Бизнестегі адам құқықтары – тұрақты экономикалық өсу мен дамудың негізі

2022 ж. 27 December

Бүгінгі таңда бизнестегі адам құқықтары бойынша күн тәртібінің өзектілігі өсіп, бүкіл дүние жүзіндегі корпоративтік секторда кеңінен таралып келеді. Компанияларда корпоративтік басқарудың негізгі элементі ретіндегі адам құқықтарын сақтау принципін ұстану күн сайын артып отыр. Қызметкерлердің құқықтарын құрметтеу мен олар жұмыс істейтін жергілікті қауымдастықтардың амандығы корпоративтік жауапкершіліктің негізгі элементіне айналып келеді.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Максим Стадниченко

2011 жылы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету жолындағы мемлекеттер мен бизнеске арналған ұсынымдар жиынтығы болып табылатын Адам құқықтары тұрғысынан кәсіпкерлік қызметтің басшылыққа алынатын қағидаттарын (БҰҰ Басшылық Қағидаттары) бірауыздан мақұлдады. Адам құқықтары тұрғысынан бизнестің жұмысына қатысты заңдар қабылдаған әлем экономикаларының қатарына «Заманауи құлдық туралы заңы» бар Ұлыбритания, «Қырағылық таныту міндеті туралы заңы» бар Франция, «Жеткізу тізбектеріндегі адам құқықтарына қатысты тиісті сақтық туралы заңы» бар Германия, Норвегия мен көптеген басқа елдер жатады. Мұндай заңдар бизнестің адам құқықтарына деген ықтимал жағымсыз әсерін анықтап, оның алдын алуға және ескеруге міндеттейді.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, адам құқықтарын сақтауға қатысты заңнамалық нормалардың болмауы ең жағымсыз салдарға, соның ішінде жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық пен қазаға әкеледі. Мұндай мысалдардың Орталық Азия аймағындағы компаниялардың қызметімен байланысты болуы сирек емес. Олардың арасында соңғы бірнеше жыл бойы адам денсаулығына зиян келтіріп, өлімге әкеп соқтырған адам құқықтарын бұзудың бірқатар жағдайлары тіркелген Қазақстанның ірі металлургиялық кәсіпорнындағы адам құқықтарын жүйелі түрде бұзуға қатысты атышулы істі атауға болады.

БҰҰ Басшылық Қағидаттарында белгіленген «Адам құқықтары саласындағы тиісті сақтық» (АҚТС) рәсімінде көрініс тапқан қағидаттар адамның денсаулығы мен өміріне моральдық және физикалық зиян келтіре алатын осындай жағдайлардың туындау қаупін жоймаса да, кем дегенде барынша азайтады.

Қазақстанда өткен жылдың ішінде компаниялардың, оның ішінде шетелдік компаниялар санының өсу үрдісі байқалып отыр: 2022 жылы олардың саны 45000-нан асты. Жалпы алсақ, елде 1,7 млн-нан астам шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Шетелдік компаниялар инвесторлардың, олардың түп-төркін компанияларының, сондай-ақ халықаралық БАҚ-ң тарапынан АҚТС жүргізу қажеттілігін барған сайын айқын сезініп келеді. Осыған байланысты жергілікті компаниялар адамдарға төнетін тәуекелдерді болдырмауға, олардың құқықтарын сақтауға және солайша өздерінің бедел мен заңи тәуекелдерін азайтып, нарықта бәсекеге қабілеттілігін сақтап қалуға елеулі ынта танытып отыр.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Алексей Мальченко

2022 жылы БҰҰДБ Жапония Үкіметімен жапондық компаниялар мен олардың жергілікті мердігерлерінде іскерлік тәжірибені ілгерілету мен дамыту және адам құқықтарын сақтау үшін күш біріктірді. Жапонияның әлемнің 17 елінде, оның ішінде Қазақстанда «Адам құқықтары саласындағы тиісті сақтық» қағидаттарын дамытуға ниеттеніп отырғанын айта кеткен жөн.

