Қазақстанның жоғары оқу орындарында алғаш рет ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшін қаржылық жоспарлау бағдарламасы енгізілді
2025 ж. 23 May
Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды (ЕҚТА) орнықты қаржыландыруға бағытталған БИОФИН (BIOFIN) бастамасы шеңберінде үш қазақстандық ЖОО-да «ЕҚТА-да қаржылық жоспарлау» білім беру бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды орнықты басқару саласында мамандар даярлауға арналған.
«ЕҚТА биоәртүрлілікті сақтауда шешуші рөл атқарады. Кейінгі 15 жылда біздің елде оларды басқару жүйесі айтарлықтай өзгерді. Жаңа заңнамалық нормаларға сәйкес, ЕҚТА басқару жоспары қызметкерлерден тиісті білімді талап ететін қаржылық құжат мәртебесіне ие болды. Бұған бюджеттік және бизнесті жоспарлау, қосымша ресурстарды тарту және заманауи бақылау құралдары бойынша дағдылар мен білім кіреді. Бұл бағдарламаны енгізу кадрлық әлеуетті нығайтудағы маңызды қадам», —дҚазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.
Оқыту бағдарламасы Қазақстанның ЕҚТА-дағы өзекті сын-қатерлер мен практикалық қажеттіліктерді ескере отырып әзірленді әрі сыналды және қазір үш пилоттық ЖОО-да енгізілуде, олар: «С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» КЕАҚ (Астана), «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КЕАҚ (Алматы) және «Торайғыров университеті» АҚ (Павлодар).
Оқу курсы сегіз академиялық сағаттан тұрады және үш модульді қамтиды: бюджеттік жоспарлау, бизнес жоспарлау және гранттық қаржыландыру негіздері. Бағдарламада логикалық-құрылымдық әдістерді қолдана отырып басқару жоспарларын құру, бизнес модельдер құру, ЕҚТА-ның өнімдік саясатын қалыптастыру және қосымша қаржыландыруды тарту үшін өтінімдер жазу сияқты тақырыптарға арналған 23 бейне сабақ бар.
«БҰҰ даму бағдарламасы 30 жылдан астам уақыт бойы ел үкіметімен және негізгі халықаралық донорлар мен серіктестермен тығыз серіктестікте жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде БҰҰДБ биологиялық әртүрлілік және экожүйелерді сақтау саласындағы заңнаманы, атап айтқанда Экологиялық кодексті, Су кодексін, Орман кодексін, Биоәртүрлілікті сақтау тұжырымдамасын және т.б. әзірлеу мен жаңартуда нысаналы сараптамалық қолдау көрсетті. ЕҚТА үшін қаржылық жоспарлау жөніндегі білім беру бағдарламасы – бұл табиғи ресурстарды тиімді басқаруға және қорғалатын аумақтар жүйесін орнықты қаржыландыруды қамтамасыз етуге қабілетті білікті мамандарды даярлауға бағытталған осы күш-жігердің қисынды жалғасы», –деп атап өтті БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.
ЕҚТА-ның нақты міндеттеріне бейімделу және практикалық бағыттылықты арттыру үшін жаңа академиялық бағдарламаны енгізу алдында алты ай ішінде «С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» КЕАҚ-да БҰҰДБ сарапшылары іс-әрекеттегі зерттеуге негізделген тәсілді (Collaborative Action Research) пайдалана отырып, кері байланыс циклдарының сериясын жүргізді. Осылайша, оқытушылар мен студенттер проблеманы бірлесіп зерттеді, шешімдерді әзірледі және курсты жақсарту бойынша ұсынымдар берді.
Жаңа білім беру бағдарламасының ашылуына арналған іс-шарада қатысушыларға білім беру мекемелерімен өзара іс-қимыл қорытындылары, тренингтер мен консультациялардың нәтижелері таныстырылды, сондай-ақ жоғары оқу орындарының оқу стандарттарына сәйкес курсты бейімдеу бойынша әдістемелік ұсынымдар ұсынылды. Академиялық бағдарлама ЕҚТА басқарудың заманауи жоспарларын әзірлеуге және іске асыруға, бюджеттік ресурстарды тиімді пайдалануға және орнықты серіктестік қалыптастыруға қабілетті мамандардың жаңа буынын дайындауға мүмкіндік береді.
БҰҰДБ бастамасы бойынша «Ақжайық», «Алтын Дала», «Іле-Балқаш» табиғи резерваттары және «Бұйратау», «Жоңғар Алатауы» және «Тарбағатай» ұлттық парктері ретінде он жаңа ЕҚТА құрылғандығын, алты ерекше қорғалатын табиғи аумақтың аумағы кеңейтілгендігін естеріңізге сала кетейік. Қазақстанда алғаш рет 2,9 млн га алаңда «Қапшағай-Балқаш» және «Ырғыз-Торғай-Жыланшық» экологиялық дәліздері құрылды, олар бүгінде жануарлар дүниесінің сирек кездесетін қарақұйрық пен ақбөкен сияқты түрлерінің көші-қон жолдарын қорғауға мүмкіндік береді.