Адамдарға арналған қаланы құру – ластанумен күрес, таза энергияға көшу

2022 ж. 27 October
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Саламат Аязбай

Астанада серуендеп жүргенде бір-бірінен сәулет стилімен ерекшеленетін ғимараттарды көруге болады. Айырмашылықтар әсіресе ескі қалада – қаланы халық арасында «сол» және «оң» жағалау деп аталып кеткен екі ауданға бөлетін Есіл өзенінің оң жағалауында байқалады.

Әкімшілік тұрғыдан Астана төрт ауданға бөлінген, оның үшеуі оң жағалауда, біреуі – сол жағалауда орналасқан. Өз кезегінде аудандар шағынаудандар мен тұрғын үй кешендеріне бөлінген.

Оң жағалауда 1960 жылдары салынған әкімшілік ғимараттары мен тұрғын үйлері бар ескі қала жатыр.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Саламат Аязбай

Сол жағалауда заманауи, кейде футуристік Астана – 1998 жылы бой көтере бастаған жаңа қала қанат жайған.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Саламат Аязбай

«Адамдарға арналған қала» тұжырымдамасын ескеретін заманауи қала құрылысы адамдардың денсаулығына адам іс-әрекетінің теріс әсерін де, парниктік газдар шығарындыларын да азайтуды көздейді. Астанадағы құрылыс көне «мұраны» – көнерген ғимараттар мен желілерді жаңғыртумен ұштастырылған. Алайда, бірқатар жағдайларда экологиялық нормаларды ескермей салынған жаңа ғимараттарды жаңғырту да қажет болады.

Қазіргі уақытта Астана қаласы әкімдігінің басшылығымен қаланы «жасылырақ» ету үшін түрлі іс-шараларды қамтитын 2035 жылға дейін қаланы дамытудың бас жоспарының жобасы әзірленуде. Бұл велосипед инфрақұрылымын дамыту мен ағаш отырғызу сияқты қарапайым іс-шаралардан бастап орталық жылумен жабдықтау немесе сутегімен жүретін көлікті енгізу жүйелерімен байланысты күрделі жұмыстарға дейінгі іс-шараларды қамтиды.

 

Бүгінгі таңда елдерге «жасыл» экономикаға көшуге мүмкіндік беретін қызметтерді ұсынатын «Жасыл экономика саласындағы іс-қимылдарға арналған әріптестік» (PAGE) бағдарламасы шеңберінде БҰҰДБ тарапынан Астананы дамытудың жол картасына стратегиялық экологиялық бағалау (СЭБ) жүргізіліп жатыр.

СЭБ – қоршаған ортаны қаланың экономикалық дамуына интеграциялау арқылы оның тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды стратегиялық құрал. СЭБ жүргізу елеулі зиянды экологиялық әсерлері бар энергетика, су ресурстары және қалдықтарды басқару сияқты маңызды секторларда қоршаған орта мен денсаулық сақтау мәселелерін ескеретін даму жоспарларын ойдағыдай әзірлеу үшін қажет.

Ескі тұрғын үй қорын қолдау, қалпына келтіру және жаңғырту қаланы тұрақты дамытудың тағы бір маңызды аспектісі болып қалып отыр. Мәселен, 2018 жылы елордада Целинный шағынауданындағы тұрғын үй кварталын жаңғырту бойынша пилоттық жоба басталды. Пушкин мен Жұбанов көшелерінің арасында орналасқан осы шағынаудандағы үйлер 1964 жылы салынған.

 

Жаңғырту бағдарламасының шеңберіндегі пилоттық жоба аясында үш тұрғын үй жөнделіп болып, тағы екеуін жөндеу аяқталып келеді. Шағынаудандағы басқа ғимараттармен салыстырғанда олар енді басқаша көрінеді әрі қымбатырақ тұрады.

Энергияны үнемдеу іс-шараларының қолжетімділігін арттыру үшін Қазақстандағы БҰҰДБ түрлі қолдау шараларын әзірлеп, енгізеді. Осы пилоттық жобаның шеңберінде іске асырылған тетік әкімдік пен тұрғындардың белсенді бірлескен жұмысын, сондай-ақ қала бюджетінен де, пәтер иелерінің өздерінен де инвестиция салуды көздейді.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Саламат Аязбай

 

Жаңғырту барысында үйдің қабырғалары мен панельдердің арасындағы тігістерді жылылау, суағарлар мен су ағызғыштарды қалпына келтіру, сыртқы есіктер мен балкон құрылмаларын ауыстыру сияқты іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Кіреберістерде ескі жарықтандыру құрылғылары толығымен LED жарықтандырумен ауыстырылады. Ал ең бастысы – құбырларды ауыстыра отырып, жылыту, ыстық және суық сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылады және автоматтандырылған жылыту пункттері орнатылады.

