«Жасыл» экономикаға көшуді қаржыландыру, ТДМ-ға жетуге қарай қозғалу

Астанадағы Халықаралық форумда БҰҰДБ сессияларына қатысушылардың назарында

2023 ж. 30 June
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Батыр Әубәкіров

Климаттың өзгеруі мен теңсіздікке қарсы күрес – БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Халықаралық форумда ұйымдастырған екі сессияда басты назар аударылған аса маңызды жаһандық сын-қатерлер. «Жылғадан ағынға: «жасыл экономикаға» көшуді қаржыландыру» атты бірінші сессияның шеңберінде қатысушылар климатқа қолайлы жобаларға инвестицияларды ұлғайту қажеттілігін талқылады. Екіншісі – «Жол ортасына жетсек те, әлі де қалыспыз: 2030 күн тәртібінің аралық нәтижелерін бағалау» – Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) жетудегі прогресті бағалауға арналды.

«Жылғадан ағынға: «жасыл экономикаға» көшуді қаржыландыру»

Сессия қатысушылары төмен көміртекті экономикаға көшуді қаржыландыру үшін қажетті инвестицияларды тарту мәселелері мен мүмкіндіктерін талқылады. Еуропа мен Орталық Азияға арналған БҰҰДБ бюросының Табиғат, климат және энергетика мәселелері жөніндегі өңірлік тобының басшысы Лаура Альтингер пікірталасқа жетекшілік етті.

Бүкіл әлемде қазірдің өзінде төтенше ауа райы жағдайларының көбеюінен, теңіздер деңгейінің көтерілуінен және ауыл шаруашылық дақылдары өнімділігінің өзгеруінен көрінетін климат өзгеруінің салдарлары сезілуде. Форум қатысушылары парниктік газдар шығарындыларын азайтуға бағытталған шаралар қабылданбаған жағдайда оның салдарлары алапат болатынын бірауыздан атап өтті. Дегенмен, «жасыл» экономикаға көшу арқылы климат өзгеруінің ең ауыр салдарларын болдырмауға мүмкіндік бар.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Батыр Әубәкіров

Сессияда сарапшылар «жасыл» экономикаға көшу жолындағы кедергілер туралы сөз қозғады. Олардың арасында энергетикалық ауысуды жүзеге асыру үшін нарықтық ынталандырмалардың жоқтығы, жобалар мен бастамаларда ашықтық пен жауапкершілікті қамтамасыз ету және теріс пайдалануды немесе «жасыл камуфляж» деп аталатын құбылысты (тиісті іс-қимыл жасамастан экологиялық бағдарлану бардай сыңай таныту) болдырмау үшін деректерді мониторингілеу, есеп беру мен «жасыл» әсерлерді тексеру жүйелерін әзірлеу қажеттілігі атап өтілді.

Пікірталас қатысушылары «жасыл» инвестицияларды тартудың бірнеше басты факторларына ерекше көңіл аударды. Біріншіден, олар төмен көміртекті инфрақұрылым мен технологияларды мемлекет тарапынан қаржыландыруды ынталандыратын саясатты әзірлеудің маңыздылығын атап өтті. Екіншіден, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бағытында жеке меншік секторы инвестицияларын тартуға қабілетті мамандандырылған құралдар мен тетіктерді құру қажеттілігі баса айтылды. Үшіншіден, осы саладағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығы аталды.

«БҰҰДБ осы сын-қатерлерді шешу жолында үкіметтерге қолдау көрсетуде маңызды рөл атқарады. Орталық Азияда біздің климат пен жасыл қаржыландыру саласындағы жобаларымыздың портфелі шамамен 180 миллион АҚШ доллары мөлшеріндегі гранттарды тарту арқылы шамамен 900 миллион АҚШ доллары көлемінде бірлескен қаржыландыруды тартқан 34 жобаны қамтиды. Бұл климаттық гранттардың халықаралық мемлекеттік ресурстары жеке меншік секторынан қосымша қаржыландыруды тарту үшін пайдаланылатын аралас қаржыландырудың жақсы мысалы. Бұл жобалар экожүйелерді қалпына келтіру, тұрақты азық-түлік жүйелері, климаттың тұрақтылығы, энергия тиімділігі, жаңартылатын энергия көздері мен ұлттық бейімделу жоспарлары сияқты әртүрлі салаларды қамтиды», –
деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Батыр Әубәкіров

