БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьернианың Парламенттік комиссияға арналған ОДМ-ды қаржыландыру жөніндегі семинарда сөйлеген сөзі

2025 ж. 13 May
A woman stands at a podium, speaking with colorful UN SDG blocks in the background.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Батыр Әубәкіров

Жоғары мәртебелім,

Сенат Төрағасының орынбасары Перепечина ханым, 
Құрметті Парламент мүшелері!

Ұлттық серіктестер,

Бүгін сіздермен «Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудегі мемлекеттік қаржының рөлі» тақырыбындағы семинарда жүздесу мен үшін үлкен қуаныш. Семинарға қатысып отырғандарыңыз үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы атынан шын жүректен ризашылығымызды білдіргім келеді.

Осы шара - біздің ОДМ ілгері бастырудағы мемлекеттік қаржының маңызды рөлі туралы диалогқа арналған осымен екінші ауқымды кездесуіміз. Біз үшін Қазақстан Парламентімен осыншалық маңызды серіктестікті жалғастыру нағыз мақтаныш.

Біз Қазақстанның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы орнықты және елеулі прогресін көріп отырмыз. Парламенттік комиссияның құрылуы ОДМ күн тәртібін қолдайтын институционалдық жүйені айтарлықтай нығайтты. Бүгінгі таңда Үкіметтің ОДМ іске асыру жөніндегі жұмысы жүйелі және орнықты парламенттік қадағалау арқылы қолдау тауып отыр. Орнықты даму қағидаттарын бюджетті қалыптастыруға, заңнамалық үдерістерге және өңірлік даму стратегияларына кіріктіру сапалы серпіліс үшін таптырмас мүмкіндік болып табылады. Қалған бес жыл ішінде осындай тәсіл 2030 жылға қарай ұлттық басым мақсаттарымызға қол жеткізуге жол ашуға көмектесіп, орнықты даму инклюзивті және көреген саясаттың өзегі болуын қамтамасыз ете алады.

Парламенттер қоғамдық мүддені қорғаушы ретінде шешуші рөл атқарады. Олардың мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен бағалауда, сондай-ақ мемлекеттік қаржыны бөлу мен пайдалануды қадағалауда атқаратын рөлі ерекше. Комитеттердің жұмысы, сындарлы пікірталас және қатаң аудит механизмдері арқылы парламенттер мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде ашықтық пен есептілікті қамтамасыз етеді. Олардың қатысуы қаржыландыру шешімдерінің ұзақ мерзімді ұлттық мақсаттарға, соның ішінде ОДМ-ға сай болуын қамтамасыз ету үшін аса маңызды.

ОДМ-ға жетуге деген ортақ міндеттеме аясында аталмыш рөл бұрынғыдан да маңыздырақ бола түседі. Парламенттік қадағалау мемлекеттік кірістерді, шығыстарды және қаржыландыруды ұлттық даму басымдықтарымен, соның ішінде ОДМ-мен үйлестіру үшін маңызды.

Мұндай үйлестік есептілік пен ашықтықты қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар мемлекеттік ресурстарды дұрыс бөлмеу немесе бөгде мақсатта пайдалану тәуекелдерін барынша азайтады, әрбір теңгенің халыққа қызмет етуін қамтамасыз етеді және барша үшін анағұрлым орнықты және әділ болашақты қолдайды.

Жақында Бюджет кодексін қабылдап, Қазақстан фискалдық саясатты күшейту жолында маңызды қадам жасады. Жаңартылған Кодекс бірқатар перспективалық шараларды, соның ішінде фискалдық тәуекелдер туралы мәлімдемелерді, фискалдық ережелерді, кешенді фискалдық болжауды және инвестициялық жобалардың ұлттық ЖІӨ-ге үлесін талдауды енгізеді. Сондай-ақ блоктық бюджеттеу сияқты механизмдер арқылы бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерінің өкілеттіктерін кеңейтіп, парламенттік қадағалаудың рөлін күшейтеді.

Бюджет кодексі ОДМ-ды жоспарлау, бюджеттеу және мониторинг жүйелеріне кіріктіруді нақты талап етпесе де, стратегиялық ұлттық басымдықтарды бюджет ресурстарымен үйлестіруді қолдайтын фискалды басқару жүйесінің негізін қалайды. Бұл мемлекеттік қаржы саласындағы шешімдерді неғұрлым дәйекті және үйлесімді қабылдау арқылы ОДМ күн тәртібін ілгері бастыруға уақытылы мүмкіндік туғанын білдіреді.

Бүгінгі семинардың күн тәртібі Парламенттің мандаттары мен функцияларының өзгеруіне ерекше назар аудара отырып, Қазақстанда жүргізіліп жатқан фискалдық саясатты жетілдірудің нақты аспектілеріне ден қояды. Осы семинар сіздер ОДМ-ды мемлекеттік қаржыландыруды тереңірек түсіну үшін және аталған тәсілдерді іс жүзінде қалай тиімді қолдануға болатынын зерттеу үшін барынша мұқият әзірленген.

Құрметті Парламент мүшелері!

Сіздер атқарып жатқан жұмыс нәтижесі қазірдің өзінде анық байқалады. ОДМ-ға мониторинг жүргізудің жүйелі тәсілі қабылданды, Парламент пен Үкіметтің өзара іс-қимылы енді әлдеқайда тиімді және құрылымды бола түсті. Сіздер көрсетіп жатқан көшбасшылық және табандылық ұлттық қаржылық стратегиялардың орнықты даму қағидаттарына сай болуын және мемлекеттік ресурстардың осы елдің халқы үшін маңызды нәтижелерге қол жеткізуге бағытталуын қамтамасыз ету үшін шешуші мәнге ие.

Біз әлеуетті арттырудың осы әдісін жыл сайын жалғастыруды мақсат тұтамыз, әр жолы мемлекеттік қаржы және ОДМ іске асыру контекстінде Парламент мүшелерінің қадағалау және шешім қабылдау жасау мүмкіндіктерін одан әрі арттыру үшін жаңа элементтерді енгізіп отыратын боламыз.

БҰҰДБ Комиссияның аса маңызды стратегиялық жұмыс салаларында жаңа білім мен тәжірибе ұсынатын сенімді серіктесі болуын жалғастыра береді.

Осындай маңызды семинарға қатысуға уақыт тапқандарыңыз үшін тағы да алғысымды білдіремін.

Сізге нәтижелі, мазмұнды және қызықты сессия тілеймін.

 

Рахмет!