанда "4 тонна құм" арт-нысаны таныстырылды. Іс-шара халықтың сексеуілді ормандардың жерді тозудан және шөлейттенуден қорғаудағы рөлі туралы хабардарлығын арттыру мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен және жергілікті атқарушы билік органдарымен бірлесіп жүргізетін жыл сайынғы "Сексеуілді сақтайық" ұлттық науқанының бір бөлігі болып табылады.

Ашылу салтанатына Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Данияр Сейітов, Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Бекжан Қалымбетов және БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш қатысты.

Ормандар Қазақстан аумағының 4,9%-ын ғана алып жатыр, олардың жартысына жуығы сексеуілге тиесілі. Елдегі қолданыстағы заңнамалық мораторийге қарамастан, шамадан тыс кесілуіне және жергілікті халықтың тамақ дайындау және үйлерді жылыту үшін отын ретінде пайдалануына, орман өрттеріне, сондай-ақ климаттың өзгеруі жағдайында туындайтын аурулар мен зиянкестерге байланысты қазақ шөлдерінің символына жойылу қаупі төніп тұр.

Қазақстан сексеуіл өсетін ауданы бойынша әлемде бірінші орынды алады – шамамен 6,7 млн га. Бұл біздің республикамыздың экожүйелерін сақтауда маңызды рөл атқарады және көптеген жабайы аңдар мен өсімдіктердің мекендейтін орны болып табылады. Сексеуіл ормандарын жоғалту қайтымсыз салдарға алып келеді, олардың ең бастысы - шөлейттену. Сексеуілді заңсыз кесуден қорғап қана қоймай, оны сақтаудың маңыздылығы туралы халықты хабардар ету қажет", - деді ашылу салтанатында Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Бекжан Қалымбетов.

 

 

"4 тонна құм" арт-инсталляциясы жақын маңдағы шөлден әкелінген құммен жартылай жабылған үй болып табылады. "Көмілген үй" сексеуілді кесу салдарынан ауылдарға жақындап келе жатқан құмды көрсетеді. Арт-нысан үшін 4 тонна құмды пайдалану символдық сипатқа ие, өйткені күшті тамырлары бар бір сексеуіл ағашы құмның дәл осындай мөлшерін ұстап, жерді тұзды батпақтар мен шөлге айналудан сақтай алады.

Бұл іс-шара планетаны қорғау бойынша жаһандық күш-жігерді жандандыру үшін күнтізбенің ең маңызды күні болып табылатын Дүниежүзілік қоршаған орта күні қарсаңында өткізіледі. Осы жылы Дүниежүзілік қоршаған орта күні әр континентте және әр мұхитта экожүйелердің тозуын болдырмау, тоқтату және қалпына келтіру мақсатында БҰҰ-ның экожүйелерді қалпына келтірудің 2021-2030 жылдарға арналған онжылдығының ресми басталуын бірге өтеді.

"Тұрақты даму мақсаттарын басшылыққа ала отырып, БҰҰДБ Қазақстан Үкіметінің Қазақстанның биоалуантүрлілігін қорғау, сақтау және қалпына келтірудегі ұзақ мерзімді серіктесі болып табылады. Бүгін, Дүниежүзілік қоршаған орта күні қарсаңында, біз осы инсталляцияны Қазақстан азаматтарының тұрақты болашағы үшін табиғатпен қарым-қатынасымызды қалпына келтіру үшін күш-жігерімізді біріктіру қажет екенін еске салу ретінде ұсынамыз", - деді БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш.