БҰҰДБ: Қазақстан Адам дамуы индексі рейтингіндегі орнын сақтап қалды, теңсіздік пен экологиялық тәуекелдерді еңсеру үшін шаралар қажет

2025 ж. 8 May
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

БҰҰ Даму бағдарламасы жариялаған Адам дамуы индексіне (АДИ) сай Қазақстан адам дамуының деңгейі өте жоғары елдердің қатарынан шықпаған. Ел 0,837 адам дамуы индексімен (АДИ) 193 ел мен аумақ арасында 60-шы орында тұр. 1990 жылдан 2023 жылға дейін Қазақстанның АДИ көрсеткіші 21,5 пайызға (0,689-дан 0,837-ге дейін) өсті. Алайда осы мәнді теңсіздікті ескере отырып түзеткенде АДИ 0,766-ға дейін төмендеп, 8,5 пайыз жоғалтады. Осылайша елде теңсіздік күшейген сайын адам дамуы көрсеткіштері де төмендей береді.

Гендерлік теңсіздікті үш өлшем – репродуктивтік денсаулық, құқықтар мен мүмкіндіктерді кеңейту, экономикалық белсенділік бойынша сипаттайтын Гендерлік теңсіздік индексіндегі гендерлік аспектілерді ескерсек, Қазақстан 0,182 Гендерлік теңсіздік индексімен бағаланған 172 елдің арасында 50-ші орында тұр.

2020 жылдан бастап АДИ екі қосымша көрсеткіш – елдің көмірқышқыл газы шығарындылары және ресурс шығындары тұрғысынан қарастырылады, осылайша, егер прогресті өлшеудің негізгі элементтері ретінде адамдардың әл-ауқаты мен планетаға көрсетілетін теріс қысымды азайту алынатын болса, даму қалай өзгеретіні айқын болады. Адамның планетаға көрсететін қысымына түзетілген қазақстандық АДИ мәні стандартты АДИ-ден төмен және 0,687 құрайды, бұл орташа әлемдік деңгейден (0,680) сәл жоғары. Идеалды сценарийде АДИ мәні және қосымша көрсеткіштерге түзетілген АДИ мәні тең болуы керек.

2022 жылдан бастап Қазақстан Еуропа мен Орталық Азияның басқа елдерімен қатар АДИ тұрғысынан оң динамика көрсетті. Жаһандық рейтингте Исландия (АДИ – 0,972), Норвегия (0,970) және Швейцария (0,970) көш бастап тұр.

«Қазақстан адам дамуында тұрақты прогресс көрсетті, бірақ теңсіздіктің қазіргі деңгейі және табиғи ресурстарға қысымның күшеюі анағұрлым әділ және тұрақты шешімдер қажет екенін көрсетеді. Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы ешкімді артта қалдырмай, ұлттық даму басымдықтарын жүзеге асыруда Қазақстанның сенімді серіктесі болып қала береді», –
деді Катаржина Вавьерниа, Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі.

Сонымен бірге «Таңдау мәселесі: жасанды интеллект дәуіріндегі адамдар мен мүмкіндіктер» атты 2025 жылғы адам дамуы туралы жаңа баяндамада адам дамуының қарқыны соңғы 35 жылда баяулағаны айтылады – 2020-2021 жылдардағы дағдарыстан кейін біртіндеп қалпына келудің орнына прогресс күтпеген жерден бәсеңдеген. 2024 жылғы болжамды АДИ мәні бүкіл әлемде айтарлықтай оң өзгерістер жоқ екенін көрсетеді.

Жаһандық дамудың баяулауының үрейлі қарқынына қоса, баяндамада бай және кедей елдер арасындағы теңсіздік күшейіп бара жатқаны атап өтіледі. Баяндамаға сәйкес АДИ төмен және өте жоғары елдер арасындағы алшақтық төртінші жыл қатарынан ұлғайып бара жатыр екен. АДИ мәні төмен дамушы елдер жаһандық саудадағы шиеленістің күшеюі, қарыз дағдарысының ушығуы және жаңа жұмыс орындарын ашпайтын индустрияландыру салдарынан күрделі сын-қатерлерге тап болады. Баяндамада жасанды интеллекттің (ЖИ) дамуға жаңа серпін беретін құрал ретіндегі әлеуеті де баса көрсетілген.

«Түрлі жаһандық күйзелістер жағдайында дамуды ынталандырудың жаңа жолдарын шұғыл іздеуіміз керек», – деді Ахим Штайнерб БҰҰДБ Әкімшісі. «Жасанды интеллект өміріміздің көптеген аспектілерінде қарқынды еніп бара жатқандықтан, біз оның даму әлеуетін барынша байыпты зерделеуіміз керек. Жаңа технологиялар күн сайын дерлік пайда болады, ЖИ барлық мәселелердің әмбебап шешімі болмаса да, біз қабылдаған шешімдер дамуға тың серпін бере алатынымызды және адамзат үшін жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар аша алатынымызды айқындайтын болады».

2025 жылғы Адам дамуы туралы баяндама келесі сілтеме арқылы қолжетімді: https://hdr.undp.org/human-development-report-2025