Пилоттық жобаларды іске асырмас бұрын сарапшылар әкімдік өкілдерімен бірлесіп көппәтерлі үйлердің тұрғындарымен түсіндіру кездесулерін өткізеді.

«Үйімізді жаңғырту бағдарламасы туралы білгенде мен барлық талқылаулар мен кездесулерге тікелей қатысамын деп шештім. Әкімдік өкілдерімен бірге біз танысу және тәжірибе алмасу үшін Минск қаласына (Беларусь) бардық», –
деп атап өтті 18 жылдан бері осындай үйлердің бірінде тұратын Наталья Поддубная.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Саламат Аязбай

Сарапшылар белсенді тұрғындардың қайта құру мен әртүрлі өзгерістерді жүзеге асыруда шешуші рөл атқаратынын атап өтеді. Олардың бақылаулары бойынша, әдетте неғұрлым белсенді көмектесетін – әйелдер.

«Мен өзгерістердің артықшылықтары туралы көршілермен әңгімелер жүргіздім. Әрбір тұрғынға, әрбір қарт адамға бәрін егжей-тегжейлі түсіндіруге тура келіп, жөндеуге келісім беру туралы қолтаңбаларды өзім жинадым. Адамдар маған сенбеді! Олар мұның бәрі өте қымбатқа түседі деп ойлады. Ал қазір, міне, бәрі риза, жаңғыртудың артықшылықтарын көріп отыр. Тағы бір үлкен артықшылық – жөндеу жұмыстары мен өзгерістердің арқасында біздің үйдегі пәтерлердің бағасы бір-екі миллион теңгеге өсті», –
деп бөліседі Наталья.

Әдетте, көп қабатты тұрғын үйлердегі пәтер иелері шатыр жөндеу жұмыстарын жүргізуге бейім болады және энергияны үнемдейтін іс-шараларды аса маңызды деп санамайды. Алайда, бұл бағыттағы жұмыстардың артықшылығы айдан айқын: сарапшылардың бағамдары бойынша, энергетиканы жаңғыртудың арқасындағы парниктік газдар шығарындыларының (СО2eq) азаюы жылына шамамен 1000 тоннаны құрайды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Саламат Аязбай

БҰҰДБ іске асырған жобалардың тәжірибесі көрсеткендей, үйге берілетін жылудың шамамен 56%-і қабырғалар, терезелер мен есіктер, шатыр, бірінші қабаттың едені арқылы шығып кетеді. Сыртқы қоршау құрылмаларын жылылау мен терезелер мен есіктерді энергия үнемдейтін түрлеріне ауыстырудың өзі C- энергия тиімділігі класын қамтамасыз ете алады.

«Биыл үйлеріміздің салынғанына 58 жыл толды. Осы жөндеуден кейін олар тағы 100 жыл тұра алады! Ең бастысы, шатырымыз су жібермейді, жылу бар, үйлеріміз жылы. Үйлеріміздің қасбеттерін жаңартып, балкондарымызды жасап берді, ауламызды абаттандырды», –
дейді 1984 жылдан бері Целинный шағынауданында тұратын Николай Усачев.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Саламат Аязбай

Николайды күнде дерлік таңертең аулада кездестіруге болады. Ол ауланы мұқият қарап шығып, ағаштарға қамқорлық жасайды, жерді қопсытып, тротуарлардағы қоршауларды түзетіп жүреді.

«Біз үйімізді өмір сүруге ыңғайлы етуге тырысамыз. Мына жерде ауламызда бос орын болған. Көршілермен бірге біз мойыл, долана, жөке және алма ағаштарын отырғыздық. Бұл өзіміз тыныс алатын ауаны жақсартуға көмектеседі. Оған қоса, енді бізде жаттығу аймағы мен хоккей алаңы бар», –
дейді Николай.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Саламат Аязбай

Көміртегі шығарындылары төмен тұрақты қалаларды құруға бағытталған кеңірек бастаманың шеңберінде БҰҰДБ Астананы қоса алғандағы 15 қалада көміртегі шығарындыларының деңгейін төмендету жөніндегі жол карталарын әзірлеуді қолдады. Жол карталарында жоспарланған іс-шаралар парниктік газдардың шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Бұлар кейінірек адамдарға қолайлы қалалар мен «жасыл» қалалық кеңістіктерді құру және ластанумен күресу тұжырымдамасы үшін ұтылыссыз нұсқа – парниктік газдардың шығарындыларын азайту бойынша мазмұнды статистикаға айнала алатынын атап өткен жөн.