Астана Халықаралық форумы аясында БҰҰДБ «Астана» халықаралық қаржы орталығы ұйымдастырған сессияда көміртегі нарықтарын дамыту мәселелерін талқылауға да өз үлесін қосты.

Табиғат, климат және энергетика мәселелері жөніндегі БҰҰДБ өңірлік тобының жетекшісі Лаура Альтингер жаңартылатын энергия көздерінің көмегімен көміртегі нарығын дамытуға байланысты маңызды мәселелерді қозғап, оның Қазақстандағы көміртегі бейтараптығына қол жеткізудегі және офсеттік жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін айқындаудағы маңызды рөлін атап өтті.

БҰҰДБ сонымен қатар Швейцария мен Гана арасындағы климаттың өзгеруіне жол бермеудің халықаралық нәтижелерімен (ITMOs) жасалған мәмілелердің практикалық тәжірибесімен бөлісті. Бұл сессия шеңберінде төмен көміртекті инвестициялар мен инновациялар үшін елеулі мүмкіндіктер жасау мақсатында көміртегі нарықтарын дамыту әлеуетін талқылау мен зерттеуге арналған платформа құрылды.

«Жол ортасына жетсек те, әлі де қалыспыз: 2030 күн тәртібінің аралық нәтижелерін бағалау»

Екінші пікірталасқа сарапшылар, үкімет, іскерлік қоғамдастық пен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Қатысушылар Тұрақты даму мақсаттарына жетудегі ағымдағы жетістіктерді талқылап, шешімін күтіп тұрған мәселелерді анықтады.

ТДМ — бұл 2015 жылы БҰҰ-ға қатысушы барлық елдер қабылдаған 17 мақсат. Мақсаттар кедейлікті түбімен жоюға, планетаны қорғауға және 2030 жылға қарай барша адамның амандығын қамтамасыз етуге бағытталған. Пікірталас қатысушылары ТДМ-ға жетуде белгілі бір прогреске қол жеткізілгенін атап өтті: соңғы онжылдықтарда шегіне жеткен кедейлікте өмір сүретін адамдар саны айтарлықтай азайған. Алайда, әлемде көптеген адамдар бұрынғысынша тамақ, су және медициналық қызмет көрсету сияқты аса қажетті нәрселерге қол жеткізе алмайтындықтан бұл мақсаттарға жету әлі де уақыт пен күш-жігерді қажет ететіні де атап өтілді.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Батыр Әубәкіров

Пікірталас қатысушылары ТДМ-ға жетудегі прогреске кедергі келтіретін бірқатар мәселелерді талқылады. Қорытындылай келе олар осы мақсаттарға сәтті жету үшін ынтымақтастық пен инвестицияларды кеңейтуге шақырды.

«Қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясы кезінде өтетін ТДМ саммиті осы түрлендіруші әрекеттерге деген бейілділікті растауға мүмкіндік береді. Бұл бейілділік үкіметтердің атынан бастау алуға тиіс, сонымен қатар, ол бәріміздің белсенді қатысуымызды талап ететіні де сөзсіз. Осыған байланысты үміт пен прогресс белгісін беру маңызды. Біз басты назарымызды қол жетімсіз болып көрінетін нәрселерге емес, ТДМ-ға жету үшін тағы не істей алатынымызға аударуымыз қажет», –
деп атап өтті өз сөзінде БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰДБ Әкімшісінің Көмекшісі және Еуропа және ТМД елдеріне арналған БҰҰДБ Өңірлік бюросының директоры Ивана Живкович.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Батыр Әубәкіров

Қазақстан БҰҰ-ға қатысушы басқа елдермен қатар ТДМ-ға жетуге деген өз бейілділігін растады.

