Табиғатпен 30 жыл үндескен: "Көкшетау" ұлттық паркінің адамдары
2026 ж. 18 September
"Көкшетау" ұлттық табиғи паркі
Мыңдаған турист үшін ұлттық парк көлдері бұл - жазғы демалыс мекені. Ал Жолдасқан Қарабаев пен оның әріптестері үшін парктің орманы мен көлдері - тұтас ғұмырының бір бөлігіне айналған еңбек.
"Табиғатты қорғау саласында кездейсоқ адам болмайды. Бұл жерге адам жүрек қалауымен келеді",- дейді Жолдасқан Қарабаев.
Жолдасқан Қарабаев орман саласына 2001 жылы келген. Ал 2025 жылдан бері «Көкшетау» ұлттық паркінің директоры қызметін атқарып келеді. Осы саладағы 25 жылдық еңбек жолында ол орман өрттерін де көрді, браконьерлікпен де күресті. Табиғатты қорғау жұмысының қаншалықты күрделі екенін жан-тәнімен түсінеді.
Жолдасқан Қарабаевтың салада жүргеніне 25 жыл. Ол бұл мамандықты таңдағандар табыс көзі үшін емес, ең алдымен, жеке құндылықтардың жетелеуімен келетініне сенімді.
Бүгінде Жолдасқан Қарабаев пен оның әріптестерінің басты міндеттерінің бірі - орманды сақтау. Қазақстан орманы аз елдердің қатарына жатады. Сондықтан мұнда әр гектар маңызды. Ұлттық парк құрамына бес филиал кіреді. Олардың әрқайсысында орманды қалпына келтіруге қажетті жас көшеттер өсірілетін тәлімбақтар бар.
Қарабаев 30 жылдағы басты жетістігі ретінде орманды сақтап қана қоймай, оның аумағын арттыра алғанын ерекше айтады. Соңғы жылдары парк аумағында ірі орман өрті де, заңсыз ағаш кесу дерегі де тіркелмеген. Сонымен қатар көлдерге ғылыми бақылау жүргізіліп, мамандар судың құрамын, су өсімдіктері мен балдырларды зерттеп келеді.
Алайда, Жолдасқан Қарабаевтың оқиғасы - осындай көптеген тағдырдың бірі ғана. 30 жыл ішінде «Көкшетау» ұлттық паркінде орманы мен көлін өз өмірінің бір бөлігіне айналдырған бірнеше буын қалыптасты. Олардың қатарында орманшылар, ғалымдар, инспекторлар мен мектеп оқушылары бар. Бірі паркке ондаған жылын арнаса, енді бірі мұнда жақында ғана келген. Ал кейбірі табиғатты қорғау жолындағы алғашқы қадамын енді бастап жатыр.
"Көкшетау" ұлттық паркі Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында орналасқан. Жалпы аумағы - 182,000 гектар.
Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан орман
Кейбір қызметкерлердің бұл орманмен байланысы паркке қызметке келгенге дейін, әлдеқайда ертерек басталған.
Зеренді филиалының директоры Құшпай Бұқанов - орманшылар әулетінің үшінші буыны. Еңбек жолын мемлекеттік инспектор болып бастап, кейін орман шебері, орманды қорғау жөніндегі инженер, бас орманшы қызметтерін атқарған. Соңғы 15 жылдан бері филиалға жетекшілік етіп келеді. Орман саласындағы еңбек өтілі - 44 жыл.
"Бала кезімнен әкеммен бірге орман аралап, оның қиын жұмысына көмектесетінмін. Табиғатқа деген сүйіспеншілік те сол кезде оянды. Мектепте және Красный Кордон ауылында құрылған мектеп орманшылығында өзім де жұмыс істей бастадым. Бүгінде сол жерде балалармен бірге жұмыс істейміз",- дейді Құшпай Бұқанов.
Орман саласындағы 44 жыл: Құшпай Бұқанов үшін орман - жай ғана жұмыс орны немесе демалыс мекені емес, орман - үлкен отбасының бір бөлігі.
