Қазақстанның таза энергияға және климаттық орнықтылыққа жолы
2024 ж. 20 December

Түркістан облысындағы күн электростанциясы
Ауа-райының күрт өзгеруі, дала өрттері, құрғақшылық және су тасқыны сияқты ғаламшардың жылынуының шынайы қиындықтарын еңсеру үшін елдер орнықты дамуды қамтамасыз ету және өз қоғамдастықтарының өміршеңдігін нығайту үшін шешімдер іздеуде. Климаттың өзгеруі, биоәртүрліліктің жоғалуы және қоршаған ортаның ластануы секілді өзара байланысты дағдарыстармен күресу – бұл экономикалық басымдық қана емес, сонымен қатар өмір сүру қажеттілігі, сондай-ақ жаһандық және ұлттық қауіпсіздіктің маңызды элементі.
Климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық күш-жігер аясында 200-ге жуық елдің өкілдері, соның ішінде делегаттар, саясаткерлер мен экологтар БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 29-шы конференциясында жиналды. Олар парниктік газдар шығарындыларын бақылайтын және халықаралық климаттық міндеттемелерді орындау үшін жасалған әрекеттерді сипаттайтын екі жылдық есептер арқылы климаттық мақсаттарға жетудегі прогресті көрсетті. Қазақстан Тараптар конференциясының қатысушысы ретінде Париж келісімі мен жаһандық климаттық күн тәртібі шеңберінде өз міндеттемелерін тағы да бір мәрте растады.
Бірегей географиялық және экономикалық сын-қатерлерге тап болған Қазақстан жаһандық дағдарыстарды шешу үшін инновациялық тәсілдерді белсенді қолданады. Ел үшін 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және әділ энергетикалық ауысу бүкіл экономиканың ауқымды өзгеруін білдіреді. Жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) пайдалану үшін айтарлықтай әлеуетке, яғни жыл сайын желден 920 млрд кВтсағ, 3000 күн сағаты және гидроэнергиядан 62 млрд кВтсағ ие бола отырып Қазақстан көмірге тәуелділікті біртіндеп қысқартып, неғұрлым таза энергия көздеріне көшуде. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің деректері бойынша 2024 жылдың тоғыз айында жаңартылатын көздерден электр энергиясын өндіру 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға өсті, ал олардың ұлттық энергия теңгеріміндегі үлесі 6.67 пайызды құрады.
Қазақстанның қайта құру жолындағы серіктесі бола отырып, БҰҰДБ әділ энергетикалық ауысуды модельдеу және энергетика секторындағы субсидияларды бағалау арқылы маңызды құжаттарды дайындауға үлес қосты. БҰҰДБ сарапшылары заңнаманы жетілдіру үшін түзетулерді ұсынды және әзірледі, оларды 2023-2024 жылдар аралығында Қазақстан Президенті қабылдады.
Инновациялық қаржыландыру: Қазақстанда жасыл энергетиканы дамытудың арқауы
Инновациялық қаржы құралдарын енгізу арқылы жаңартылатын ресурстардың әлеуетін толық ашу үшін БҰҰДБ Қазақстанға инвестициялар тартуға көмектесті. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен бірлескен жоба шеңберінде «жасыл» облигациялардың дебюттік шығарылымы жүзеге асырылды, қаржылық қолдау бағдарламалары мен «жасыл» қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға арналған қаржылық тетіктер әзірленді және пилоттық түрде іске қосылды.
Мәселен, 2019 жылы Қазақстанда ЖЭК бойынша инновациялық тетік – дайын құжаттамасы бар аукцион немесе жобалық аукцион енгізілді. Бұл тетік инвесторларға инвестицияларды оңтайландыру және шығындарды азайту үшін жобаларды іске асыру орнының негізгі параметрлері бойынша алдын ала деректерді ұсынады. Аукционның бұл түрінің жетістігі жасыл энергетика секторына шетелдік инвестицияларды ұлғайтуға, кеңейтуге және тартуға алып келді: Еуропалық қайта құру және даму банкі 150 МВт жел электр станциясын салуға дайын құжаттамасы бар аукцион әзірледі. Азия даму банкі, керісінше, жақын арада аукционға шығарылатын гидроэлектростанцияның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесімен жұмыс істеуде. Жалпы, жаңартылатын энергетиканың нақты объектілері бойынша аукциондар қосымша 150-200 миллион АҚШ доллары көлемінде жеке инвестициялар тартты, осылайша елдегі жаңартылатын энергетиканың әлеуетін арттырды.
Қазақстандағы БҰҰДБ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ сияқты жергілікті ұйымдармен бірлесе отырып, төмен көміртекті даму жолында ілгерілету үшін, қажетті қаражат тапшылығын жою үшін аралас қаржыландырудың инновациялық тәсілін енгізді. Әртүрлі қаржы құралдарын басқара отырып, БҰҰДБ жасыл қаржыландыру нарығын өзгертуде шешуші рөл атқарды, бұл оны шағын және орта бизнес (ШОБ) үшін қолжетімді және қолайлы етті. БҰҰДБ-ның қаржылық қолдау құралдары 75 «жасыл» жобаны жүзеге асыру үшін 68 миллион АҚШ долларын жеке инвестициялауға көмектесті. Бұл жобалар олардың өмірлік циклі кезінде CO2 эквивалентіндегі парниктік газдар шығарындыларының жалпы 2.149.821 тоннасын қысқартуға және алдын алуға мүмкіндік береді деп есептеледі. Бұдан басқа, қаржылық қолдау құралдары мемлекеттік бағдарламаға енгізілді; тұтастай алғанда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры жалпы сомасы 231,5 млрд.теңгеден астам 140 «жасыл» жобаны қолдады.
БҰҰДБ қолдауын алған «жасыл» жобалардың бенефициарлары
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Мұхит Байғараев (1), Андрей Воловик (2), Махмуд Мирзаев (3), Саламат Аязбай (4), Мадина Какимжанова (5)
Қазақстанның көміртекті бейтараптыққа апаратын жолы әлі аяқталған жоқ. Ел ауқымды, сондай-ақ шағын және орта жобаларды іске асыру үшін мүмкіндіктер ашады. Бұл жобалар жасыл қаржыландыру саласындағы инновациялық шешімдермен қолдау табады және халықаралық серіктестіктер арқылы нығайтылады. Қазақстан ынтымақтастық пен нысаналы инвестициялардың елеулі прогреске қалай алып келетіндігін көрсетеді. Жаңартылатын энергия көздеріндегі әлеуетін біле отырып, ел жасыл қаржыландыруға қолжетімділікті жақсарту үшін жұмыс істеуде. Бұдан басқа, Қазақстан өз саясатына орнықтылықты арттыру жөніндегі шараларды енгізеді. Мұның бәрі адамдар мен ғаламшар үшін климаттық орнықты болашаққа арқау болады.