Парламенттік семинар Қазақстанда ОДМ-ға қол жеткізудегі мемлекеттік қаржының рөлін ерекше екенін көрсетті
2025 ж. 13 May
Бүгін Астанада «Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудегі мемлекеттік қаржының рөлі» тақырыбында жоғары деңгейлі семинар өтті. Іс-шараға Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссия мүшелері, сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігінің, Қаржы министрлігінің, Денсаулық сақтау министрлігінің, мәслихаттардың өкілдері және БҰҰДБ Орнықты қаржыландыру хабының мемлекеттік қаржы жөніндегі сарапшылары қатысты.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен БҰҰДБ және Қазақстан Парламенті Сенаты бірлесіп ұйымдастырған семинарда мемлекеттік қаржыны — соның ішінде кірістерді, шығыстарды және қаржыландыруды — Қазақстанның ұзақ мерзімді ұлттық басымдықтарымен және ОДМ-мен үйлестірудің айрықша маңыздылығы атап өтілді. Семинар сонымен қатар макрофискалдық болжау, ОДМ-мен үйлестіре отырып жоспарлау және бюджеттеу, ОДМ үшін жергілікті бюджеттеу және ҚҚС ұлғаюының түрлі теңсіздіктерге, соның ішінде табыс, байлық, гендерлік және аймақтық теңсіздікке әсерін бағалау, сондай-ақ «жасыл» қарызды пайдалану сияқты құралдарды зерттеуге арналған платформаға айналды.
Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа ханым БҰҰДБ-ның орнықты даму үшін фискалдық басқаруды нығайтуда Парламентке қолдау көрсетуге дайын екенін тағы бір растап өтті.
«Парламенттік қадағалау мемлекеттік кірістерді, шығыстарды және қаржыландыруды ұлттық даму басымдықтарымен, соның ішінде ОДМ-мен үйлестіру үшін маңызды мәнге ие», — деді ол. «Мұндай үйлестік есептілік пен ашықтықты қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар мемлекеттік ресурстарды дұрыс бөлмеу немесе бөгде мақсатта пайдалану тәуекелдерін барынша азайтып, әрбір теңгенің халыққа қызмет етуін қамтамасыз етеді және баршаға арналған анағұрлым орнықты және әділ болашақты қолдайды».
Парламенттік комиссия Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина да өзінің алғы сөзінде орнықты даму нәтижелеріне қол жеткізу үшін бюджеттік ресурстарды тиімді бөлуді қамтамасыз етудегі Парламенттің рөлін ерекше атап өтті.
«Біз үшін, Сенат депутаттары мен Парламенттік комиссия мүшелері үшін, бюджет қаражатын тиімді пайдаланудың тетіктерін терең түсіну – 2030 жылға дейінгі күн тәртібін сәтті жүзеге асырудың негізгі факторы. Мемлекеттік қаржы – орнықты даму саласындағы маңызды міндеттерді шешуге бағытталған қуатты құрал», деді Ольга Перепечина.
БҰҰДБ сарапшылары мен шақырылған баяндамашылар озық әлемдік тәжірибелермен, сонымен бірге Моңғолия, Филиппины және Индонезия мысалдарымен бөлісті. Талқылаулар теңсіздікті азайту және климаттың өзгеруімен күресу, денсаулыққа қатысты салық саясатын оңтайландыру және жасыл облигациялар сияқты инновациялық құралдар арқылы ОДМ қаржыландыруды ұлғайту стратегиялары төңірегінде өрбіді.
Семинар ОДМ аспектілерін бюджетті жоспарлауға және Парламенттік қадағалауға енгізу үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын ҚР Бюджет кодексіне жақында енгізілген түзетулерден кейінгі шешуші кезеңде өтті.
Семинардың негізгі қорытындысы ретінде қатысушылар Парламенттік комиссия өзінің қадағалаушы рөлін күшейте алатын нақты бағыттарды, атап айтқанда, фискалдық саясаттың ОДМ-ге әсерін бағалау және ұлттық даму мақсаттарымен үндес мемлекеттік инвестицияларға мониторинг жүргізу бағыттарын анықтады.
Аталмыш шара Қазақстанның орнықты даму қағидаттарын саясатты әзірлеудің және мемлекеттік қаржыны басқарудың барлық деңгейлерінде институционализациялау бойынша жүргізіп жатқан жұмысында тағы бір маңызды қадам болды.