«Қабылданған міндеттемелерді тиімді түрде іске асыру үшін ҚР-да Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің төрағалығымен ТДМ жөніндегі үйлестіру кеңесі жұмыс істейді, ТДМ-ды іске асыру жөніндегі комиссия құрылды, заңнамалық негіз қалыптастырылды. 2021–2025 жылдарға арналған тұрақты даму мақсаттарындағы ынтымақтастықтың негіздемелік бағдарламасы іске асырылуда. Өткен жылы Қазақстанға арналған 2025 жылға дейінгі БҰҰДБ Елдік бағдарламасын бірлесіп қаржыландыру туралы келісімге қол қойылды», –
деп атап өтті Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Батыр Әубәкіров

Пікірталас қорытындыларына сүйене отырып, қатысушылар ТДМ-ға жету үшін елдерге өсуге серпін беретін тиімді саясат пен сонымен бір уақытта әсіресе жеке меншік секторымен арадағы әріптестік шешуші фактор болатын көміртегі бейтараптығы саласында ұжымдық іс-қимылдың анағұрлым пәрменді тетіктері қажет болады деген тұжырымға келді.

БҰҰДБ ТДМ-ды стратегиялық жоспарлау мен бюджеттеуге интеграциялауды қолдауда шешуші рөл атқарады.

«Жасыл» бастамаларды қаржыландыру жолындағы кедергілерді еңсеру үшін БҰҰДБ Қазақстанда қолайлы жағдайлар жасау мен «жасыл» қаржыландыру жүйесін дамыту жөніндегі жұмысқа басшылық етті. Астанадағы Халықаралық форум аясында БҰҰДБ Қазақстан өңірлерінде шағын және орта кәсіпорындар (ШОК) іске асырып жатқан төмен көміртекті жобалардың интерактивті картасын таныстырды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Батыр Әубәкіров

ШОК жұмыс орындарын құра отырып, экономикалық өсуді ынталандыра отырып және инновацияларға ықпал ете отырып, әлемдік экономикада елеулі рөл атқарады. Сонымен қатар, олар әсіресе тұрақты бастамаларды жүзеге асыру үшін қаржыландыруға қол жеткізуде жиі қиындықтарға тап болады. «Жасыл» қаржыландыру ШОК-тың экологиялық қауіпсіз тәсілдерді енгізу саласындағы мүмкіндіктерін кеңейту және төмен көміртекті экономикаға көшуге ықпал ету арқылы осы қаржылық алшақтықты жоюға мүмкіндік береді. «Жасыл» қаржыландыру саласындағы саясат пен нормативтік актілерді әзірлеу және «жасыл» технологиялар мен тәжірибелерді енгізу арқылы тұрақты экономикалық өсуді ынталандыру «жасыл» экономикаға бірқалыпты көшуді қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

Қаржы мекемелерімен ынтымақтастықта және Қазақстан Республикасының энергетика мен индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерімен әріптестікте ШОК-қа олардың тұрақты тәжірибені енгізуге деген ұмтылысында қолдау көрсету үшін «жасыл» облигациялар, «жасыл» субсидиялар мен басқа да қаржы өнімдері сияқты «жасыл» қаржыландыру шешімдері әзірленіп, енгізілді.

Биыл Астанадағы Халықаралық форум елдер үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың, іскерлік және ғылыми қауымдастықтардың жоғары деңгейдегі делегаттарына сындарлы диалог құруға және климаттың өзгеруі, азық-түлік жетіспеушілігі мен энергетикалық қауіпсіздік сияқты өзекті мәселелердің тиімді шешімдерін іздеуге арналған құнды платформа ұсынды. Пікірталастың екеуі де әлемдік қоғамдастықтың алдында тұрған ең маңызды екі мәселе бойынша идеялар мен пікір алмасудың маңызды алаңына айналды.