Нұр-Сұлтан қаласында «Green Life Better» – жыл сайынғы ECOJЕR халықаралық конгресі өтті

2022 ж. 2 June
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Іс-шараны «ECOJER» қауымдастығы, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы (TURKPA), Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы және «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының қолдауымен ұйымдастырды.

Конгрестің басты тақырыбы – су ресурстарын сақтау. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов қатысушыларға жолдаған хатында атап өткендей, Қазақстан аумағының тек 2,8% ғана сумен қамтылған, ал 2/3-і қуаң аймақтарға жатады. Су ресурстарының 40% - дан астамы көрші мемлекеттерден келеді. «Біз жергілікті проблемаларды шешу үшін өз әлеуетімізді күшейтуіміз керек: яғни су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, су ресурстары сапасының өзгеруіне мониторинг жүргізу және жедел ден қою, тиімді су саясатын қалыптастыру», - делінген Қазақстан Премьер-Министрінің хатында.

Сарапшылардың болжамы бойынша, жиырма жылдан кейін елде су тұтыну 56 пайызға өседі, ал су тапшылығы жылына жиырма текше кубокилометрге жетуі мүмкін.

«Әлбетте, біз ден қою шараларымен қамтамасыз етуден қалыс қалып барамыз. Жаңа Су кодексін суды ұтымды пайдалануға ғана бағыттауға болмайды. Ол су ресурстарын мүмкіндігінше қорғауды қамтамасыз етуі керек. Қазақстандағы су мәселесіндегі проблемаларды елемеу өз-өзіне қол сұғумен тең. Біз өзіміздің әрекетсіздігімізбен ұрпағымызды күнкөріске итермелейміз»
ECOJER» Қауымдастығы Кеңесінің Төрайымы, Парламент Мәжілісінің депутаты Лаззат Рамазанова

Көп жылдар бойы Қазақстан Үкіметінің су ресурстарын тұрақты басқару саласындағы негізгі серіктесі БҰҰДБ болып келеді. «Бүгінде климаттың өзгеруінің көптеген салдары су ресурстары арқылы сезіледі. Климаттың өзгеруі, қол жетімді судың мөлшері мен сапасы өзгерген сайын су ресурстарына бәсекелестікті күшейте отырып, суға жаһандық сұранысты арттыратыны анық. Бүгін біз табиғатқа қысым жасамай болашақты жоспарлай отырып, экологиялық шешімдерге инвестиция салу арқылы даму стратегиямызды қайта қарауымыз керек. БҰҰДБ ретінде біз Қазақстанның «жасыл» күн тәртібі саласындағы қадамдарын жоғары бағалаймыз және адамдар мен ғаламшар үшін Тұрақты дамуға бағытталған ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайынбыз», - деді БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты Өкілі Якуп Бериш.

Конгресте кәсіпорындарда зиянды шығарындыларды азайту үшін жаңа технологияларды енгізу мәселесі талқыланды. Қатысушылар мемлекеттің елеулі қолдауынсыз декарбонизация процесі ондаған жылдарға созылуы мүмкін деп санайды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ
«Компаниялар ең озық қолжетімді техникаларды енгізуді неғұрлым кейінге қалдырса, қоршаған ортаны қалпына келтіру процесі соғұрлым қиын болады. Сонымен бірге, экологиялық реформалар экономикалық реформалардан бөлек жүре алмайды. «Ластаушы төлейді» қағидатының терең әлеуметтік аспектісі бар, өйткені таза технологияларға көшу миллиардтаған инвестицияларды қажет етеді, бұл өз кезегінде өнімнің өзіндік құнына және тарифтерге әсер етеді. Мемлекет энергияға тиімді көшу үшін экономикалық ынталандырудың пәрменді шараларын әзірлеуі қажет»
«ECOJER» қауымдастығының бас директоры Рүстем Қабжанов

Бизнес өкілдері өткен жылы әзірленген «жасыл таксономия» жеңілдікпен несиелер беру үшін компаниялардың экологиялылық критерийлерін белгілеуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Алайда, әзірге бұл құралдар іс жүзінде қолданылмайды, сондықтан жағдайды өзгерту қажет.

Сонымен бірге, бүкіл әлемдегі климаттық өзгерістердің салдары гендерлік теңсіздіктің артуына әкеледі. Осыған байланысты Конгрестің жеке сессиясы Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы (TURKPA) өкілдерінің қатысуымен өтті, онда ұйымға мүше елдерде экологияландыру бойынша енгізіліп жатқан шаралар талқыланды. Сондай - ақ конгресс аясында Қазақстанның ірі компанияларының «Closing the Gender Gap» -Дүниежүзілік экономикалық форумның акселераторына қосылуының салтанатты рәсімі өтті. Оның мақсаты-гендерлік алшақтықты азайту үшін мемлекет пен бизнестің күш-жігерін біріктіру.

 

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Конгресс аясында барлығы сегіз панельдік және бір пленарлық сессия өтті. Олар экономиканы декарбонизациялау, индустриялық трансформация, кәсіпорындарда ESG принциптерін енгізу, тұрақты қаржыландыру құралдары және басқа мәселелерге арналды.

Конгресс қорытындысы бойынша ҚР Президенті Әкімшілігіне ұсыныстар мен ұсынымдар топтамасы әзірленетін болады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