Қаланы жарықтандыруды жаңғырту – тұрғындар қауіпсіздігінің кепілі

2023 ж. 31 October

Атырау қаласындағы заманауи шамдар орнатылған көшелердің бірі

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Қазақстанның батысындағы Атырау қаласы Каспий теңізі мен Орал өзенінің жағасында орналасқан. Оның халқы жыл сайын өсіп келеді және инфрақұрылымды, қала қауіпсіздігін дамыту бүкіл өңірдің экономикалық дамуында және оның тұрғындарының әл-ауқатының артуында басты рөл атқарады.

Қазіргі кезде Атырауда көшені жарықтандыру жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, оның мақсаты қаланың қауіпсіздігі мен орнықты дамуын арттыру. Қалалық жарықтандыру көптеген функцияларды орындайды: ол жылулық пен жайлылықты тудырады, ландшафттың сұлулығын көрсетеді, сәулет туындыларын айшықтай түседі. Бірақ та, оның басты рөлі  қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Көшелерді жеткіліксіз жарықтандыру жолдар мен тротуарларда қауіпті арттырады. Ал сапалы жарықтандыру қала тұрғындарының өмірін жайлы етеді, қылмыс пен жол-көлік оқиғаларының деңгейін төмендетеді, қаланы тұрғындар мен туристер үшін тартымды етеді.

Атырау тұрғындары көшені жақсы жарықтандыру – олардың балаларының қауіпсіздігінің кепілі екендігіне сенімді.Тасқала ауданының тұрғыны Айнұр Жұмабаева да осындай пікірде, ол көптеген адамдар сияқты жаңғыртудың артықшылықтарын сезінді. Жарықтандыру жүйесін жаңғыртудан ауданның 4 000-ға жуық тұрғыны оның рахатын көруде.

Атырау қаласындағы М. Баймұханов атындағы көше

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ
«Жаңа жарықтандыру біздің өмірімізді едәуір жақсартты. Қыс мезгілінде таңертең қараңғы болатын. Қараңғы көшеде қызымды мектепке алып бару өте қауіпті болды, әсіресе таңертең және кешке күн батқаннан кейін иттер арпылдап үретін кездерде жүру қауіпті болатын. Енді көше шамдары мектепке дейінгі жолды жарықтандырғанда, мен қызымды қауіпсіз түрде мектепке өзін жалғыз жібере аламын», –
дейді Айнұр.

Биыл Атыраудың жаңа аудандарында 22 көшеде 460-тан астам заманауи шамдар орнатылып, 15 000 метрден астам көше жарықтандыру желілері салынды. Қазір тұрғын үйлер де, қоғамдық нысандар: мектептер, ауруханалар, сауда орталықтары, спорттық нысандар және басқалар да жақсы жарықтандырылған.

Сол аудандағы жеке тұрғын үйде тұратын Ренат Кайрошев жеке тұрғын үйлері бар аудандар үшін жаңа жарықтандыру адамдар мен үй жануарларына байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алудың маңызды қадамы екенін атап өтті.

REN21 «Қалалардағы жаңартылатын энергия көздері 2021» есебіне сәйкес, қалалар әлемдік түпкілікті энергияның төрттен үш бөлігін тұтынады және сонымен қатар жалпы әлемдік энергия тұтынудан туындайтын CO2 шығарындыларының шамамен 75 пайызына жауапты. Бұл тұрғыда көше жарығын жақсарту тек қауіпсіздік мәселелерін шешіп қана қоймай, сондай-ақ энергетикалық және экологиялық орнықтылыққа ықпал етеді. Бұл электр желілерінің сенімділігін арттырады және өңірдің экономикалық бәсекеге қабілеттілігін ынталандырады. Көше жарығы әдетте таңертеңгі сағаттар мен кешкі кезде, яғни электр энергиясына ең жоғары сұраныс кезеңдеріне қосылатындықтан, бұл электр желісіне қосымша жүктеме түсіреді. Көшедегі энергияны үнемдейтін жарықтандыруға көшу электр энергиясын өндіруге деген қажеттілікті азайтып, желінің тұрақтылығын жақсартуға ықпал етуі мүмкін. 

Атырау тәжірибесі – бұл көше жарығын жақсарта отырып, қаланың орнықтылығын арттыруға үлес қосатын қаланың айқын мысалы.

Көше жарығын жаңғырту және салу – БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы орнықты қалалар бойынша бастамасы шеңберінде энергия үнемдеу шараларын енгізу жөніндегі бастамаларының бірі. Қазақстанда осы бастаманы БҰҰДБ Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен серіктестікте және Жаһандық экологиялық қордың қаржылық қолдауымен іске асыруда. Бұл бастама аясында қалалық инфрақұрылымда көміртегі шығарындылары аз инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда шағын және орта бизнесті қолдау үшін арнайы қаржы құралдарын әзірледі. 

Жоба шеңберінде энергия үнемдеу шаралары Теміртау мен Астанадағы көппәтерлі үйлердің энергия тиімділігін арттыруды, сондай-ақ Қызылорда облысы Шиелі қаласының тоғыз мектебінде жылумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуды қамтыды.

2018-2023 жылдар аралығында Қазақстанда барлығы 45-тен астам «жасыл» жоба қаржылай қолдау алды. Іске асырылған бастамалардың нәтижелері БҰҰДБ қаржылық қолдауының әрбір теңгесі жеке сектордан шамамен алты теңге инвестиция тартатынын көрсетті. Нәтижесінде, коммуналдық қызметтердегі үнемдеу 40 пайызға дейін өсті, бұл кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерге экономикалық пайда алуға және осымен қоса экологиялық жауапкершілікке ие болуға мүмкіндік берді.