Жапония мен БҰҰДБ Су секторын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесінің жетекшілігімен Қазақстанның су тасқынына дайындығын күшейту бойынша жаңа бастама көтерді
2025 ж. 7 March
Жапония үкіметі мен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстанда су тасқындарына төзімділікті арттыру және бөгеттер қауіпсіздігін нығайту үшін құны 2 миллион АҚШ долларын құрайтын жаңа бірлескен бастаманы бастау туралы келісімге қол қойды. Жаңа жоба Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігімен (СРИМ) серіктестікте БҰҰДБ тең төрағалығымен Су секторын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесінің қолдауымен жүзеге асырылатын болады.
Бұл бастама су инфрақұрылымын, әсіресе бөгеттерді, ұлттық су тасқынын басқару жоспарына енгізуді мақсат етеді. Ол үшін бөгеттердегі су тасқыны мен қауіпсіздікті басқару тұжырымдамасы әзірленіп, осы жаңа тұжырымдама негізінде көпфункционалды бағалау жүргізіледі, бұл максимум екі бөгетті қамтиды. Сондай-ақ, бір бөгетте ерте ескерту жүйесін, автоматтандыруды қоса алғанда, мониторинг пен қадағалау жүйесін енгізу жоспарланған. Бастама бөгеттердің тұтастығы, мониторингі, қадағалауы және су қоймаларын пайдалану процестерін ұлттық су ақпараттық жүйесіне біріктіріп, болашақта оны ел көлемінде кеңейту мүмкіндігін қарастырады.
Жобаның негізгі құрамдас бөлігі – бөгеттерді мониторингілеу жүйесін жаңғырту. Бұл жүйе су тасқынын ерте ескерту және оған дайындық жүйелерімен интеграцияланады. Сандық технологияларды қолданудың маңыздылығын атап көрсете отырып, жоба берік ерте ескерту жүйесін құруға және цифрлық деректерді енгізу мен алдыңғы қатарлы аппараттық және бағдарламалық құралдар арқылы автоматтандыру есебінен су тасқынына дайындықты арттыруға бағытталған.
Сандық технологиялар осы бастаманың негізгі элементі болып табылады. Олар бөгеттерді мониторингілеу, пайдалану және қадағалау процестерінде маңызды рөл атқарып, жұмыс тиімділігін арттыруға және бөгеттердің қауіпсіздігін күшейтуге ықпал етеді.
«Климат қауіптері күн санап артып бара жатқанда шұғыл әрекет ету басты басымдық болып табылады. Қазақстанның су инфрақұрылымы елдің су тасқынына төзімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады, бірақ көптеген бөгеттердің жобасы бүгінгі климаттық сын-қатерлерді ескермейді. Бұл бастама біздің Ұлттық су ресурстары жөніндегі іс-қимылдар жоспарымызға сәйкес келеді және бөгеттер қауіпсіздігі мен су тасқындарына дайындыққа қатысты ең өзекті мәселелерді шешетін болады»,деді Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
БҰҰ бағалауы бойынша 2030 жылға қарай әлемде жылына 560-қа жуық апат болуы мүмкін, бұл ретте төтенше ауа райы құбылыстарының шамамен 75 пайызы климаттың өзгеруімен байланысты болады. Осындай құбылыстардан, соның ішінде су тасқындарынан, құрғақшылықтан және аптап ыстықтан миллиондаған адамдар зардап шегеді, Қазақстан да қалыс қалмайтыны анық. Былтыр бұрын-соңды болмаған су тасқындары болды. Жердің қатып қалуы, температураның кенеттен көтерілуі, жауын-шашын, қар жамылғысының айтарлықтай қалыңдығы Қазақстанның солтүстігі мен батысында су деңгейінің шектен тыс жоғарылауына әкелді. Көптеген өзендерде тарихта болмаған жоғары су деңгейі байқалды, ал су тасқынына қарсы нысандар төтенше су тасқыны көлеміне төтеп бере алмады. Тасқын үлкен аумақтарды, соның ішінде елді мекендер мен ауылшаруашылық аймақтарын басып кетті.
Қазақстанның төтенше ауа райы құбылыстарына барған сайын көбірек ұшырай бастағанын ескере отырып, су инфрақұрылымының қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету ұлттық басымдыққа айналды. Қазақстанда 400-ден астам су қоймасы бар, ал бөгеттер жер үсті су ресурстарының 83 пайызын дерлік басқарады. Көптеген бөгеттер су тасқыны салдарын азайту, сумен жабдықтау, кейбір жағдайларда су энергетикасы сияқты бірнеше функцияны орындайды, сондықтан өзара бәсекелес қажеттіліктерді теңестіру үшін су ресурстарын басқарудың күрделі стратегиялары қажет.
“Бұл жоба Қазақстанның апаттардың алдын алу және тәуекелдерді азайту мүмкіндіктерін нығайтып, төтенше жағдайларға төзімділікті арттыруға және түптеп келгенде, орнықты экономикалық дамуға ықпал етеді”, –деді Ясумаcа Ииджима, Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.
Алайда сол бөгеттердің көпшілігі 50 жылдан астам уақыт бұрын климаттың өзгеру қаупін ескермеген Кеңес Одағының жобалау стандарттары бойынша салынған. Қазақстандағы 1502 гидротехникалық нысанның 537-сі шұғыл жаңғыртуды қажет етеді, ал 304-і заманауи ескерту жүйесінің жоқтығынан халықтың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Осы қауіп-қатерлерді ескере отырып, БҰҰДБ Қазақстан Үкіметіне жаһандық су тасқынын ескерту желілерімен интеграцияланатын ұлттық су тасқынын болжау және модельдеу жүйесін әзірлеуде қолдау көрсетті.
Қол қою рәсімінде БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа бұл бастаманың елдің климаттық міндеттемелеріне сай келетінін атап өтті:
«Су тасқындары – Қазақстанға төнетін ең жойқын климаттық қатерлердің бірі, олар мыңдаған адамға және экономикалық орнықтылыққа әсер етеді. Су тасқыны қаупін азайту үшін инфрақұрылымды жетілдіру және дайындық шараларын күшейту – апат тәуекелдерін төмендету мен су секторындағы басымдықтарды қолдаудың тікелей жолы. БҰҰДБ өз тәжірибесімен бөлісіп, цифрлық шешімдер мен инновацияларды пайдалана отырып, ұлттық әріптестеріне орнықты су ресурстарын басқару тәжірибесін дамытуда қолдау көрсететінін мақтан тұтады.»
Бастама сонымен қатар БҰҰДБ-ның климаттың өзгеруіне бейімделуді өңірлік даму стратегияларына кіріктіру бойынша жүргізіп жатқан жұмысын толықтырып, бүкіл елде орнықтылықты арттырудың біртұтас және кешенді тәсілін қамтамасыз етеді.