Инновациялық «жасыл» қаржыландыру бастамасы – тұрақты жаңғырту үшін

2022 ж. 11 November

 

 

Біз белгісіздік әлемінде өмір сүріп отырмыз. Осы күні адамзат алдында климат пен биоалуантүрлілік дағдарыстары, теңсіздік пен саяси бөлектену проблемалары, технологиялық төңкерістер сияқты қорқынышты сын-қатерлер бой көтеріп келеді. Бұл біздің шындығымыз. Жаңадан жарық көрген «Аласапыран кезең, күйсіз тұрмыс: өзгеріп жатқан әлемдегі болашағымызды сомдау» атты БҰҰДБ-ң Адамзат дамуы туралы жаңа баяндамасы осынау бұрын-соңды болмаған оқиғалардың аласапыран ағымында дұрыс жол тауып, басты назарымызды адамдарға аталмыш сын-қатерлерді жеңуге мүмкіндік беретін үш практикалық әрекет – инвестицияларға, сақтандыруға және инновацияларға аударуға шақырады.

Инвестиция ағымдарын қайда бағыттайтынымыз шешуші мәнге ие. Ғаламшарымызға түсетін жүктемені азайту және тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында инновациялық «жасыл» қаржыландыруды ұлғайту үшін бүкіл әлем мен елдер деңгейінде жаңа тетіктерді құруға басты назар аударған жөн.

Қазақстан үшін «жасыл» инвестицияларды тарту 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығын қамтамасыз етудің өршіл мақсатына жетудің маңызды шарты болып табылады. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі есептеп отырғандай, мұндай өзгерістерді іске асыру үшін алдағы 40 жыл ішінде 647,5 млрд АҚШ доллары мөлшерінде инвестиция қажет. Нормативтік-құқықтық базаны, сондай-ақ қаржылық және физикалық инфрақұрылымды құруға мемлекеттік қаржыландырудың едәуір көлемі қажет болады. Жекеше сектор қаржыландырудың 96,5% процентін қамтамасыз етеді деп топшыланып отыр.

БҰҰДБ Тұрақты даму мақсаттарын стратегиялық жоспарлау мен мемлекеттік қаржыны оларға сәйкес келтіруді қолдауда шешуші рөл атқарады. БҰҰДБ кедейлік пен теңсіздік деңгейін төмендету, сондай-ақ прогрессивті, әлеуметтік тұрғыдан әділ әрі экономикалық тұрғыдан адал тәсілді қамтамасыз ету үшін қазба отынына бөлінетін субсидияларды «жасыл» энергетикаға, көлікті ұтымды пайдалануға және басқа да тұрақты секторларға бұруды көздейтін фискалдық саясат реформасын талқылауға жәрдемдеседі.

«Жасыл» технологиялар саласындағы өзгерістердің міндетті алғышарты ретіндегі жеке инвестициялар

«Жасыл» өсуді қамтамасыз ету үшін кең ауқымды өзгерістер үлкен көлемдегі жеке капиталды қажет етеді және, бақытымызға орай, оған қажетті қаражат бар. Мәселен, екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфелі шағын және орта бизнеске берілген қарыздар түріндегі 19,0 миллиард АҚШ долларын қоса алғанда (және тіпті халықаралық борыштық міндеттемелер нарығын есептемегенде) 43,4 миллиард АҚШ долларын құрайды. Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметінше, 2022 жылдың екінші тоқсанында банк секторының 6,6 млрд АҚШ доллары мөлшеріндегі артық өтімділігі тіркелген.

Сонымен қатар, түпкі тұтынушы қарызды 19 процентке дейінгі сыйақы мөлшерлемесімен ала алады, бұл тіпті «жасыл» технологиялардың бағасы айтарлықтай төмендеген қазіргі кездің өзінде несиені өтеп, аман қалу үшін өте қиын. Екінші жағынан, екінші деңгейдегі банктер әдетте өздерінің «жасыл» клиенттерін тәуекелдері жоғары деп санай отырып, сақтықпен әрекет етеді және несиені зауықсыз береді.

БҰҰДБ – жаңа «жасыл» қаржыландыру құралдарын жасау саласындағы көшбасшы

«Жасыл» бастамаларды қаржыландырудағы қазіргі кедергілерді еңсеру мақсатында БҰҰДБ Қазақстанда қолайлы орта құруға және «жасыл» қаржыландыру жүйесін дамытуға жәрдемдеседі. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен ынтымақтастықта БҰҰДБ Жаһандық экологиялық қор қаржыландыратын жобалар портфелі шеңберінде энергия тиімділігі мен жаңартылатын энергия көздері саласындағы шағын және орта бизнес үшін «жасыл» қаржының қолжетімділігі мен қолайлылығын арттыруға арналған бірқатар қаржы құралдарын сынақтан өткізді.

Бұл құралдардың барлығы тәуекелді азайту арқылы қарыз қаражатын тартуды жеңілдетеді және/немесе тиісті критерийлерге сәйкес келетін жобаларды қаржыландыру үшін тартылған қаражаттың құнын төмендетеді. Осындай құралдардың бірі – 2018 жылы енгізілген сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау. 36 жобаға банкке сыйақы мөлшерлемесіне өтемақы төлеу түрінде қолдау көрсетілді. Қазақстандық «Зеренді» курортының негізіндегі «Парус» жастар сауықтыру лагерінде энергия тиімділігі мен жаңартылатын энергия көздерін жаңғырту жөніндегі кешенді жоба бұған жақсы мысал бола алады.

Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде лагерь электр энергиясы мен жылыту төлемдерін айтарлықтай төмендете алды. Үнемделген қаражат борышты өтеуге қызмет көрсету үшін пайдаланылып, қызметтердің құнын төмендетуге мүмкіндік берді. Ғимараттардың сыртқы түрін жақсарту мен лагерьдің балаларға жайлылығын арттыру арқылы экологиялық ұтымды инвестициялар лагерьдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ұзақ мерзімді мемлекеттік келісімшартқа отыруын қамтамасыз етті.

Шағын және орта бизнес: «жасыл» несиелердің пайдасы

Пилоттық режимде іске қосылған қаржы құралдары жақсы экономикалық, әлеуметтік және экологиялық нәтижелер көрсетті. Мысалы:

- Жеке инвестицияларды тарту (₸1 мөлшеріндегі субсидия ₸6-ге дейін инвестиция тартуға мүмкіндік береді (бірнеше компания бірлесіп қаржыландырған жағдайда тартылған инвестициялар сомасы ₸1 / ₸ 14 арақатынасына жетті);

- Энергия сату компаниялары өз қызметі шеңберінде жобаларды іске асырудан бюджетке жаңа салықтық түсімдерді қамтамасыз етеді, бұл орайда ₸1 субсидия 6 жыл ішінде ₸3-ге дейін салық түсімдерін алуға мүмкіндік береді;

- Орта есеппен ₸21,3 млн инвестиция 1 «жасыл» жұмыс орнын құрып, ШОБ дамуына да ықпал етеді.

Бұл жобаны іске асыру тетігі де дайын. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуын ынталандырудың «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде еліміздің бүкіл аумағында қарыздарға сыйақы төлеу үшін субсидиялау енгізілді. Бұл бағдарлама ШОБ-қа 8 проценттік сыйақы мөлшерлемесі бойынша «жасыл» қарыздар беруді көздейді. «Жасыл» жобаларды іріктеу процесін жеңілдету және «жасыл» құралдарды қолдау кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында БҰҰДБ белгіленген критерийлерге жауап беретін технологиялар каталогын дайындады. Бұл каталог кейінірек 2021 жылы қабылданған «жасыл» жобалардың ұлттық таксономиясына енгізілді.

«Жасыл» облигациялар – Қазақстанда алғаш рет

«Жасыл» облигациялар Қазақстанда БҰҰДБ тарапынан алғаш рет 2020 жылдың тамызында енгізілген тағы бір борыштық құрал болып табылады. БҰҰДБ әріптесі – АХҚО Жасыл қаржыландыру орталығы атап өткендей, оларды шығарудың арқасында Қазақстанда тұрақты бонд нарығы құрылды. Осыдан кейін ESG облигацияларының тағы үш топтамасы шығарылды: Азия даму банкінің 32,5 млн АҚШ доллары көлеміндегі екі шығарылымы мен «Даму» компаниясының 2,4 млн АҚШ доллары көлеміндегі бір шығарылымы. Жасыл облигацияларды субсидиялау мен олардың мақсатқа лайықтығын көрнекі көрсету үшін пайдаланылған донорлық қаражаттың 1 доллары ағымдағы жағдай бойынша облигациялардың кейінгі шығарылымдарында 175 долларды айналымға шығаруға ықпал еткенін айтып кеткен жөн.

Инвестициялар тәуекелін азайту

БҰҰДБ Қазақстандағы энергия тиімділігіне инвестициялауға кедергі келтіретін негізгі барьерлердің бірін – ШОБ-тың кепілдің жоқтығына байланысты қолжетімді қаржыландыруды алуға қабілетсіздігін жоюға ұмтыла отырып, нарықты тексеру үшін қарызға кепілдік беру құралын енгізді, мұнда БҰҰДБ дефолт болған жағдайда банкке «жасыл» жобаның борышын төлеу бойынша кепілгер ретінде өзіне міндеттеме алды.

БҰҰДБ, сондай-ақ, Қазақстанда ғимараттардың ескі жалпы қорын жаңарту мәселесін шешуге және құрылыс саласы өндіретін парниктік газдар шығарындыларын экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан тиімді түрде азайтуға көмектесетін эксперименттік факторинг мәмілелерін жүргізуге жәрдемдесті.

Қаржы құралдарынан бөлек, БҰҰДБ-ң инвестициялар тәуекелдерін төмендету жөніндегі тұрақты сипаттағы іс-шаралары жақсы нәтижелер беріп, жаңартылатын энергетикаға қомақты қаражат тарту мүмкіндігін қамтамасыз етті. Мысалы, Түркістан облысының Шәуілдір ауылында қуаты 50 МВт күн электр станциясының құрылысына 40-50 млн доллар тікелей шетелдік инвестиция бөлінді.

Атмосфераға көміртегі шығарындылары үшін төленетін төлемдер көптеген елдер өздерінің Ұлттық анықталған салымдарын жүзеге асыруға ықпал ету мақсатында қабылдаған мағыналы жаңа саяси құрал болып табылады. БҰҰДБ Қазақстанға жаһандық көміртегі нарықтарына интеграцияланудан пайда көруге және төмен көміртекті экономикаға халықаралық және жекеше сектор инвестицияларын тартуға көмектеседі.

Енгізілген құралдардың барлығы тәуекелдер мен шығындарды азайтып, түпкі тұтынушылар үшін процесті жеңілдетеді, оған қоса, оларды қайталау және бейімдеу оңай, сондықтан олар тұрақты экономикалық өсуге ықпал етеді.