Жерге оралу: Қазақстанның ауылдық жерлеріндегі әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту

2022 ж. 12 September
«Мен жерді ештеңеге айырбастамаймын. Ол біздің құсымызды, отбасымызды асырайды.»
Саумалкөл ауылының кәсіпкері Светлана

Светлана Савельева Қазақстанның шағын ауылында бизнесті дамыту үшін қаладағы жұмысын тастап кетті.

Төрт жыл бұрын Светлана Савельева құс шаруашылығымен айналысу үшін Көкшетау қаласынан солтүстік Қазақстандағы шағын ауылға көшіп келген. 

Саумалкөл ауылындағы Светлананың шағын фермасы Бейжің ақ тұқымының ысылдақ және үй үйректері кежектерінің гибридтері болып табылатын асыл тұқымды мулард-үйрек құстарын өсіруге маманданған. Оның айтуынша, құс өсіруді ол ауылға көшкенге дейін бастаған. Светлана түске дейін поштада жұмыс істеді, жалақысы жетіспеді және ол күннің екінші жартысына жұмыс табуға шешім қабылдады.

«Мен бос отыруға үйренбеген адаммын. Оның үстіне екі баланы аяққа тұрғызу керек болды. Досым шағын жұмыс ұсынды. Ол құс өсірумен айналысты, ал мен сатуға көмектестім. Дәл солай болды – күннің бірінші жартысында мен поштада жұмыс істедім, ал қалған уақытта құс шаруашылығымен айналыстым және осы істі қатты жақсы көріп кеттім», -
дейді Светлана.

Саумалкөл ауылы Солтүстік Қазақстан облысындағы аттас көлдің жағасында орналасқан. Мұнда шамамен 10 000 адам тұрады.

Светлана жұбайымен бірге жерге жақын болу үшін қалалық пәтерден ауылға көшуді шешті. Көшкеннен кейін Светлана өз бизнесін ашу туралы шындап ойланды. Бұл құс шаруашылығы болатынына оның күмәні болған жоқ.

Бизнеспен айналысуға Светланаға балалары мен жұбайы Владимир көмектеседі.

«2020 жылы пандемия басталды және бірдеңе жасау керек болды. Мен ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге де, бизнесін кеңейтетіндерге де қолдау көрсететін «Эко Даму» бағдарламасы туралы білдім және өз ісімді қаржыландыруға өтінім беруді шештім», -
дейді Светлана.

Светлананың идеясын оның жақындары – жұбайы мен балалары толығымен қолдады. Бизнес ашылған сәттен бастап отбасы құс фермасын дамытуға белсенді қатысады.  Владимир, Светлананың күйеуі, зейнеткер. Шағын фермада ол Светлананың ұлы Руслан сияқты монтаждау және құрылыс жұмыстарымен айналысады.  Қызы Анна университетте оқиды және қалада тұрады, бірақ демалыста ол отбасылық бизнеске көмектесу үшін ауылға жиі келеді.

2021 жылы Светлана өз бизнесін ашу үшін «Эко Даму» бағдарламасы бойынша қаржыландыру алды.

Светлана «Эко Даму» бағдарламасы бойынша 4 млн. теңге сомасына қарыз алды. Кәсіпкер әйел құс пен тоңазытқыш жабдықтарын сатып алды. Жұбайымен және балаларымен бірге олар болашақ құс фермасын жайластыра бастады.

«Біз осында көшіп келген кезде, мұнда жерден басқа ештеңе болмады, бәрін нөлден бастауға тура келді: мулард тұқымды үйректер мен мекиен тауықтарды сатып алды», -
дейді Светлана.

Ол Қазақстанның күрт континентальды климатына байланысты құс мұқият күтімді қажет ететінін атап өтті. Оны асырау үшін ылғалдан, жоғары және төмен температурадан, сондай-ақ әртүрлі аурулардан қорғау үшін арнайы жағдайлар қажет.  Кәсіпкер әйел тағы бір қиындық ретінде жемшөптің жетіспеушілігі мен оның қымбаттығын атайды. Қазір ол құстарына жемшөпті жергілікті шаруалардан сатып алады.

Орташа алғанда, Светлананың фермасында шамамен 2000 бас құс бар, олардың көпшілігі мулард тұқымды үйректер.

Бүгінгі таңда Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) Ғаламдық экологиялық қормен (ҒЭҚ), Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорымен және Қазақстан Үкіметімен бірлесіп жүзеге асыратын «Эко Даму» кредит беру бағдарламасы еліміздің 122 ауыл кәсіпкерлеріне қолдау көрсетті.

Бағдарламаның I кезеңі аясында (2014-2019) 73 әйел жұмыс орындарымен және тұрақты табыспен қамтамасыз етілді.  2020 жылы Бағдарламаның II кезеңі іске қосылған сәттен бастап жалпы сомасы 84 млн. теңгеге бизнес-жобаларды іске асыру үшін тағы 13 ауыл әйел-кәсіпкері қаржылық қолдау алды. Бизнес жобалардың ішінде қонақ үйлер, тігін цехтары, құс шаруашылығы бойынша шағын фермалар, ара шаруашылығы, бау-бақша және жайылымдарды қалпына келтіру бойынша жобалар бар. 

 

 

Кәсіпкер әйел Қазақстанда әйелдерді қолдау маңызды және қажет екеніне сенімді, өйткені ауылдық жерлерде өз бизнесін дамытудағы әлеует жоғары.  Өз тәжірибесі туралы айта отырып, ол «Эко Даму» бағдарламасын ұйымдастырушылар көрсеткен кәсіби кеңес беру бизнесті тиісті органдарда тіркеу процесін, сондай-ақ оны бастапқы кезеңде жүргізуді жеңілдеткенін атап өтті.

«Ауылдардағы әйелдерге өз бизнесін ашу туралы шешім қабылдау оңай емес, өз-өзіне деген сенімсіздік бар, кепілдегі мүлікпен де жиі қиындық туындайды. Маған «Эко Даму» бағдарламасының ауылдағы әйелдерді қолдауға ерекше көңіл бөлетіні ұнайды», -
дейді Светлана.

Светлана әйелдердің ауыл кәсіпкерлігін дамытудағы үлкен әлеуетіне сенеді.

«Қазір мен құстарды ғана емес, көкөністерді де өсіремін, соның арқасында біз азық-түліктің жоғары бағасынан құтыламыз. Жер бізді құсымыз сияқты асырайды, сондықтан мен оларға өте ризамын», -
дейді Светлана.

 

Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуды қолдау, бірінші кезекте ауылдық өңірлерде әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, теңсіздікті қысқартуға, сондай-ақ бүкіл халықтың әлеуетіне сүйене отырып, неғұрлым тұрақты экономикалық өсуге ықпал етеді. 

 
Фото: Азамат Жантөрин