Жерді қалпына келтіруде жергілікті шешімдер: бір фермердің оқиғасы
2025 ж. 7 November
Тілеуқабыл Есембекұлы - Қарағанды облысы Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылынан фермері
Тілеуқабыл Есембекұлы - Қарағанды облысы Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылынан, фермер, Қарағанды облысы Шет ауданының шаруа қожалықтары қауымдастығының негізін қалаушы. Спорт ардагері, бүркітші, ол осы уақытқа дейін туған жер табиғатын сақтау және оған жауапкершілікпен қарау идеяларын насихаттап келеді. Ол осыдан 35 жыл бұрын зейнетке шыққаннан кейін туған өңірін қайта түлету және жергілікті тұрғындар арасында экологиялық бастамаларды дамыту мақсатында шаруа қожалықтарының басшыларын бір мақсатқа біріктірді.
Тлеукабыл Есембекұлы өз идеяларына жүзеге асыру жолында түрлі ұйымдарға жүгінген еді. Осы жылдар ішінде Қауымдастық адамдардың өмір сүру жағдайын жақсартуға, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға, өңірдің табиғи ресурстарын сақтауға және Шет ауданы жерлерінің тозуын болдырмауға себін тигізген жобаларды іске асыру үшін түрлі гранттар мен кредиттер алды. Қуаты 5 кВт болатын гибридті электр станция орнатылды, ол бүркітшілік өнерге үйрететін халықаралық мектеп-орталықты жел мен күн энергиясы есебінен электр қуатымен қамтамасыз етті. Қайрақты ауылындағы бастауыш мектепке энергия үнемдегіш ұзақ жанатын қазандық орнатылды. Сондай-ақ өңір үшін маңызды жобалардың бірі – Сақалбай өзеніндегі тоғанды қалпына келтіру болды, бұл жоба Ақсу-Аюлы ауылдық округінің жайылымдық жерлерінің өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Тілеуқабыл Есембекұлы ауыл шаруашылығынан басқа, экологиялық туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлді. Өзінің барлық бастамаларында ол экологиялық және ойын түріндегі іс-шаралар арқылы туған өлкенің сұлулығын көрсетіп, жастардың бойында табиғатқа деген сүйіспеншілікті, отаншылдық сезімді және қазақ дәстүрлеріне құрметті қалыптастыруға ұмтылып келеді.
«Біздің Ақсу-Аюлы өңіріміз табиғи ресурстарға және ерекше экожүйелерге өте бай. «Алайда соңғы кездерде біз, фермерлер, топырақ эрозиясы мен жердің тозуына, суармалы су мен мал суаратын судың жетіспеушілігіне тап болып отырмыз»,
- деп өз ойымен бөліседі Тілеуқабыл Есембекұлы.
Климаттың өзгеруі, жерді пайдалану тәсілдерінің өзгеруі, жергілікті өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне төнген экологиялық қатерлер тұзды және сортаң, топырақты өңірдің экологиялық ахуалына әсер ететін негізгі факторлар болып табылады. Мәселені шешу үшін Тілеуқабыл Есембекұлы табиғи бұлақтарды қалпына келтіру мен малға арналған азықтық жемшөптерді отырғызуды қамтитын кешенді жоба ұсынып отыр. Оның жобасы Жаһандық экологиялық қордың шағын гранттар бағдарламасында және БҰҰ Қазақстандағы Даму бағдарламасында (БҰҰДБ) қолдау тапты.
