Рухани келісім қазіргі қоғамдағы бейбітшілік пен бірлік негізі ретінде

2023 ж. 18 October
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Құрметті министр Балаева,

Құрметті қонақтар, 

Біз мазасыздық пен үрей билеген әлемде өмір сүріп жатырмыз. Белгісіздік белең алған дәуірде әлем алдында сан қырлы сын-қатерлер, өңірлік қақтығыстар, денсаулық сақтау және климат саласындағы түйткілді мәселелер тұр. Осы мәселелер өзара байланысты болғандықтан, саяси кереғарлықты, әлеуметтік толқуларды, экстремизмді шиеленістіре түседі, ал аталғандар өз кезегінде әлеуметтік желілердің, жасанды интеллекттің, басқа да трансформациялық технологиялардың ықпалымен одан әрі күш жинай түседі.

Цифрлық дәуір үрей-қорқынышты азайтудың орнына көбінесе тек күшейте түседі.

Ой жүгіртіп көріңіздерші: алгоритмдер мен экрандар адамдар арасындағы шынайы қарым-қатыстан басым түскен бүгінгі таңда адамдардың өзара әрекеттестігінің мән-маңызы түбегейлі қайта қаралып жатыр. Біздің смартфондарымыз, әлеуметтік желілер, цифрлық арналар дауысы жоқ адамдарға дауыс бере отырып, зиян келтіргісі келетіндердің, жаңылыстырғысы келетіндердің, қанағысы келетіндердің дауысын күшейтеді. 

Бүкіл әлемдегі қоғамдар онлайн-салада барған сайын өзара шырмалып келеді, ал кейбір адамдар мен топтар осы өсіп келе жатқан жаһандық желілік архитектураны зиян келтіру үшін, оның ішінде зорлықшыл экстремистік насихатты тарату үшін пайдаланады. Интернет экстремистік идеологияларға дем беру және зорлық-зомбылыққа итермелеу үшін шынайы өмірдегі наразылықты пайдаланатын зорлықшыл экстремистік топтардың қолшоқпарына айналып кетеді. 

Орталық Азия бұл сын-қатерлерден қашып құтыла алмады. Бәріміз зорлықшыл экстремизмінің етек жаюына, шекара арқылы таралуына куә болып отырмыз. Жастар өмірдің мәнін, мақсат-мұратын іздеп, кейде радикалды идеологияның шырмауына ілігеді. Оларды итермелейтін не? Көптеген мәселелер: жұмыссыздық, сапалы мемлекеттік қызметтерге шектеулі қолжетімділік, сонымен бірге қоғамдық және азаматтық өмірге араласа алмау жалпы кемсіту, шеттетілу, аластатылу сезімін тудырады.

Осы сын-қатерде біздің миссиямыз, мүмкіндіктеріміз және ортақ жауапкершілігіміз жатыр.

Жастарды осы шырмаудан қалай шығаруға болады? Жауап қарапайым. Білім арқылы. Кәдімгі мектепте оқыту немесе құрғақ жаттау ғана емес. Біз адамгершіліктің түпкі болмысына, адамзат ғасырлар бойы басшылыққа алған құндылықтарға терең бойлайтын білімнің әлдеқайда кеңірек, жан-жақты түрін тілге тиек етіп отырмыз.

Мұндай білім жанашырлық, түсіністік, ортақ жауапкершілік мұраттарын насихаттауы тиіс. Жастарды түрлі мәдениеттерге, тарихқа мен философияларға зор құрметпен қарауға баулуы тиіс. Өткенді қастерлеп қана қоймай, әлемімізді қалыптастыратын инновациялық және озық идеяларға ден қоятын білім болуы тиіс. Біз жаһандық дамудың жаңа дәуірі бұрын көргендерімізге мүлдем ұқсамайтын сын-тегеуріндермен және мүмкіндіктермен тоғысқан заманда өмір сүріп жатқандықтан, жастар оң өзгерістер енгізуге мүмкіндік беретін құралдармен және біліммен қарулануы тиіс.

Экрандар көре білуден үстем болған, байттар шешім қабылдайтын осындай заманда біз қыруар цифрлық арналарды өз мүддемізге пайдалануымыз керек. Кейде радикалдандыру үшін қолданылатын платформаларды ағарту алаңдарына айналдырайық. Жастардың цифрлық мінез-құлқын түсіне отырып және аталған платформаларды пайдалана отырып, біз адамгершілік, инновация, жаһандық прогресс сабақтарын олардың күнделікті цифрлық өзара әрекеттестігіне тікелей енгізе аламыз.

Жастармен өз тілінде тілдесе отырып, оларды шын мәнінде тыңдай отырып, инклюзивтілікті ілгерілету арқылы балама әлем ұсына аламыз. Өздерін жоғары бағалайтынын, бар іске араластыратынын, мүмкіндіктер беретінінін сездіретін әлем. Экстремистік идеологиялардың тартымдылығы тату-тәтті, ұжымдық болашақ уәдесінің жанында күл-талқан болатын әлем.

Инфлюенсерлер, яғни ықпал етушілер, миллиондаған адамның назарын билеген адамдар, біздің серіктестерімізге айнала алады. Олардың дауысы жасанды интеллект дәуіріне бейімделген инновациялық білім беру әдістерімен бірге жастарымызға бағыт сілтеп, естеріне өздерінің құндылығы, әлеуеті, оларды күтіп тұрған телегей-теңіз мүмкіндіктер туралы салып тұрады.

Қазақстандағы БҰҰДБ сенімді серіктестерімізбен бірге жергілікті жағдайды түсінуді және жаһандық озық тәжірибені ұштастыратын жаңашыл іс-шаралар арқасында түпкі себептерді жоюға ұмтылады. Біздің кәсіби даярлық және жұмыспен қамту мүмкіндіктерін беретін тағылымдама бағдарламасы Қазақстанның шалғай өңірлеріндегі 600-ге жуық жастарға қолғабыс етіп үлгерді. 2022 жылдың желтоқсанында басталған жаңа бастама аясында біз қатер тобындағы жастар арасында зорлықшыл экстремизмнің алдын алуды жалғастырып жатырмыз. Анағұрлым кең жас топтарын қамту үшін географиялық аяны кеңейтуді және қоғамдастықтардың залалды тысқары ықпалға төзімділігін арттыратын модельдермен түрлі эксперимент жасауды жоспарлап отырмыз. Біз күш біріктіргенде өзгерістерді енгізу мүмкін ғана емес, тіпті енгізбеу мүмкін екенін дәлелдеуге тырысып, жаңа бастамалар арқылы көкжиектерімізді кеңейтіп жатырмыз.

Қорытындылай келе, философ және осы елдің перзенті, ұлы әл-Фарабидің сөздерін еске түсіргім келеді: «Қоғам махаббатпен бірігеді, әділдікпен өмір сүреді, адал еңбекпен тіршілік етеді».

Шын мәнісінде әл-Фараби гүлденген қоғамның іргетасын құрайтын тіректерді еске салады. Ағартушылық пен бірлікті алға тартудан танбай, Қазақстан жастарының махаббаттың, әділеттіліктің, еңбек сүйгіштіктің терең құндылығын түсінуі үшін барымызды салайық. Осы ізгі қасиеттерге дағдыландыра отырып, оларды экстремизмнен қорғап қана қоймай, тату-тәтті, әділетті, гүлденген қоғамға да жол ашамыз.