БҰҰДБ жоғары деңгейдегі сапар барысында орнықты дамуға қатысты ортақ көзқарасты қуаттады
2025 ж. 29 May
Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Бас хатшысының орынбасары және Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Әкімшісінің орынбасары Хаолян Шу 28-30 мамыр аралығында Қазақстанға жоғары деңгейдегі ресми сапарын аяқтап, БҰҰДБ-ның Қазақстан Үкіметімен берік серіктестігін растады және орнықты даму, аймақтық ынтымақтастық, климаттың өзгеруімен күресу шаралары саласындағы ортақ міндеттемелерді ерекше атап өтті.
Хаолян Шу, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары және Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасы Әкімшісінің орынбасары
«Қазақстан БҰҰДБ-ның Орталық Азиядағы басты серіктесі ғана емес, даму және климаттың өзгеруімен күрес саласындағы көшбасшылықта батыл бағыт-бағдар сілтейтін және жаһандық шешімдерді жасап шығаруға үлес қосатын ел», — деді Шу. «Біздің серіктестігіміз ортақ мақсат пен көреген көзқарасқа негізделген: инклюзивті өсу, климаттың өзгеруіне төзімділік және орнықты прогресс. Қазақстанмен және халықаралық серіктестерімізбен бірге біз Қазақстанда және одан тыс жерлерде саясатты нақты ықпалға айналдырып жатырмыз».
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу.
Сапардың басты шарасы Хаолян Шудың Қазақстан Республикасы Президенті Жоғары Мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі болды. Шу Қазақстанның аймақтық және жаһандық даму басымдықтарындағы көшбасшылығын, атап айтқанда, БҰҰ Бас Ассамблеясының Алматыда орналасатын Орталық Азия мен Ауғанстандағы Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталығын құру туралы қарарын жоғары бағалады. Ол аталмыш Орталықтың бүкіл аймақта ОДМ-ға жетуді жеделдететін және көпжақты ынтымақтастыққа септесетін хабқа айналуына БҰҰДБ қолдау көрсететінін растады.
Премьер-министр Олжас Бектеновпен пікірталас барысында Шу 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарымен үйлестірілген БҰҰДБ-ның 2026-2030 жылдарға арналған елдік бағдарламасы аясында ынтымақтастықты нығайту мүмкіндігін құптады. Ол БҰҰДБ-ның аймақтық дамуға, соның ішінде Абай және Ұлытау аудандарындағы үкімет қаржысы есебінен инвестицияларды инфрақұрылымға, жасыл өсуге және әлеуметтік басымдықтарға бағыттайтын жобаға қолдау көрсетуі артып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ 2024 жылғы су тасқынынан кейінгі ынтымақтастықты тілге тиек етіп, климаттың өзгеруіне төзімділікті нығайту, су және кәріз кәсіпорындарының табиғи және техногендік апаттарға төтеп беру және артынша жылдам қалпына келу, судың қолжетімділігінің өзгеруіне бейімделу қабілетін күшейту қажет екенін атап өтті.
Хаолян Шудың ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновпен кездесуі.
Климат саласындағы өршіл мақсаттар бүкіл сапардың басты тақырыбына айналды. Шу Қазақстанның кеңейтілген Ұлттық деңгейде анықталатын жарналарын (ҰДАЖ 3.0) ұсыну алдында көрсеткен басшылығын құптады, сонымен қоса ҰДАЖ түрлендіруші әрі тиімді сипатта болуын қамтамасыз етуде БҰҰДБ қолдау көрсететінін растады. Астана халықаралық форумында «ТК30 және климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі жаһандық іс-шаралардың болашағы» атты жоғары деңгейдегі панельдік сессияға қатысты, сонда ол климат саласын қаржыландыруды кеңейтуге және саяси міндеттемелерді нақты іс-әрекетке айналдыруға бір кісідей күш салуға шақырды.
Хаолян Шу «ТК30 және климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі жаһандық іс-шаралардың болашағы» атты жоғары деңгейдегі панельдік сессияда.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевпен кездесуінде Хаолян Шу ОДМ-ға жетудегі Қазақстанның көшбасшылығын жоғары бағалады. БҰҰДБ қолдауымен және Төрағаның жетекшілігімен құрылған Орнықты даму мақсаттарының іске асырылуына мониторинг жүргізетін парламенттік комиссияның парламенттік қадағалау үлгісі және өңірлік озық тәжірибе ретіндегі рөлін ерекше атап өтті.
Хаолян Шудың ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевпен кездесуі.
Шу сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповамен және Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен кездесті. Әңгіме барысында әлеуметтік қорғау жүйелерін нығайту, халықтың осал топтарының жұмысқа қолжетімдігін жақсарту және мемлекеттік қызметтердегі цифрлық инновациялар мәселелері талқыланды. Денсаулық сақтау секторындағы негізгі тақырыптар арасында пандемияға дайындық, цифрлық трансформация, сатып алу мен жеткізу тізбегін жаңғырту болды.
Хаолян Шудың ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповамен және Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен кездесулері.
Ресми бағдарлама аясында Шу Қазақстандағы БҰҰДБ-ның бірнеше донор серіктестерімен, яғни Еуропалық Одақтың, Корея Республикасының, Жапонияның және Швейцарияның елшілерімен бас қосты. Кездесу осындай серіктестіктердің дамуды жаһандық деңгейде қаржыландырудың аясы барған сайын тарылып бара жатқан кездегі стратегиялық мән-маңызын атап өтті. Шу донорларға Қазақстандағы тиімділігі жоғары бағдарламаларды ілгерілетуде аса маңызды қолдау көрсетіп жатқаны үшін алғыс айтты.
БҰҰДБ донор серіктестерімен кездесу.
Хаолян Шудың сапары БҰҰДБ мен Қазақстан Республикасы арасындағы ынтымақтастық тереңдей түскенін көрсетті. Сондай-ақ Қазақстанда, бүкіл Орталық Азияда және дүние жүзінде инклюзивті орнықты дамуға қатысты ортақ міндеттемені ерекше айшықтай түсті.