Александр Матвеев ұлттық паркте сегізінші жыл жұмыс істеп келеді. Оның ағасы да орманшы болған. Ұлттық парктің Шалқар филиалында ол орманның аурулар мен зиянкестерден зақымданбауын қадағалайды. Александр үшін орманды қорғау - өзінен кейінгі ұрпаққа құнды дүние қалдырудың бір мүмкіндігі.
Людмила Назарованың да еңбек жолы осы орманмен байланысты. Ол - Шалқар филиалының орманды молықтыру және орман өсіру жөніндегі инженері. Лобаново ауылында тұрады. Әкесі ұлттық паркте 40 жыл механик болып еңбек еткен. Людмила бұл салаға бірден келген жоқ. Бұған дейін жергілікті колледжде жұмыс істеген. Колледж жабылғаннан кейін ұлттық паркке қызметке орналасқан.
"Менің жұмысым қызық. Орманды қалпына келтірумен айналысамын. Қарағай мен қайың көшеттерін өсіріп, кейін оларды орман алқаптарына отырғызамыз",- дейді Людмила.
Людмила мен Александр ұлттық парктің Шалқар филиалында еңбек етеді. Екеуі де жақын маңдағы ауылдарда тұрады.
Орманды қорғау: рациядан тепловизорға дейін
Үш онжылдық ішінде мемлекеттік инспекторлардың жұмысы да айтарлықтай өзгерді.
2024 жылдан бастап ұлттық парк аумағында өртті ерте анықтау жүйесі жұмыс істейді. Бүгінде 18 камера 182,000 гектарға жуық аумақты бақылауда ұстайды.
Табиғи кешендерді қорғау және сақтау жөніндегі бас инженер Мейірхан Ғабдуллин жүйенің қалай жұмыс істейтінін көрсетеді. Камералар биіктіктерге орнатылған. Ең биік нүкте шамамен 600 метр биіктікте орналасқан. Тепловизорлар ондаған шақырым қашықтықтағы өртті түтін көзге көрінбей тұрып-ақ анықтауға мүмкіндік береді. Сигнал түскен бойда орталық кеңседегі оператор филиалдағы әріптесімен байланысады. Ал инспекторлар оқиға орнына дереу аттанады.
"Ең бастысы - өртті дер кезінде оқшаулау. Бұрын жағдай басқаша еді: инспектор рациямен кезекшілік атқарып, өрттің қай жерде шығуы мүмкін екенін іс жүзінде болжап қана отыратын. Қазір технологияның көмегімен өрт ошағын нақты анықтай аламыз",- дейді Мейірхан Ғабдуллин.
Бұл әсіресе климат құбылмалы бола түскен қазіргі кезеңде маңызды. Қатты жел мен найзағайдың жиілеуі өрт қаупін арттырады. Жазда, туристік маусым қызған кезде, парк филиалдарында тұрақты қызметкерлермен қатар, 100-200-ге жуық адам жұмыс істейді. Олардың қатарында инспекторлар, өртті бақылаушылар және маусымдық қызметкерлер бар.
Өртті ерте анықтау жүйесі тәулік бойы жұмыс істейді және ұлттық парк аумағын толық қамтиды.
Соңғы жылдары парктің материалдық-техникалық базасы да айтарлықтай жаңарды. Паркке 17 өрт сөндіру көлігі және 10-нан астам трактор жеткізілді. Бұл іске Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) да өз үлесін қосты. Бағдарлама паркке шынжыр табанды трактор мен орман патрульдеу техникасын табыстады. Жүздеген мың гектарға созылып жатқан аумақ үшін бұл техника жай ғана құрал-жабдық емес, күнделікті жұмыстың маңызды бөлігі.
Орман қорғаушыларының кейінгі буыны
Бүгінде орманды сақтау дәстүрі жаңа буын арасында да жалғасып келеді. Зеренді филиалы жанындағы мектеп орманшылығына 20-ға жуық бала қатысады. Олар ағаш отырғызады, құстар мен жануарларға жем салғыштар жасайды, ұлттық парктің экологиялық акцияларына атсалысады.
Экологиялық ағарту жөніндегі маман Айнұр Шәріпова мектеп оқушыларымен бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Балаларға не қызық екенін де жақсы біледі. Оның жұмысы бір ғана мектеппен шектелмейді. Айнұр ауданның шамамен 20 ауылдық мектебінде экологиялық ағарту сабақтарын өткізеді.
