Қазақстан
Гендерлік теңдік
Қазақстандағы гендерлік теңдікті ілгерілету
Гендерлік теңдік – БҰҰДБ қызметінің негізгі басымдықтарының бірі әрі Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудің маңызды шарты. БҰҰДБ әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін, қатысуын және көшбасшылығын шектейтін құрылымдық кедергілер жойылмайынша орнықты дамуға қол жеткізу мүмкін емес деп есептейді.
БҰҰДБ-ның 2026–2029 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы ұйымның барлық қызмет бағыттарында гендерлік теңдікті ілгерілету жөніндегі жұмысын айқындайды. Стратегия әйелдер мен қоғамның осал топтарының мүмкіндіктер мен қызметтерге қол жеткізуін кеңейтумен қатар, олардың өз өміріне әсер ететін шешімдер мен саясаттарға ықпал ету қабілетін күшейтуге ерекше мән береді. Мемлекеттік басқару, инклюзивті экономикалық даму, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл, орнықтылықты арттыру және дағдарысқа ден қою бағыттарындағы жұмысы арқылы БҰҰДБ гендерлік тұрғыдан сезімтал саясаттар мен институттарды дамытуда елдерге қолдау көрсетеді.
Гендерлік теңдік қағидаттары БҰҰДБ-ның Қазақстандағы қызметінің барлық бағыттарына ықпалдастырылған. 2020 жылы БҰҰДБ Қазақстан кеңсесі бағдарламаларға, серіктестіктерге, коммуникацияларға, басқару жүйелеріне және жұмыс ортасына гендерлік тәсілдерді тиімді енгізгені үшін Gender Equality Seal бағдарламасының күміс сертификатына ие болды.
Бүгінде БҰҰДБ саясаттық қолдау көрсету, мемлекеттік институттардың әлеуетін нығайту, адвокация және серіктестіктерді дамыту арқылы Қазақстанның гендерлік теңдік жөніндегі ұлттық міндеттемелерін іске асыруға қолдау көрсетуді жалғастыруда. Әйелдердің шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейтуге, экономикалық мүмкіндіктерін арттыруға, гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алуға және гендерлік тәсілдерді мемлекеттік басқару, орнықты даму мен климаттық саясатқа енгізуге ерекше назар аударылады.
Қазақстандағы гендерлік күн тәртібі
Қазақстан гендерлік теңдікті ілгерілету және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін қолдауға бағытталған институционалдық тетіктерді нығайту жолында елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Ел Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияны (CEDAW), Бейжің декларациясы мен Іс-қимыл платформасын және 2030 жылға дейінгі Орнықты даму күн тәртібін қоса алғанда, халықаралық міндеттемелерге адал болып келеді. Бұл міндеттемелер 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы сияқты ұлттық саясат құжаттарында көрініс тапқан.
Соңғы жылдары гендерлік теңдікті нығайтуға және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған маңызды заңнамалық және саяси шаралар қабылданды. Сонымен қатар, әйелдердің қоғамдық және саяси өмірге қатысуын кеңейту, сондай-ақ гендерлік аспектілерді мемлекеттік басқару мен даму процестеріне енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда.
Сонымен бірге, белгілі бір сын-қатерлер сақталып отыр. Әйелдердің жоғары басқарушылық және шешім қабылдайтын лауазымдардағы үлесі әлі де төмен, еңбек нарығындағы гендерлік алшақтық толық жойылған жоқ, ал гендерлік зорлық-зомбылық қоғам үшін өзекті мәселе болып қала береді. Бұл мәселелерді шешу мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғамның, жеке сектордың және халықаралық серіктестердің бірлескен әрі жүйелі күш-жігерін талап етеді.
Қазақстандағы гендерлік теңдікті ілгерілету жөніндегі БҰҰДБ қызметі
БҰҰДБ институционалдық реформалар, әлеуетті дамыту және инновациялық бастамалар арқылы ұлттық және жергілікті серіктестерге гендерлік теңдікті ілгерілету бағытында қолдау көрсетеді.
Соңғы бастамалардың бірі – мемлекеттік мекемелерге басқару мен шешім қабылдау процестеріне гендерлік тәсілдерді енгізуге көмектесетін Gender Equality Seal for Public Institutions бағдарламасы. Бағдарлама ұлттық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып, гендерлік тұрғыдан сезімтал мемлекеттік басқару жүйесін нығайтуға ықпал етеді.
Сондай-ақ БҰҰДБ әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері мен көшбасшылық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бұл жұмыс дағдыларды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және әйелдер мен қыздарға, соның ішінде STEM салаларында жаңа мүмкіндіктер ашатын бастамалар арқылы жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу мен оған ден қоюға, БҰҰ жүйесі аясындағы серіктестіктерді нығайтуға және климаттық саясат пен орнықты даму салаларында гендерлік тәсілдерді ілгерілетуге назар аударылады.
Осы бастамалар арқылы БҰҰДБ өз серіктестерімен бірге әйелдер мен ерлер елдің дамуына тең дәрежеде қатыса алатын, анағұрлым инклюзивті, орнықты әрі әділетті Қазақстанды қалыптастыруға үлес қосады.
Пайдалы сілтемелер
Қазақстандағы БҰҰДБ: Гендерлік теңдік
БҰҰДБ-ның 2026–2029 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы
Мемлекеттік мекемелерге арналған Gender Equality Seal бағдарламасы