БҰҰДБ мен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Солтүстік Қазақстанда қызыл жасымықты ұзақ мерзімді форвардтық сатып алу тетігін іске қосты

2025 ж. 24 December
Rural scene with green fields, trees, hills, wind turbines, blue sky; central speech bubble with Kazakh text.

Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) «Ұлттық компания Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-пен бірлесіп, фермерлерді қолдау және орнықтылыққа негізделген ауыл шаруашылығы тәжірибелерін ілгерілету мақсатында қызыл жасымықты ұзақ мерзімді форвардтық сатып алу тетігін іске қосты. 

Бұл бастама БҰҰДБ-ның «Солтүстік Қазақстанда орнықты ауыл шаруашылығы өндіріс жүйесін ілгерілету және экожүйелік ландшафттарды сақтау» (FOLUR) жобасы аясында, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі және басқа ұлттық институттармен серіктестікте жүзеге асырылады. 

Жаңа тетік көктемгі егіс жұмыстарына қолдау көрсету үшін ауыл шаруашылығы өндірушілеріне алдын ала төлемдер жасауды, қызыл жасымықты сатып алу бойынша үш жылдық келісімшарттар жасасуды және 2026–2028 жылдарды қамтитын үш жылдық жоспарлау көкжиегін қарастырады. Алдын ала төлем мөлшері тоннасына 90.000 теңге болып белгіленген. Төлемдер 2026, 2027 және 2028 жылдары 1 наурыздан кешіктірілмей жүргізіледі, ал өнімді жеткізу сол жылдың қарашасына дейін жүзеге асырылуы тиіс. 

Бағдарлама Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарын қамтиды. Қатысуға ғылымға негізделген ауыспалы егіс тәжірибесін (бұршақ тұқымдастар, майлы дақылдар және дәнді дақылдар) енгізуге дайын, сондай-ақ қажетті егістік жері, ауыл шаруашылығы техникасы, тұқым өңдеу және сақтау инфрақұрылымы, білікті кадрлары бар ауыл шаруашылығы өндірушілері қабылданады. 

БҰҰДБ қолдауымен ғылыми ұйымдар әлеуетті жеткізушілерді алдын ала іріктеуге қатысады. Үш жыл ішінде қатысушы фермерлер кешенді ғылыми және кеңес беру қолдауын алады. Сарапшылар шаруашылықтарға ауыспалы егіс жоспарларын әзірлеуге көмектеседі, топырақ талдауын жүргізеді, бұршақ дақылдарының болжамды өнімділігін есептейді және агротехнологияларды сақтау мен әлеуметтік-экологиялық тәуекелдерді бағалау бойынша нұсқаулық береді. 

Бастамаға топырақ жағдайын тұрақты мониторингтеу де кіреді: қарашірік мөлшері, қышқылдығы, өнімді ылғал деңгейі және қоректік заттардың қолжетімділігі өлшенеді. Бұл уақыт өте келе өзгерістерді бақылауға және қажет болған жағдайда қолданылатын агротехнологиялық шешімдерді түзетуге мүмкіндік береді. 

Форвардтық сатып алу бағдарламасына қатысу туралы қосымша ақпаратты келесі мекенжайлар мен телефондар арқылы алуға болады: 

Көкшетау қ., Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 19, тел. (8-716-2) 55-11-51, 55-11-54, 42-25-22 (Ақмола, Қарағанды облыстарының әлеуетті өтініш берушілері үшін). 

Қостанай қ., Тәуелсіздік көшесі, 147, тел. (8-714-2) 53-11-44, 53-12-44, 54-28-20 (Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарының әлеуетті өтініш берушілері үшін). 

Петропавл қ., Партизанская к-сі, 160, тел. (8-715-2) 55-11-60, 42-22-66 (Солтүстік Қазақстан облысының әлеуетті өтініш берушілері үшін). 

БҰҰДБ өкілдері: 

жоба менеджері - Адамбек Нұржан , Тел.+7 701 794 3038 

қаржы талдаушысы - Біржан Евниев , Тел.+7 702 220 0595 

ғылыми ұйымның өкілі, БҰҰДБ консультанты - Бақыт Ирмулатов , Тел.+7 777 644 3011.