БҰҰДБ Каспий теңізі мен Жайық өзенінің су экожүйелерін басқаруда кешенді тәсілді күшейтуге шақырады
2026 ж. 8 June
Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Каспий теңізі мен Жайық өзенінің су экожүйелерін орынды басқаруға арналған Орнықты даму мақсаттарын іске асыру барысын қарастыратын Парламенттік комиссияның XII отырысына қатысты.
Отырыс Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтің төрағалығымен өтіп, оған мемлекеттік органдардың, парламенттің, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қауымдастығы қатысты.
Кездесудің негізгі күн тәртібі су ресурстарын сақтау мәселелеріне арналды. Атап айтқанда, суды тиімді пайдалану, Каспий теңізі мен Жайық өзенінің экожүйелерін қорғау, климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыру және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін әріптестік ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Каспий теңізі деңгейінің жылдам төмендеуі бүгінде тек өңірлік мәселе болудан қалып, жаһандық сипатқа ие болғанын бірнеше рет атап өтті. Осыған жауап ретінде Қазақстан Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеуге бастамашы болды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында Су мәселелерін талдау орталығын құруды, сондай-ақ БҰҰ-ның мамандандырылған агенттігі ретінде Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Жайық өзеніне қатысты жағдай да өзекті. Бұл мәселелерді жеке-жеке қарастыруға болмайды – олар ведомствоаралық үйлестіруді, ғылыми негізделген шешімдерді және жергілікті атқарушы органдардың, сарапшылардың, қоғамдық ұйымдардың және халықаралық серіктестердің белсенді қатысуын қажет етеді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Талқылау Қазақстандағы су ресурстарына түсіп отырған қысымның күшеюі жағдайында өтті. Соңғы жылдары суды пайдалану тиімділігі артқанымен, ел әлі де су қауіпсіздігі саласында елеулі сын-қатерлерге тап болып отыр.
2000 жылдан бері бір текше метр судан алынатын экономикалық қайтарым 3 АҚШ долларынан 8 АҚШ долларына дейін өсіп, 160 пайыздан астам артты. Бұл ресурстарды тиімді пайдалану мен экономикалық өсімнің қатар жүруі мүмкін екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, су жүйелеріне түсетін жүктеме, әсіресе ауыл шаруашылығы қажеттіліктерінің өсуіне байланысты артып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстан жаңартылатын тұщы су ресурстарының шамамен төрттен бірін ғана пайдаланғанымен, су алудың қолжетімді ресурстарға қатынасы ретінде есептелетін су тапшылығы деңгейі 2000 жылғы 29 пайыздан 2022 жылы 35 пайызға дейін өсті. Яғни бүгінгі таңда қолжетімді жаңартылатын тұщы судың әрбір 100 литрінің шамамен 35 литрі ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және тұрмыстық қажеттіліктер үшін алынады.
Бұл әлі де сыни деңгей болмаса да, аталған үрдіс су жүйелеріне түсетін қысымның артып келе жатқанын және ұзақ мерзімді жоспарлау мен тиімді басқарудың маңыздылығын көрсетеді.
Қазақстан бұл сын-қатерлерге жауап ретінде су ресурстарын басқару жүйесін жүйелі түрде күшейтіп, су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды іске асыруда.
«Халықаралық ынтымақтастықпен қатар, ел ішінде су саласын ауқымды реформалау жүріп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа Су кодексі қабылданып, 2030 жылға дейінгі су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы және 2028 жылға дейінгі су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Сонымен қатар 2025 жылғы 23 тамыздағы Үкімет қаулысына сәйкес, Жайық өзені ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысандарының тізіміне енгізілді», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Қазақстан Үкіметінің серіктесі ретінде БҰҰДБ су ресурстары мен экожүйелерді басқаруда халықаралық тәжірибе мен деректерге негізделген шешімдерге сүйенетін кешенді тәсілдерді енгізуге қолдау көрсетеді.
Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа су қауіпсіздігі тек экологиялық мәселемен шектелмейтінін, оның азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікке, халықтың денсаулығына, экономикалық бәсекеге қабілеттілікке және өңірлік дамудың орнықтылығына тікелей әсер ететінін атап өтті.
«Су ресурстары мен экожүйелерді орнықты басқару – Қазақстанның болашағына жасалған инвестиция. БҰҰДБ елге табиғи капиталды сақтай отырып, орнықты дамуды ілгерілетуге мүмкіндік беретін деректерге негізделген шешімдер мен халықаралық озық тәжірибелерді енгізуде қолдау көрсетеді. Су экожүйелерін басқаруда кешенді тәсілге көшу – Каспий өңірінің экологиялық орнықтылығын нығайту және оның табиғи мұрасын болашақ ұрпақ үшін сақтау жолындағы маңызды қадам», – деді ол.
Ұлттық деңгейде су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экожүйелерді сақтау жөніндегі күш-жігерді қолдау мақсатында БҰҰДБ мен Қазақстан Республикасының Үкіметі Жапония Үкіметінің қолдауымен өңірде бірқатар бастамаларды іске қосты. Олардың бірі Солтүстік Каспий мен Жайық өзені бассейніндегі мониторинг жүйелерін жаңғыртуға бағытталған. Бұл жоба аясында заманауи датчиктер, цифрлық платформалар және гидрологиялық талдау құралдары енгізіледі. Бұл өз кезегінде су деңгейінің өзгерісін, тұздылықты, экожүйе жағдайын және климаттық тәуекелдерді нақты уақыт режимінде тиімді бақылауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Жаһандық экологиялық қордың қолдауымен БҰҰДБ мен Қазақстан Республикасының Үкіметі Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде және оған іргелес аумақтарда экожүйелік тәсілге негізделген басқаруды енгізуге бағытталған жаңа бағдарламаны іске қосуда. Бағдарлама экожүйелерді карталау, кеңістіктік жоспарлау, биоалуантүрлілікті мониторингілеу және деградацияланған аумақтарды қалпына келтіру жұмыстарын қамтиды. Маңызды бағыттардың бірі – Каспийдегі теңіз қоқысы мен ластанумен күрес. Бұл бағытта қалдықтарды басқару жүйелері жетілдіріліп, жағалаудағы елді мекендерде пилоттық шешімдер енгізіледі.
Бұл бастамалар шешім қабылдаудың ғылыми негізін күшейтуге және өңірдің экологиялық, әлеуметтік және экономикалық аспектілерін қатар ескеретін кешенді тәсілді дамытуға бағытталған.
Су ресурстарын орнықты басқаруда ұзақ мерзімді қаржыландыруды тарту маңызды рөл атқарады. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен БҰҰДБ тең төрағалық ететін Су секторын дамыту жөніндегі серіктестердің үйлестіру кеңесі аясында су секторындағы басым бағыттарды қолдауға 20 миллион АҚШ долларынан астам қаражат мобилизацияланды.
Сонымен қатар, БҰҰДБ Қазақстанда алғаш рет «көгілдір облигациялар» (Blue Bonds) әзірлеуге қолдау көрсетуде. Бұл бастама су инфрақұрылымына, ағынды суларды тазартуға, экожүйелерді қалпына келтіруге және су тиімділігін арттыруға ұзақ мерзімді инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.