БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьернианың «GLOBAL WATER» су технологиялары мен ресурстары жөніндегі бірінші халықаралық форумда сөйлеген сөзі
2024 ж. 22 February
Құрметті серіктестер, қатысушылар, ханымдар мен мырзалар,
Мен үшін Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы атынан су ресурстарын басқару мәселесіне арналған осы маңызды сессияда сөз сөйлеу үлкен мәртебе.
Бүгінгі таңда климаттың өзгеруінің 80%-дан астам зардаптары сумен байланысты. Қайталанбас тасқындар мен ұзаққа созылатын құрғақшылықтан бастап, мұздықтардың үдемелі еруі мен теңіз деңгейінің біртіндеп көтерілуіне дейінгі құбылыстар біздің ғаламдық экожүйелеріміздің тұтастығын бұзып отыр. Су – бұл біздің планетамыздың өмір өзегі және табиғат пен адамзат арасындағы тепе-теңдік туралы кез келген пікірталастың, сондай-ақ климаттың өзгеруімен күрестің ажырамас бөлігі.
Алайда, су ресурстарын тиімсіз басқару біздің дамуымызды баяулатып қана қоймай, Жер бетіндегі өмірді де қауіпке ұшыратуда. Әлем халқының жартысы – 4 миллиард адам – жылына кемінде бір ай бойы судың жетіспеушілігінен зардап шегеді, ал жарты миллиард адам үнемі шөлге ұшырайды. Шок тудыратын статистика: 4,2 миллиард адам санитарлық жағдайсыз өмір сүреді, 2,2 миллиард адам таза ауыз суға қол жеткізе алмайды, ал 2030 жылға қарай 700 миллион адам су тапшылығына байланысты көшуге мәжбүр болады. Бұған қоса, 1,2 миллиард адам су тапшылығы ауыл шаруашылығы өнімдерін қамтамасыз етуге қауіп төндіретін аймақтарда өмір сүреді.
Бұл үрейлі деректер біздің құнды су ресурстарымызды тиімсіз басқарудың салдары, ол әлемдік су айналымының нәзік тепе-теңдігін бұзуда. Экстремалды ауа райы құбылыстарының көбеюіне байланысты су ресурстары азайып, тұрақсыз әрі ластанған күйге айналуда.
Орталық Азияда ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп қажеттіліктерінің артуы су тапшылығы қаупін арттырып, өңірлік тұрақтылық пен орнықты даму үшін қатер төндіруде. Қазіргі таңда қолжетімді судың 90%-дан астамы ауыл шаруашылығына бөлінген. Сондықтан, трансшекаралық су ынтымақтастығын нығайту – мемлекеттер арасындағы бейбіт серіктестікті ілгерілетудің, ортақ су ресурстарын әділ және орнықты басқаруды қамтамасыз етудің маңызды жолы.
Су тапшылығымен күресу үшін су ресурстарын тиімсіз пайдалану, ластану және жеткіліксіз инфрақұрылым сияқты іргелі мәселелерді шешу қажет. Осы мәселелерді тиімді еңсеру үшін заманауи технологияларға, инфрақұрылымды жаңартуға және әлеуетті арттыруға инвестиция салу өте маңызды.
Халықаралық ынтымақтастық пен білім алмасу су ресурстарын басқару мәселелерін шешудегі баға жетпес құрал болып табылады. Жаһандық серіктестермен жұмыс істеу арқылы Қазақстан тәжірибені, ресурстарды және озық әдістерді пайдаланып, су ресурстарын басқаруды жетілдіре алады.
Бүгінгі таңда Қазақстан су қауіпсіздігі мен орнықтылыққа ұмтылу жолында маңызды кезеңде тұр. Мемлекеттік саясатқа басымдық беру, су ресурстарын сақтау әдістерін енгізу, іргелі мәселелерді шешу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту арқылы біз барлығымыз үшін орнықты болашаққа жол аша аламыз. БҰҰДБ адал серіктес ретінде Қазақстанның осы маңызды бастамадағы барлық күш-жігерін табанды түрде қолдайды.
Рақмет.