Зеренді филиалы жанындағы мектеп орманшылығы - ұлттық парктің көп жылдан бері жүргізіп келе жатқан экологиялық ағарту жұмысының бір бағыты.
Қызыл Кордон ауылындағы мектепте экологиялық сабақтар бастауыш сыныптардан басталады. Мектеп аумағында жеті шағын тәлімбақ пен жылыжай жұмыс істейді. Тоғызыншы сынып оқушысы Назира үшін экологиялық ағарту - тәрбие жұмысының ажырамас бөлігі. Ал оның сыныптасы Айым үшін бұл - экологиямен тәжірибе жүзінде айналысуға мүмкіндік. Ол ғылыми жобаларға қатысып, Экология министрінің арнайы алғыс хатына ие болған.
"Мен үшін бұл жай ғана экология мәселесі емес. Менің қатарластарым қоқыстың қоршаған ортаға келтіретін зиянын әлі де толық түсіне бермейді. Меніңше, блогерлер мен қоғамға танымал тұлғалар табиғатты қорғау мен экология туралы көбірек айтуы керек. Өйткені жастар оларды өздеріне үлгі тұтады",- дейді оқушы.
Айым мен Назира Қызыл Кордон ауылындағы мектепте оқиды және екеуі де мектеп орманшылығының мүшесі.
Айым айтып отырған қоқыс - парк қызметкерлері әр туристік маусым сайын кездесетін мәселелердің бірі. Демалушылар қоқысты көл жағасына тастап кетеді. Ал қатты шу мен музыка жануарлар мен құстарға кері әсер етеді. Сондықтан, ұлттық парк үшін экологиялық ағарту табиғатты қорғау жұмысына қосымша бағыт қана емес, оның ажырамас бөлігі.
Бақылауды қажет ететін көлдер
Егер орман «Көкшетау» ұлттық паркінің басты нышандарының бірі болса, оның көлдері - парктің визиттік карточкасы. Олардың жағдайын көп жылдан бері ихтиолог, аға ғылыми қызметкер Ерлан Жұмай зерттеп келеді. Ол ұлттық паркке 2004 жылы келген.
Бүгінде мамандар Зеренді көліне ерекше назар салып отыр. Соңғы бес жылда көлдегі су деңгейі айтарлықтай көтерілген. Соның салдарынан оған жақын орналасқан көшелер мен жағажайларды су басып, жағалаудағы ағаштар қурай бастаған. Тиісті бақылау мен шаралар қолға алынбаса, көлдің батпаққа айналу қаупі бар. Қазірдің өзінде оның экожүйесіне елді мекендердің жақындығы, қамыс пен қоғаның шамадан тыс өсуі, сондай-ақ жағалауда бірыңғай кәріз жүйесі қарастырылмаған демалыс орындарының көбеюі әсер етіп отыр. Сондықтан, ұлттық парктің негізгі міндеттерінің бірі - туризмді табиғатқа зиян келтірмейтіндей дамыту.
"Су - жер бетіндегі ең құнды ресурстардың бірі. Сондықтан біздің міндетіміз - осы құндылықты сақтау. Қазақстан суға бай елдердің қатарына жатпайды",- дейді Ерлан Жұмай қазақтың «Судың да сұрауы бар» деген мақалын еске ала отырып.
Ерлан Жұмайдың айтуынша, Зеренді көлін зерттеу және тұрақты мониторинг жүргізу ондағы өзгерістерді бақылап, олардың ықтимал салдарын болжау үшін қажет.
"Дұрыс шешім қабылдау үшін су айдындарында қандай үдерістер жүріп жатқанын нақты түсінуіміз қажет. Ұлттық парк бұл бағытқа маманданған мекеме емес, ал ғылыми зерттеулер жүргізу қомақты қаржыны қажет ететін жұмыс",— дейді маман.