«Далалы жерлерімізде 40-тан астам табиғи бұлақ бар, олардың кейбірін енді қалпына келтіру мүмкін емес, себебі оларды мал таптап тастаған», - дейді ол. Шоқталған орманда орналасқан бұлақтардан суды тек мал ғана емес, сонымен қатар жабайы жануарлар: арқар, елік, бұлан, қабан, қасқыр, түлкі, борсық, қоян және басқа да жануарлар мен құстар ішеді. Бұлақтардың суалып қалуы шоқталған шағын орман-тоғайлардың жойылуына, ақыр соңында жердің шөлейтке айналуына әкеледі, дәл осындай жағдай XIX және XX ғасырдың басында орман алқабы жойылған кезде орын алған еді. Сондықтан осындай табиғи су көздерін сақтау үшін біз каптаж технологиясын қолдандық, яғни бұлақ көзінің айналасына бетоннан құйып, тас қоршау қойдық»,– дейді фермер.
Ақсу-Аюлы ауылы қасындағы табиғи бұлақ
Оның айтуынша, бұлақтан су жіберу үшін қоршау қабырғасына диаметрі 100 мм құбыр салу керек. Судың деңгейін көтергенде, су жерге сіңіп кетпеу үшін қабырғалары ерекше берік етіп жасалады. Нәтижесінде бір жылдың ішінде әр бұлақтан шамамен 9,460 тонна суды сақтап қалуға мүмкіндік туады, бұл шамамен 170 бас ірі қара малды суаруға жетеді.
Каптаж технологиясы бұлақтарды ғана емес, сондай-ақ ауыл аумағынан өтетін өзеншелерді де сақтап қалуға мүмкіндік береді, өйткені олар дәл осы бұлақтарың суымен толығады. Жақын маңдағы ауыл тұрғындары бұлақтың пайдалы суын алуға келеді: «Мен үнемі осы бұлақтан аламын суды, енді кәдімгі суды іше алмаймыз». Бірде мен эксперимент жасап көрмек болып, фильтр орнатушылардан судың сапасын тексеруді өтіндім, сөйтсем, бұлақ суы бөтелкедегі судан да таза болып шықты!»- дейді, бұлақтан су алуға келген Ақсу-Аюлы ауылының тұрғыны Дәулет Жакин.
Шамамен екі жыл бұрын фермерлер тағы бір проблема, яғни құрғақшылық проблемасына тап болды. Жемшөпті жеткілікті мөлшерде дайындай алмағандықтан, малдарын амалсыздан союға мәжбүр болды. Бұл мал санының азаюына әкелді. Тілеукабыл Есембекұлы бұл мәселенің шешімі ретінде малға арналған жемшөп өсіру мен оларды суар үшін су жинайтын тоғандар қазуды ұсынды:
«Жер тозған, шөп шықпайды, сондықтан оны өзіміз отырғызуымыз керек», - деді ол. Бірақ оны суару керек, ал оған жететінде су жоқ. Біз көктемгі және еріген қар суын жинап, оны егіс алқаптарын суаруға пайдалануды ұсындық».
Биыл қауымдастық фермерлері 30 гектар жоңышқа мен шамамен 200 гектар көпжылдық житняк шөбі мен біржылдық судан шөбін екті. Алғашқы жылы суаратын суды бөгеті бар Сақалбай өзенінен алу туралы шешім қабылданды. Суаратын судың жетіспеушілігіне байланысты көпжылдық шөптерді себу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, ал қыста бұл жерлерде қар тоқтату жұмысын ұйымдастыру жоспарланған.
Тілеуқабыл Есембекұлы үшін жермен жұмыс жай ғана жұмыс емес, кәсіп. Туған елінің табиғатына деген сүйіспеншілігі мен табанды бастамасы өзге фермерлерге үлгі, әрі шабыт береді. Бүгінде Қауымдастық бұлақтарды қалпына келтіруді, суды үнемдейтін технологияларды енгізуді және жастарды табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға үйретуді жалғастыруда.
«Біреу келіп жасар деп күтіп отыра алмаймыз, барлығы бір адамың бастамасынан, өз қолымызбен сақтап қалған бір бұлақтан басталады.» Бұлақ суы ағып жатса, жеріміз де тыныстап тұрады»»,- дейді Тілеуқабыл Есембекұлы.