Бұл бастаманы іске асыру барысындағы негізгі кезеңдердің бірі Қазақстанның үш қаласында – Алматы, Астана мен Атырауда жапондық компаниялар, олардың қазақстандық жеткізушілері мен әріптестері үшін АҚТС бойынша өңірлік тренингтер өткізу болды. Тренингтерге барлығы 60 адам қатысып, олардың құрамына бизнестің, кәсіподақ ұйымдарының, мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардың өкілдері кірді.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Алексей Мальченко

АҚТС Қазақстан үшін жаңа тақырып болып табылатындықтан еліміздің түрлі өңірлеріндегі тренингтер сериясы бизнес-ортадағы адам құқықтарының аспектілерін түсіну мен ол туралы негізгі білімде елеулі ақтаңдақтың бар екенін көрсетті. Сонымен бір уақытта көптеген қатысушылар жауапты әрі бәсекеге қабілетті бизнесті жүргізуде адам құқықтары күн тәртібінің маңыздылығын атап өткен.

«Самұрық-Қазына Өндіріс» ЖШС комплаенс офицері Марина Тугамбаева тренингтерге қатысудың компанияларға олардың сенімділігі мен нарықтағы құндылығын арттыра отырып, адам құқықтарын сақтау қағидаттарын іс жүзінде іске асыруға көмектесетінін айтты.

Марина Тұғамбаева, «Самұрық-Қазына Өндіріс» ЖШС комплаенс офицері

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Батыр Әубәкіров
«Ағымдағы жылы компаниямыздың Корпоративтік этика кодексінде біз жұмыс орнындағы адам құқықтарын сақтау мен құрметтеуге арналған жеке бөлім бөлдік. Компанияның инвестициялық қызметті жүзеге асыратындығын және шетелдік, оның ішінде жапондық әріптестермен жұмыс істейтіндігін ескере отырып, біз алғаш рет әріптестеріміздің адам құқықтарын сақтау саласындағы іскерлік беделін тексеру рәсімін енгіздік», – деп бөлісті ол.

Тренингтердің барысында қатысушылар кәсіпкерлік қызмет саласында басшылыққа алынатын негізгі БҰҰ қағидаттары туралы, сондай-ақ тиісті сақтық саясатының компанияларға ұйымның ішінде де, жергілікті қоғамдастықтарға қатысты да адам құқықтарын қамтамасыз етуге қалайша көмектесетіні туралы білді.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Алексей Мальченко және Батыр Әубәкіров

Уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшы «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының Стратегиялық және тұрақты даму департаментінің Бас менеджері Айнаш Сәрсекееваның айтуынша, жұмыс орнында және жергілікті қоғамдастықтарда адам құқықтарын сақтау компания сенімділігінің белгісі әрі оның тұрақты даму қажеттілігі болып табылады.

Айнаш Сәрсекеева, уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшы «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының Стратегиялық және тұрақты даму департаментінің бас менеджері

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Батыр Әубәкіров
«Адам құқықтарын сақтау мәселесі – компаниямыздың корпоративтік саясаты сүйенетін міндетті шарт. Әлемдегі өнеркәсіптік сектордың ең ірі өкілі бола отырып, біз адам құқықтары саласында қабылданған барлық халықаралық БҰҰ қағидаттарын сақтау қажеттілігін түсінеміз. Сондықтан БҰҰДБ тренингтері адам құқықтары саласындағы тиісті сақтық саясатының нормаларын егжей-тегжейлі түсінуге көмектеседі», – дейді ол.

Тренинг қатысушылары адам құқықтары саласындағы өткізіліп жатқан іс-шаралардың компанияларға қоғамның амандығын қамтамасыз етуге ұмтыла отырып, жаңа серпін мен нарықта өздерінің бәсекеге қабілеттілігін қалайша арттыруға болатындығы туралы практикалық түсінік беретініне үміт білдірді. Өз кезегінде қатысушылардың 70%-тен астамы адам құқықтары саласындағы тәуекелдерді анықтауға ниетті екенін, 50%-і адам құқықтары саласындағы тәуекелдерді өз ұйымдарының ішкі саясатына енгізуді жоспарлап отырғанын, ал 25%-і шағымдарды қарау тетігін әзірлеп, жариялайтынын немесе өзгертетінін атап өтті.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Батыр Әубәкіров, Максим Стадниченко

Адам құқықтары саласындағы тиісті сақтық рәсімдерін жүргізу бойынша тренингтер сериясының Жапония Үкіметінің қолдауымен іске асырылатын бизнесті жауапты жүргізуді ілгерілету жөніндегі БҰҰДБ жобасы шеңберінде ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.