Қазақстандағы қоршаған орта мен халық денсаулығын жақсарту үшін химиялық заттарды тиімді реттеу

2020 ж. 19 February

 

 

19 ақпан, Нұр-Сұлтан. Бүгін қоршаған ортаны қорғау мен денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, өнеркәсіп салалары мен ҮЕҰ-ның өкілдері Қазақстанның химиялық қауіпсіздік саласындағы әлеуетін нығайту мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне қауіпті химиялық заттарды реттеуге қатысты түзетулердің жобасын талқылады.

Қазақстан Стокгольм, Роттердам және Базель конвенцияларын қоса алғанда, оған қоршаған ортаны қорғау және химиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында міндеттемелер артатын табиғат қорғау туралы көпжақты келісімдерге тарап болып табылады.

Статистика көрсетіп отырғандай, соңғы жылдары жұқпалы емес аурулармен ауыратын халық саны өсіп, олардың үлесі әсіресе ересектерге қарағанда экологиялық қауіп-қатерлерге көбірек сезімтал болатын балалар арасында жоғары болып отыр. Бұл қоршаған ортаның сапасына, пестицидтер мен химиялық заттарды бақылаусыз пайдалануға байланысты болуы мүмкін.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, қазақстандықтар негізінен тыныс алу мүшелері ауруларынан зардап шегеді екен: олардың үлесіне 2017 жылы елдегі барлық аурулардың 42,9%-і тиген. 2009-2016 жылдар аралығында балалар арасында демікпе ауруы 2,6 есеге, ал қатерлі ісік 60 процентке артқан. Туа біткен ауытқулардың жиілігі 2008 жылы 100 мың адамға шаққандағы 604,1 жағдайдан 2015 жылы 999,0 жағдайға дейін өскен.

Оған қоса, ДДҰ мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 2009-2014 жылдар аралығында байқаусыз уланудан болатын өлім-жітімнің орташа көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 2 адамды құрады. Бұл Еуропа өңірі елдерінің арасындағы үшінші орын. Байқаусыз уланудан болатын өлім-жітімнің жоғары деңгейі кәсіпорындардағы химиялық қауіпсіздік мәселелерінің жеткіліксіз реттелуі мен бақылануын көрсетеді.

Осыған байланысты халықаралық міндеттемелерді орындау және адам денсаулығы мен қоршаған ортаға әсерді барынша азайту үшін химиялық заттарды ұтымды реттеу саласындағы ұлттық әлеуетті нығайту өте маңызды.

Сарапшылар сондай-ақ Қазақстанның химиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамасын жетілдіру мәселелері мен химиялық заттарды реттеуге деген кешенді тәсіл мәселелерін талқылады.

Жақында жүзеге асырыла бастаған «Халықаралық көпжақты табиғат қорғау келісімдері бойынша міндеттемелердің сақталуын қамтамасыз ету жолымен химиялық заттарды реттеуге қатысты Қазақстан Республикасының ұлттық әлеуетін нығайту» атты БҰҰДБ жобасы химиялық заттарды ұлттық деңгейде реттеудің кешенді тәсілін енгізу үшін әлеуетті нығайту бойынша елдің күш-жігерін қолдауға бағытталған.

Қосымша ақпарат алу үшін БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Қоғаммен байланыс бөліміне электрондық пошта undp.kz.media@undp.org немесе телефон +7 (7172) 696544 (ішкі нөмір 2402, 2404) арқылы хабарласыңыз.