Қазақстан - су ресурстары шектеулі ел. Жан басына шаққандағы сумен қамтамасыз етілу деңгейі БҰҰ су тапшылығы ретінде бағалайтын шектен төмен. Дүниежүзілік ресурстар институтының дерегінше, 2050 жылға қарай әлем халқының 31 пайызы жоғары деңгейдегі су тапшылығына тап болуы мүмкін. Сондықтан Зеренді көліндегідей жергілікті деңгейде жүргізілетін зерттеулер ауқымды міндеттің бір бөлігіне айналып отыр.
Қазір ұлттық парк бұл міндетті Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) бірлесіп, Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) қаржылық қолдауымен жүзеге асырылатын FOLUR бастамасы аясында шешіп келеді. 2025 жылдан бері ұлттық парк аумағында БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп кешенді зерттеулер жүргізілуде. Мамандар судың гидрохимиялық құрамын, су өсімдіктері мен балдырлардың жағдайын, көлдің биологиялық ресурстарын және жағалаудағы ағаштарды зерттеп жатыр.
Осы жоба аясында ұлттық парк сараптамалық қолдауға ие болып, заманауи әдістемелер мен жабдықтарды, сондай-ақ сулы-батпақты алқаптарды мониторингтеудің халықаралық озық тәжірибесін енгізуге мүмкіндік алады.
"Көкшетау" ұлттық паркіндегі Зеренді көлі.
Турист көбейген сайын жауапкершілік те артады
Көлдерге келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. Биылдың өзінде Шалқар көліне 100,000-нан астам адам келген. Бұл көрсеткіш бойынша көл көршілес, туристер арасында әлдеқайда танымал Бурабаймен бәсекелесе алады.
Шалқар филиалының директоры Дулат Орымбаев орман саласында 2005 жылдан бері еңбек етеді. Бұл мамандыққа оны кезінде өмірін орманмен байланыстырған ағалары алып келген.
Дулат Орымбаевтың пікірінше, ұлттық парктегі туризм табиғатқа қарсы емес, керісінше, оны сақтауға қызмет етуі тиіс.
Бүгінде филиалда маусымдық қызметкерлерді қоса алғанда, 130-дан астам адам жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі Лобаново, Имантау, Айыртау және Шалқар сияқты жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары. Саладағы жалақы көтерілгеннен кейін мұнда жастар да қайта келе бастады. Бұрын табиғатты қорғау саласында әйелдер саны айтарлықтай аз болса, қазір бұл жұмысқа өз еркімен келіп, қызметке орналасып жатқан әйелдер де көбейген.
Дулат Орымбаев филиал аумағын ерекше табиғи мекен деп атайды. Мұнда төрт табиғат ескерткіші бар. Солардың бірі - Айыртау шоқысы. Оның ең биік нүктесінен филиал аумағының жартысына жуығы мен Шалқар көлін тамашалауға болады.
Туристер ағынының артуы жаңа шешімдерді де қажет етті. Филиалдың кіреберісінде екі автоматтандырылған бақылау-өткізу пункті орнатылған. Мұнда кіру ақысын қашықтан немесе сол жерде QR-код арқылы төлеуге болады.
"Біз туризмге қарсы емеспіз. Бірақ бұл ең алдымен табиғатты сақтауға бағытталған тұрақты туризм болуы керек",- дейді Дулат Орымбаев.
Шалқар филиалына келетін барлық туристік ағын бақылау-өткізу пункттері арқылы өтеді. Кіру ақысын алдын ала қашықтан немесе сол жерде QR-код арқылы төлеуге мүмкіндік бар.
Ал Зеренді филиалында туристерге арналған визит-орталық 2022 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл бағытқа рекреация және туризм жөніндегі инженер Данар Зикрина жетекшілік етеді. Ол мамандығын саналы түрде таңдаған және өз миссиясын экотуризмді дамытумен байланыстырады.
"Ұлттық паркте көрікті жерлер өте көп. Экотуризмді дұрыс дамытсақ, мүмкіндігі де мол",- дейді Данар.
Визит-орталықта келушілер ұлттық парк аумағында өзін ұстау ережелерімен танысады, оның өсімдіктері мен жануарлары туралы ақпарат алады және өздеріне қолайлы туристік бағытты таңдайды. Алдағы жоспарлардың қатарында жаяу және велосипед жолдарын дамыту бар. Қазірдің өзінде мұнда бақылау алаңдары мен туристерге арналған үйлері бар жабдықталған кемпинг орындары жұмыс істейді.
