«Мен өзгерістерді қалайтындықтан оқимын» - Ауғанстаннан келген студент қызбен сұхбат

2022 ж. 25 March

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Менің атым Мухадиса. Мен 25 жастамын. Мен Қазақстанға 2019 жылғы қазанда БҰҰ Даму бағдарламасының және Еуропалық Одақтың жобасы шеңберінде академиялық грант стипендиаты ретінде келдім. Қазақстанда және Алматыда алғаш рет болдым. Almay-да тілдік дайындық курстарын аяқтағаннан кейін мен Satbayev университетіне түсіп, білімімді жалғастырдым. Қазір мен екінші курста оқимын және университетті бітіргеннен кейін "Тау-кен ісі" мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін аламын».

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Еуропалық Одақ қаржыландыратын және БҰҰДБ іске асыратын бұл трансшекаралық бастама ауған әйелдеріне Орталық Азия университеттерінде оқуға мүмкіндік береді. Бұл бастама ауған әйелдеріне білім беру мүмкіндіктерін ұсынуға бағытталған. Ауғанстаннан келген 155 жас әйел 2027 жылға дейін Орталық Азия университеттерінде білім алады.

Бірінші курстан кейін мен жазғы каникулға үйге кеттім. Ата-анаммен және бауырларыммен уақыт өткізгенді ұнатамын. Кейде біз бірге ел бойынша саяхатқа шығамыз. Ауғанстандағы табиғат таза. Демалыс күндері біз басқа провинциялардағы туыстарымызға баратынбыз, қандай да бір көрікті жерлерге баратынбыз немесе қалалық демалыс аймақтарында уақыт өткізетінбіз.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Мен Алматыға 2021 жылғы қыркүйекке қарай оралуды жоспарладым. 2021 жылғы 15 тамызда таңертең елшілікке студенттік визаға құжаттар тапсыру үшін келдім. Мен сол күні елшілікке келген басқа адамдармен бірге кезекте тұрдым. Бәрі әдеттегідей көрінді, ерекше ештеңе жоқ. Кенеттен біз көшеден шу естідік. Адамдардың айқайы естілді. Басында біз не болып жатқанын түсінбедік немесе мүмкін сенгіміз келмеген шығар. Бірте-бірте жағдай айқындала бастады.

Бізге бұл күні елшілік жұмыс істемейтіні және виза туралы өтініштер басқа күні қабылданатыны туралы хабарлады. Мен үйге оралуды шештім. Әдетте елшілікке баратын жол көлікпен 40 минутты алады. Сол күні үйге бару маған 4 сағатқа жуық уақытты алды. Жолдар көлікке толып кетті. Барлық жерде кептелістер болды.

Келесі бірнеше күнді біздің отбасымыз үйде өткізді. Бір апта бойы көшеге шықпағанымыз есімде. Осы күндері ауада бір белгісіздік болды. Бірақ біртіндеп өмір әдеттегі арнаға оралды.

Алайда өзгерістер пайда болды. Көптеген провинцияларда жоғары сынып қыздарына жалпы білім беретін мектепке баруға тыйым салынды. Менің туыстарымның үлкен қыздары үйде отырып жалығып жүрді. Ұлдар мен еркектерге үйреншікті джинсы мен футболкаларын емес, дәстүрлі киім киюге кеңес берілді.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Оқу жылы басталғаннан кейін бірнеше айдан кейін мен Қазақстанға орала алдым. Басында мен өзімнің студенттік болашағым үшін алаңдадым, бірақ стипендиялық бағдарлама маған қажет нәрсенің бәрін бере отырып, қолдау көрсетуді жалғастырды. Мен және тағы бірнеше қыз оқу бағдарламасы бойынша қалып қоймауымыз үшін сабақтар онлайн форматта ұйымдастырылды. Мен білім алуымды қуана жалғастырамын. Күнделікті оқу маған ақыл-ойымды жаттықтыруға және болашаққа оптимистік көзқараспен қарауға көмектеседі.

Менің отбасым жынысына қарамастан, барлық балаларына білім беру идеясын шын жүректен қолдайды. Менің анам білім ала алмады және осы күнге дейін оқу мүмкіндігін жіберіп алғанына өкінеді.

Мен тау-кен саласында жақсы маман болғым келеді.  Мен көзге түскім келеді, мені қоғам қабылдағанын қалаймын, күрделі жобалармен айналысқым келеді, маған маман ретінде сенім артылғанын және біраз уақыттан кейін мен қарапайым қыздан кәсіби дағдылары бар жетілген әйелге дейінгі қалыптасу жолыма қайта қарап, өзімді мақтан тұту үшін мен білім аламын. Осы мақсаттар соншалықты қол жетерлік көрінеді, алайда сонымен бірге соншалықты алыс.

Бірақ кейбір нәрселер өзгеріссіз қала береді: менің ата-анам мен достарыма деген шексіз махаббатым және мен ешқашан бас тартпайтын оқуым.  

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

_________________________________________________________________________

Бұл басылымды БҰҰДБ Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен «Қазақстанда, Өзбекстанда және Қырғызстанда білім беру және оқыту арқылы ауған әйелдерінің экономикалық мүмкіндіктерін арттыруға қолдау көрсету» жобасы бойынша дайындады. Бұл жарияланымды БҰҰДБ дайындаған және ол Еуропалық Одақтың көзқарасын білдіруі міндетті емес.