Эколог Айымгүл Керімрай: ғылымдағы әйелдер үшін бар кедергілер туралы мәселені көбірек көтеру қажет

2022 ж. 10 February

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Алексей Мальченко

2016 жылдан бастап әлемде Халықаралық ғылымдағы  әйелдер мен қыздар күні атап өтіледі. Оның мақсаты - әйелдердің ғылыми салада өзін-өзі тануына кедергі келтіретін гендерлік стереотиптер проблемасына назар аудару. Мәселен, соңғы жылдары әлемдік қоғамдастық әйелдер мен қыздарды ғылымға тарту ісінде елеулі табыстарға қол жеткізді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сәйкес, елімізде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қатысатын әйел ғалымдардың үлесі 54%-ды құрайды. Сонымен бірге, қоғамда әйелдердің белгілі бір кәсіптерде мансап құруына кедергі келтіретін гендерлік стереотиптер әлі де бар.

Қазақстандағы ғылыми әлемнің жарқын жас өкілдерінің бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми қызметкері, БҰҰ Даму бағдарламасының климаттың өзгеруі жөніндегі жобалар портфелінің ұлттық сарапшысы Айымгүл Керімрай.  Оның зерттеу тақырыбы – Қазақстан қалаларындағы ауа сапасы, отын кедейлігі.

- Айымгуль, өз біліміңіз туралы және Сізді ғылымның дәл осы саласын таңдауға не түрткі болғаны туралы айтып берсеңіз?

Мен физика бакалавры бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алдым. 2008 жылы Шеффилд Университетінде (Ұлыбритания) қоршаған орта және энергетика инженериясы магистрі дәрежесін алдым. 2018 жылы Назарбаев Университетінде ғылым докторы (PhD) дәрежесіне қол жеткіздім.

Мектепте мен болашақта не істегім келетінін түсінбедім. Кезінде ҚазҰУ-дың физика факультетінде оқып жүргенімде, мен басқа бағытты таңдауым керек екенін сезіндім. Туыстарым маған экология саласын таңдауға кеңес берді, өйткені бұл салада мамандар аз және болашақта бұл перспективалы мамандық болуы мүмкін деп болжады. Бұл 2006-2007 жылдар еді. Шынында да, бүгін біз Қазақстанда, бүкіл әлем бойынша экологтарға үлкен сұранысты көріп отырмыз.

2009 жылдан бастап 2014 жылға дейін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің маманы ретінде, үкіметтік емес ұйымда және кейіннен университетте әртүрлі қызметтерде жұмыс істеген соң, маған ғылыми зерттеулермен шындап айналысу туралы түсінік келді. Солай, 2014 жылы Назарбаев Университетіне докторантура бағдарламасына түстім. 

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Алексей Мальченко

 - Қазір қандай жобалармен, зерттеулермен айналысасыз?

Қазіргі уақытта әріптестеріммен бірге негізінен атмосфералық ауа сапасы, отын кедейлігі, үй шаруашылығында отынды пайдалану саласындағы зерттеулермен айналысамыз. Осылайша біз Алматы қаласындағы, атап айтқанда, белгілі бір айлар мен қала аудандары бойынша ауа сапасындағы кеңістік-уақыт айырмашылықтарын зерттедік. Тағы бір зерттеу жобасы карантиннің әсері, яғни Алматы қаласындағы ауа сапасына COVID-19 таралуын төмендету үшін енгізілген қозғалысқа шектеу шаралары тақырыбына арналды.

Сонымен қатар, мен отын кедейлігі мен үй шаруашылығындағы отынды пайдалану зерттеулеріне қатыстым. Жарияланған мақалалардың бірі Үндістан, Қазақстан және Қырғыз Республикасында тамақ дайындау үшін энергияға қол жеткізу тақырыбына арналған. Сондай-ақ мен Қазақстандағы үй шаруашылықтарындағы таза отын түрлеріне көшу жөніндегі Халықаралық энергетикалық агенттіктің жол картасын дайындау кезінде өз үлесімді қостым.

Қазір PM2.5 ұсақ қалқыма заттарды химиялық талдау әдісін қолдана отырып, Алматы қ. ауаны ластау көздерінің үлесін зерттеу бойынша жаңа ғылыми жобаға қатысып жүрмін.

– Салауатты өмір үшін таза ауа – бұл нақты ма, әлде Қазақстан үшін утопия ма?

Менің ойымша, бізге алдымызға неғұрлым шынайы мақсаттар қою керек. Мысалы, ауадағы ластаушы заттардың шоғырлану деңгейінің трендтерін төмендетуге ұмтылу, бұл сондай-ақ парниктік газдар шоғырлануының төмендеуіне әкеп соғады. Өйткені, соңғы жылдары біз төмендеу үрдісін байқамаймыз. Мысалы, Алматы қаласында қысқы уақытта 2021 жылы ауа сапасы 2020 жылға қарағанда нашар болды.

Таза ауа таза қалаларда да болмайды, кез-келген жағдайда ауада ластағыштардың шамалы концентрациясы кездеседі. Сондықтан ауадағы ластаушы заттардың концентрациясын азайту үшін аралық, кезең-кезеңді мақсаттар қою қажет. Ауа сапасын жақсартуға қол жеткізу оңай емес, бұл көптеген секторларда: электр энергетикасында, орталық жылумен жабдықтауда, көлікте, қалалық жоспарлауда, құрылыста және т.б. жүйелі, кейде қолдау таппайтын және қымбат шешімдерді талап етеді. 

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Алексей Мальченко

- Ғылымға қызмет ету жолына жаңа ғана түскен әйелдерге не тілей аласыз? Сіздің тәжірибеңізге сүйене отырып, олар қандай қателерден аулақ бола алады?

Бірінші кезекте, ғылымдағы әйелдер мен қыздар үшін бар кедергілер туралы мәселені көбірек көтеріп, талқылау, ғылымдағы әйелдер мен қыздардың санын арттыру үшін заңнамалық деңгейде мемлекеттік қолдауды жүзеге асыру қажет, осы салада зерттеулер жүргізу де маңызды.    

Әйелдерге өз құқықтарын қорғауды үйренуді тілегім келеді. Қазақстанда қаншама талантты қыздардың туыстар, академиялық орта, жалпы қоғам тарапынан қарапайым қолдаудың жоқтығынан ғылымнан бас тартқаны белгісіз.

Сонымен бірге, біз патриархалды қоғамда әйел ер адамдарға қарағанда кем дегенде екі есе көп үй жұмысын атқаратынын білеміз. Әрине, бұл әйелдің мансабының дамуына кедергі келтіреді. Біздің қоғамда неғұрлым мол гендерлік теңдікті жақтап, дәстүрлі әлеуметтік нормаларға қарсы тұру және ғылымдағы мансап мүмкіндіктерін зерттей отырып, әйелдердің өз әлеуеттерін ашу үшін мүмкіндіктерін кеңейту маңызды.

Климаттың өзгеруі жөніндегі жобалар портфелінің менеджері Гүлмира Серғазина да әйелдер климаттық іс-қимылдарды әзірлеу, жүзеге асыру, мониторингілеу және бағалау тұрғысынан шешімдерді қабылдау мен басшылықта жеткілікті түрде ұсынылмаған деп санайды. Өз блогында ол әйелдердің климаттың өзгеруіне қарсы іс-шараларға белсенді қатысуы және саясат пен бағдарламалар әйелдердің нақты қажеттіліктеріне, қыр көрсетулеріне және басымдықтарына сай болуы маңызды екенін атап өтті.