Зеренді филиалының визит-орталығы 2022 жылы ашылған. Туристердің ұлттық паркпен таныстығы осы жерден басталады.
Келушілер мұнда парктегі тәртіп ережелерін білуге, өсімдіктері мен жануарлар дүниесімен танысуға және туристік бағыт таңдауға келеді. Соңғы уақытта қонақтардың қатарында көршілес облыстардан ғана емес, шетелден, соның ішінде Германиядан келетін туристер саны да артып келеді.
Арықбалық филиалындағы Имантау көлінде туризм енді қарқын ала бастады. Филиал директоры Марат Аққошқаровтың айтуынша, парк туристік инфрақұрылымды өз мүмкіндігі шегінде кезең-кезеңімен дамытып келеді. Мәселен, жуырда демалушыларға арналған жаңа санитарлық блок салынды. Сонымен қатар, қызметкерлер қонақтарды табиғатқа ұқыпты қарауға шақырады. Демалушыларға қоқыс қалдырмау және музыканы қатты қоймау туралы үндеулер жазылған парақшалар таратылады.
"Адамдарды біздің көлдеріміз бен қарағайлы ормандарымыз қызықтырады. Мұнда басқа өңірлерден, тіпті Маңғыстау облысынан да туристер келеді. Имантау көлінің аумағы шамамен 6 мың гектарды алып жатыр. Оны бұғы, елік, қабан мен сусар мекендейтін ормандар қоршап жатыр. Ал көлден аққулар мен жабайы үйректерді кездестіруге болады", - дейді Марат Аққошқаров.
Төрт орманшылық пен 53,000 гектардан астам аумақ - Арықбалық филиалы жауап беретін территория.
Бізден кейін не қалады?
Туристер үшін ұлттық парк аумағының барлық бөлігі бірдей ашық емес.
Имантау көлінің ортасындағы Тасарал аралында эколог Айгүл Хамитова топырақты бекітіп, аралды эрозиядан қорғайтын, сирек кездесетін реликті өсімдік - казак аршасын көрсетеді. Тасарал - республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғат ескерткіші. Мұнда туризмге және экожүйеге зиян келтіруі мүмкін кез келген қызмет түріне тыйым салынған. Сондықтан арал, ең алдымен, табиғат пен ғылыми зерттеулерге арналған аумақ болып қала береді.
Айгүл Хамитова ұлттық паркте 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Ол үшін табиғатты сақтау - өзінен кейінгі ұрпаққа құнды мұра қалдыру мүмкіндігі.
"Табиғатымыздың болашақ ұрпақ үшін сақталғанын, осы сұлулықты кейінгі ұрпақтың да көргенін қалаймын",- дейді Айгүл Хамитова.
Тасарал аралында Айгүл Хамитова топырақты бекітетін сирек өсімдік - казак аршасы туралы әңгімелейді.
30 жыл ішінде «Көкшетау» ұлттық паркі өсіп, өзгерді. Орманды қорғаудың жаңа технологиялары енгізілді, тәлімбақтар құрылды, туристік бағыттар мен визит-орталықтар ашылды, ғылыми зерттеулер жүргізіле бастады. Жаһандық экологиялық қордың қаржыландыруы мен БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауын қоса алғанда, серіктестердің көмегі ұлттық паркке материалдық-техникалық базасын нығайтуға, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға және су айдындарын зерттеуге мүмкіндік беріп отыр.
Алайда бұл оқиғаның негізінде әлі де адамдар тұр. Зеренді көлінің тағдырына деген көңіл алаңын бүкіл ғылыми қызметінің өзегіне айналдырған Ерлан Жұмай. Табиғатты сақтауды тұтас кәсіби қызметіндегі маңызды іс деп білетін Жолдасқан Қарабаев. «Осы сұлулықты кейінгі ұрпақ та көрсе екен» дейтін Айгүл Хамитова және бір күні бұл оқиғаны өз атынан жалғастырып айтатын Красный Кордон ауылының балалары.
Зеренді көлі - "Көкшетау" ұлттық паркінің інжу-маржандарының бірі.