Eni және БҰҰДБ Түркістан қаласында мектепті жаңғырту және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі бірлескен жобасын аяқтады

2022 ж. 19 May
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Нұр-Сұлтан қ., 2022 ж. 19 мамыр – Eni компаниясы мен Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Түркістан облысының әкімдігімен бірлесе отырып, Түркістан қ. орта мектепте жаңартылатын энергия көздері технологияларын енгізу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі бірлескен жобасын аяқтады. Бұл жоба – тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге септігін тигізетін мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің көрнекі үлгісі.

Мектепті жаңғырту жобасы шығындарды, энергияны тұтынуды және CO2 (көмірқышқыл газ) шығарындыларын едәірқысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге Eni мен БҰҰДБ осы жобаны үлгі ретінде ала отырып, елде қуат үнемдеу бойынша ұқсас бастамаларды бірлесіп іске асыруды көздейді.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Жоба аясында мектеп өңірдің жоғары күн әлеуетін пайдаға асыратын қуаты 50 кВт фотоэлектрлік күн станциясымен жабдықталды, ол 1900 оқушы білім алатын мектептің қажеттіліктері, атап айтқанда жылыту, жарықтандыру, су жылыту үшін жасыл энергияны қамтамасыз етеді. Жарықдиодты шамдарды, жылыту радиаторларына термореттегіштерді, сонымен қатар жылу шығынын алдын алу мақсатында терезелерге қуат үнемдейтін төмен эмиссиялы үлдір (пленка) орнату арқылы мектептің энергия тиімділігі жетілдірілді.

«2060 жылға қарай көміртекті бейтараптық мақсатына жету – Қазақстан үшін де, дүниежүзіндегі елдер үшін де аса маңызды басымдық. БҰҰДБ экономиканың төмен көміртекті дамуы және энергетика секторындағы трансформация аясында ҚР Үкіметімен және барлық серіктестермен жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті», – деп атап өтті БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш.

«Бұл жоба жергілікті деңгейде халықтың нақты қажеттіліктерін өтейтін жобаларды одан әрі әзірлеу мақсатында Eni-дің серіктестермен ынтымақтастықты нығайту жөніндегі стратегиясы негізінде іске асырылды. Осы бірлескен бастаманың арқасында мектеп көміртегі шығарындыларын азайтып және қуат үнемдеу мақсатына қол жеткізе отырып, энергия тұтынуын азайта алады», – деді Eni-дің Орталық Азия өңірі бойынша басшысы Лучано Васкес. 

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Энергияны үнемдейтін және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын шағын жобаларды іске асыру тұтынушылар, шағын және орта бизнес субъектілері, сонымен қатар мектептер сияқты муниципалды нысандар үшін көптеген оң өзгерістерді қамтамасыз етеді. Мұның басты артықшылығы – өндірілетін электр қуатының құны энергия тасымалдаушылардың құнына байланысты емес, ал орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада энергия тұтыну азаяды, бұл өз кезегінде ресурстарды үнемдеуге әкеледі. Осыған байланысты Қазақстандағы БҰҰДБ ШОБ өкілдері, жергілікті мемлекеттік басқару органдары, банк қызметкерлері мен қалың жұртшылық үшін оқыту курстарын өткізеді.

***

Eni компаниясы Қазақстан Республикасында 1992 жылдан бері қызмет істеп келеді. Компания Қарашығанақ кен орнындағы бірлескен игеру жұмыстарының қатысушысы, және Қашаған алып кен орнын қоса алғанда, Солтүстік Каспийдің түрлі жобаларының акционері. 2018 жылы Eni «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен бірлесіп, Исатай және Абай барлау блоктарында жұмыс атқаруға кірісті. Eni Қазақстан Республикасында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі алғашқы жобасын 2020 жылғы наурыз айында Ақтөбе облысындағы Бадамша кентінің қасында қуаты 48 МВт жел электр станциясын өнеркәсіптік пайдалануды бастап, жыл сайын шамамен 195 ГВт/сағ электр қуатын өндіріп жатыр, осылайша CO2 шығарындыларын жылына 172000 тонна көлемінде қысқартуды қамтамасыз етті. Қазіргі таңда Компания жобаның қуатын 48 МВт-қа арттыру мақсатында екінші кезеңін іске асырып жатыр. 2021 жылғы наурыз айында Eni Қазақстанның оңтүстігінде Түркістан облысы Шәуілдір ауылының қасында қуаты 50 МВт күн электр станциясының құрылысын бастады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы (БҰҰДБ) – кедейліктен туындаған әділетсіздікпен, теңсіздікпен және климаттың өзгеруімен күресетін БҰҰ-ның жетекші ұйымы. 170 елде сарапшылар мен серіктестердің кең желісімен жұмыс атқара отырып, біз адамдар мен планета үшін интеграцияланған, ұзақ мерзімді шешімдер әзірлеуге көмек көрсетеміз. Біз туралы толығырақ ақпаратпен undp.org сайтында танысыңыз.