Гендерлік теңдік жолында: Қазақстандағы БҰҰДБ Мәдениет және ақпарат министрлігіне арнап тренинг өткізді

2023 ж. 21 December
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Гендерлік теңдік тек сөз ғана емес, нақты әрекеттерді де қажет етеді. Бұл қағида Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің алаңында БҰҰДБ қолдауымен өткен екі күндік тренингке қатысушылардың ұранына айналды.

Министрлік БҰҰДБ-ның мемлекеттік мекемелер үшін гендерлік теңдікке қол жеткізу жөніндегі жаһандық сертификаттау Бағдарламасына белсенді түрде қатысуда. Мемлекеттік саясат және басқару жөніндегі халықаралық сарапшы Онорика Банчу өткізген тренингке министрлік тарапынан жұмыс органы мүшелері, оның ішінде комитеттер мен департаменттердің басшылары қатысты.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Тренинг барысында қатысушылар ЭЫДҰ елдерінің ерлер мен әйелдер үшін тең мүмкіндіктерді қалай қамтамасыз ететіні туралы білді. Банчу ханым басқа елдердің әдістері мен тәжірибелерін Қазақстанда қалай қолдануға болатынын айтты. Сессияға қатысушылар мемлекеттік саясатты әзірлеу кезінде «гендерлік призманы» қалай қолдану керектігін де түсінді. Сондай-ақ ресурстарды әділ бөлуге көмектесетін гендерлік бюджетке ерекше назар аударылды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Қатысушылар мемлекеттік саясатты гендерлік теңдік мәселелерін жақсы түсіну, саяси ерік-жігердің болуы және түрлі ұйымдар арасындағы жұмысты нақты үйлестіру арқылы ғана сәтті жүзеге асыруға болатынымен бір ауыздан келісті.

Тренинг нәтижесінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің әртүрлі бөлімдері үшін гендерлік аспектілерді жұмыс барысына енгізуге көмектесетін нұсқаулық әзірленетін болды.

Мәдениет және ақпарат министрлігі алаңында өткен тренинг Қазақстан Президентінің адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарын мақұлдау сәтімен тұспа-тұс келді. Бұл жоспар гендерлік теңдікті қолдаудың, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресудің және сотта азаматтардың құқықтарын қорғаудың нақты шараларын қамтиды. Тренинг өзгешеліктер мен әрбір азаматтың құқықтарын ескеру қағидасына негізделген кәсіби ортаны қалыптастырудағы маңызды қадам болды.