Қазақстанның жоғары оқу орындары ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшін қаржылық жоспарлау курсын енгізді
2025 ж. 5 December
Қазақстандық университеттер ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды (ЕҚТА) басқару саласында қаржылық жоспарлау бойынша мамандандырылған білім беру бағдарламасын енгізе бастады. Қазіргі таңда «ЕҚТА үшін қаржылық жоспарлау» мамандығы бойынша 246 студент білім алуда. Бұл бастама Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) жүзеге асырып отырған жаһандық BIOFIN (БИОФИН) жобасы аясында мемлекеттік серіктестермен бірлесіп іске асырылды.
Табиғатты қорғау саласындағы қазіргі сын-қатерлер мамандардан тек экологиялық білімді ғана емес, сонымен қатар стратегиялық және қаржылық жоспарлау қағидаттарын терең түсінуді талап етеді. Осы қажеттіліктерге жауап ретінде БҰҰДБ қазақстандық жоғары оқу орындарымен бірлесіп, ЕҚТА қажеттіліктеріне арналған бюджеттеу, бизнес-жоспарлау және фандрайзинг тақырыптарын қамтитын оқу курсын әзірлеп енгізді.
Бағдарлама еліміздің үш жетекші университетінде — С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде және Торайғыров университетінде сәтті апробациядан өтті. Аталған оқу орындарының оқытушылары мен әдіскерлері курсты оқу жоспарларына бейімдеу және енгізу мақсатында арнайы тренингтен өтті.
«Бұл курс студенттердің жүйелі ойлау қабілетін қалыптастыруға көмектеседі: экожүйелік міндеттерді түсінуден бастап, жобалардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге дейін. Бұл — экологиялық білім мазмұнын жаңғырту жолындағы маңызды қадам», — деді С. Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ Ауыл және орман шаруашылығы институтының Орман шаруашылығы және қоршаған орта жөніндегі білім беру бағдарламасы тобының жетекшісі Жұмағұл Боранбай.
Курс үш модульден тұрады және 23 сабақты қамтиды. Ол ЕҚТА-ны қаржылық басқарудың негізгі аспектілерін, соның ішінде:
бюджеттік жоспарлау және басқару жоспарларын әзірлеу;
бизнес-жоспарлау, Остервальдер бизнес-моделі, «тұтынушы сегменттерімен» жұмыс;
фандрайзинг негіздері және гранттық өтінімдерді дайындау
тақырыптарын қамтиды.
Бағдарлама студенттерде табиғи ресурстарды басқарудың қазіргі заманғы талаптарына сай келетін практикалық дағдыларды қалыптастыруға көмектеседі және табиғатты қорғаудың тұрақты тәсілдерін енгізе алатын жаңа буын мамандарын даярлауға ықпал етеді.
«Тренингке қатысу бізге BIOFIN әдіснамасын және оның білім беру ортасында қолданылуын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Біз тек жаңа білім ғана емес, бағдарламаны оқу жоспарларымызға бейімдеуге арналған дайын шешімдер де алдық», — деп бөлісті С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің өсімдіктер экологиясы бойынша философия докторы (PhD), оқытушы Татьяна Вахламова.
Мұндай курстарды білім беру процесіне енгізу академиялық қауымдастық пен табиғатты қорғау іс-тәжірибесі арасындағы байланысты нығайтып, сондай-ақ Қазақстанда Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді.
Еске сала кетейік, 2019 жылы BIOFIN әдіснамасы негізінде «ЕҚТА-да қаржылық жоспарлау» атты оқу бағдарламасы әзірленіп, сәтті пилоттық енгізуден өткен болатын. 2021 жылы ол жаңғыртылып, интерактивті құралдарды, практикалық мысалдарды және заманауи талдау әдістерін қамтитын «ЕҚТА-ны қаржылық басқарудағы жаңа тәсілдер» атты заманауи онлайн бейнекурсқа айналдырылды.