Астанадағы жоғары деңгейдегі диалог ТК30-ға дайындық барысында қарқын алып жатыр
Орталық Азия климаттың өзгеруімен күресу үшін күш біріктіреді
2025 ж. 29 May
Астана халықаралық форумы аясында Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен және Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігімен серіктестікте «ТК30 және климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі жаһандық іс-шаралардың болашағы» атты жоғары деңгейдегі панельдік сессия өтті.
Іс-шара 2025 жылдың қарашасында Беленде (Бразилия) өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 30-шы конференциясы (КС30) қарсаңында Орталық Азия елдері арасындағы климаттың өзгеруімен күресу жөніндегі ұлттық міндеттемелерді, қаржыландыру қажеттіліктерін және өзара келісілген әрекеттерді талқылау алаңына айналды.
Өз алғы сөзінде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және БҰҰ Даму бағдарламасы әкімшісінің орынбасары Хаолян Шу климаттың өзгеруімен күресу үшін әділ және орнықты іс-шаралардың маңызды құрамдас бөлігі ретінде өршіл климаттық міндеттер белгілеуге және қаржыландыруды ұлғайтуға шақырды.
«ТК30 алдында біз саяси уәделерді нақты, бетбұрысты әрекеттерге айналдыру үшін күш біріктіруіміз керек», — деді Хаолян Шу. «Алпыс жылдық даму тәжірибесіне сүйене отырып, БҰҰДБ жер-жерде білім тарату, серіктестік орнату және инновацияларды енгізу арқылы елдерге қолдау көрсетуде шешуші рөл атқаруды жалғастырып жатыр. Біз ұлттық басымдықтарды климат саласындағы жаһандық мақсаттармен үйлестіруге — Ұлттық деңгейде анықталатын жарналарын (ҰДАЖ) әзірлеу мен іске асырудан бастап инвестицияларды жұмылдыруға және климатқа төзімді институттар құруға дейін көмектесеміз».
Сессия Орталық Азияның экономика және қаржы министрліктерінің, халықаралық қаржы институттарының өкілдерін және даму серіктестерін аймақтың өршіл ҰДАЖ 3.0 қаржыландыру бойынша диалог құруға жинады. Пікірталастар климат саласын қаржыландырудағы кедергілерді жоюға, инновациялық қаржы құралдарын зерттеуге және өзара келісілген инвестициялық стратегияларды ілгерілетуге арналды. Сессия сонымен қатар климат саласын қаржыландыру қажеттіліктерін құрылымдауға және 2026 жылы БҰҰ жетекшілік ететін Аймақтық климат саммитіне аймақтық инвестициялық ұсыныс әзірлеуге бағытталды.
Биыл климат саласында жаһандық ынтымақтастықтың басты негізі болып табылатын Париж келісіміне он жыл толады. Сөз сөйлеушілер болашақ ҰДАЖ жай ғана саяси мәлімдемелер емес, әлеуметтік-экономикалық дамумен үндес нақты инвестициялық жоспарлар болуы тиіс екенін атап өтті. Диалог барысында сонымен қатар дамушы елдер үшін климат саласын қаржыландыруды кеңейту үшін ауқымды бастама болып табылатын, құны 1,3 трлн АҚШ долларын құрайтын Баку-Белен жол картасы талқыланды.
Сессия Орталық Азиядағы аймақтық ынтымақтастықтың әлеуетіне ерекше тоқталып, бытыраңқы іс-шаралардан ұзақ мерзімді, нәтижеге бағытталған серіктестікке ойысуға айқын белгі берді. Сессияның нәтижелері КС30 қарсаңында Орталық Азиядағы анағұрлым үйлестірілген өзара іс-қимыл негізін қалауға көмектесе алады, осылайша адамдар үшін де, ғаламшар үшін де климатқа төзімді болашақ құру жөніндегі жаһандық күш-жігерге үлес қосады.
БҰҰДБ бүгінгі күннің өзара байланысты климат және даму мәселелерін шешу үшін үкіметтерге қолдау көрсетуде маңызды рөл атқаруды жалғастырып жатыр. Қазақстан климаттық күн тәртібін ілгерілету бойынша нақты әрекеттер мен өңірлік ынтымақтастық арқылы көшбасшылық танытып отыр. Үкіметпен және басқа да мүдделі тараптармен серіктестікте БҰҰДБ экожүйелерді қалпына келтіру және энергия тиімділігін қамтамасыз етуден бастап орнықты азық-түлік жүйелерін қалыптастыру және ұлттық бейімделу жоспарын әзірлеуге дейін негізгі салаларда түрлі жобаларды жүзеге асырады.