БҰҰ Даму бағдарламасының баяндамасына сәйкес адам дамуының қарқыны соңғы 35 жылда ең төмен деңгейге дейін баяулаған

Адамдардың алпыс пайызы жасанды интеллект жұмыс табуға жаңа мүмкіндіктер ашады деп үміттенеді

2025 ж. 6 May
Profile of a woman with headphones against a textured, abstract background.

БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) бүгін жарияланған жаңа баяндамаға сәйкес адам дамуының қарқыны соңғы 35 жылда баяулаған. Баяндамада жасанды интеллект (ЖИ) дамуға жаңа серпін бере алатын құрал ретінде қарастырылады.

2020-2021 жылдардағы дағдарыстан кейін бірте-бірте қалпына келудің орнына баяндамада прогресс күтпеген жерден баяулағаны көрсетіледі. Әлгі дағдарыс жылдарын есептемегенде биылғы баяндамада болжанған жаһандық Адам дамуы индексінің аз ғана өсуі 1990 жылдан бергі ең болмашы өсім болып табылады.

2025 жылғы адам дамуы туралы «Таңдау мәселесі: жасанды интеллект (ЖИ) дәуіріндегі адамдар және мүмкіндіктер» баяндамасы денсаулық және білім саласындағы жетістіктермен қатар табыс деңгейін де қамтитын Адам дамуы индексін (АДИ) құрайтын бірқатар көрсеткіштер бойынша даму саласындағы прогресті талдайды. 2024 жылғы АДИ болжамы бүкіл әлемде тұшымды оң өзгерістер жоқ екенін көрсетеді.

Жаһандық дамудың тежелуінің үрей тудыратын қарқынынан өзге баяндамада бай және кедей елдер арасындағы теңсіздіктің күшейе түскені де айтылады. Дамудың дәстүрлі жолдары жаһандық сын-қатерлер қысымымен барған сайын тарылып бара жатқандықтан, ұзаққа созылған тоқыраудан шығу үшін жігерлі шаралар қажет.

«Ондаған жылдар бойы біз 2030 жылға қарай адам дамуы өте жоғары деңгейде болатын әлемге жету жолына бет алдық, бірақ қазіргі баяулау жаһандық прогреске шынымен қауіп төнгенін айқын көрсетеді», - деді Ахим Штайнер, БҰҰДБ Әкімшісі. «Егер 2024 жылғы баяу прогресс «жаңа нормаға» айналса, онда 2030 жылға дейін белгіленген мақсаттарға жету ондаған жылдарға кейінге қалдырылуы мүмкін. Сөйтіп әлемді қауіпті, бытыраңқы, экономикалық және экологиялық күйзелістерге ұрымтал ететін болады».

Баяндамаға сәйкес Адам дамуы индексі төмен және өте жоғары елдер арасындағы алшақтық төртінші жыл қатарынан ұлғайып бара жатыр.

АДИ көрсеткіші ең төмен дамушы елдер сауда саласындағы шиеленістердің күшеюіне, қарыз саласындағы дағдарысының ушығуына, индустриализация салдарынан жаңа жұмыс орындарының ашылмауына байланысты күрделі мәселелерге тап болып отыр.

«Осындай жаһандық күйзеліс жағдайында дамуды ынталандырудың жаңа жолдарын шұғыл іздеуіміз керек», - деді Штайнер мырза. «Жасанды интеллект өміріміздің көптеген аспектілерінде қарқынды еніп бара жатқандықтан, біз оның даму әлеуетін барынша байыпты зерделеуіміз керек. Жаңа технологиялар күн сайын дерлік пайда болады, ЖИ барлық мәселелердің әмбебап шешімі болмаса да, біз қабылдаған шешімдер дамуға тың серпін бере алатынымызды және адамзат үшін жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар аша алатынымызды айқындайтын болады».

Баяндамада адамдардың жасанды интеллектіні енгізуге қатысты өзгерістерге ұстамды оптимизммен қарайтынын көрсететін жақында жүргізілген сауалнаманың нәтижелері келтірілген.

Әлемдегі әрбір екінші респондент өз жұмысын автоматтандыруға болады деп ойлайды. Ал 60 пайызы ЖИ мансап саласында, соның ішінде дәл қазір жоқ мамандықтарда жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенеді.

Респонденттердің тек 13 пайызы ғана ЖИ жұмыс орындарын қысқартуғасебепші болуы мүмкін деп қорқады. Бұл ретте АДИ төмен және орташа елдерде респонденттердің 70 пайызы ЖИ олардың өнімділігін арттырады деп күтеді, ал үштен екісі келесі жылы білім беруде, денсаулық сақтауда немесе жұмыс саласында ЖИ қолдануды жоспарлап отыр.

Баяндама авторлары даму стратегияларын түбегейлі өзгерте алатын ЖИ-ге қатысты адамға бағдарланған көзқарасты жақтайды. Сауалнама нәтижелері бүкіл әлемдегі адамдар мұндай «серпіліске» дайын екенін көрсетеді.

Баяндамада өзгерістердің үш аса маңызды бағыты көрсетілген:

  • Адамдар ЖИ-мен бәсекелеспей, онымен иық тіресе жұмыс істейтін экономика құру

  • Жобалаудан бастап іске асыруға дейін толық ЖИ өмірлік циклі бойы адамның қатысуын қамтамасыз ету

  • 21 ғасыр талаптарына сай білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін жаңғырту

ЖИ демократияландыру қазірдің өзінде басталып кетті. Сауалнаманың шамамен әрбір бесінші қатысушысы қазірдің өзінде күнделікті өмірде ЖИ қолданып жүр екен. Ал адам дамуы төмен деңгейдегі елдердегі респонденттердің көпшілігі келесі жылы білім, денсаулық саласында немесе жұмыста ЖИ қолдануды жоспарлап отыр. Осылайша жаңа мүмкіндіктерден ешкім кенде қалмауы үшін электр қуаты мен Интернетке қол жеткізудегі алшақтықты жою бұрынғыдан да өзекті болып тұр. Алайда қол жеткізу жеткіліксіз: нақты теңсіздік ЖИ адамдардың орнын баспай, керісінше олардың қабілетін қаншалықты тиімді күшейте алатынына байланысты болады.

«Біз алдағы жылдарда қабылдайтын шешімдер адам дамуының осындай технологиялық трансформациясының салдарын анықтайды», - деді Педро Консейсао, БҰҰДБ Адам дамуы жөніндегі баяндаманы дайындау кеңсесінің директоры. «Дұрыс саясат жүргізілсе, адамдарға баса назар аударылса, ЖИ фермерден бастап шағын бизнес иесіне дейін барша адамдар үшін мүмкіндіктерді кеңейтетін жаңа білімге, дағдыларға және идеяларға апаратын аса маңызды көпірге айнала алады».

2025 жылғы Адам дамуы туралы баяндама https://hdr.undp.org/human-development-report-2025 сілтемесі арқылы қолжетімді.