Климаттық қобдиша: БҰҰДБ-ң білім беру бастамасы климаттың өзгеруімен күресуге қалай көмектеседі

2024 ж. 18 April
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Роман Копанев

Биылғы көктемде Қазақстан соңғы 80 жылдағы ең ауыр су тасқынына тап болып, ондаған мың адам зардап шекті және көптеген адамдар баспанасыз қалды. Зиянның толық көлемі әлі бағаланбағанымен, біз куә болып отырған нәрсе бәрімізге әсер ететін жаһандық климаттық өзгерістердің бір бөлігі екені анық.

Осындай табиғи күштердің алдында өзімізді дәрменсіз сезінгенімізге қарамастан, әрқайсымыз басқалармен үйлескенде, аз болса да, өзгеріс жасай аламыз. Ол үшін дұрыс білім мен әдеттер қажет.

Мұнымен күресу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) және оның серіктестері оқушыларға арналған «Климаттық қобдиша» деп аталатын оқу материалдарын әзірледі. Бұл жобаның негізгі мақсаты оқушыларға арналған интерактивті материалдар арқылы жастарды және қалың жұртшылықты климаттың өзгеруі және ықтимал шешімдер туралы ақпараттандыру және оқыту болып табылады.

«Климаттық қобдиша» жастарға климаттың өзгеруін түсінуге және оған жауапкершілікпен қарауға көмектесетін кешенді білім беру құралын ұсынады. Ол интерактивті оқытуға арналған суреттелген нұсқаулықтарды, ойын карточкаларын, плакаттарды, карталарды және сандық ресурстарды қамтиды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Роман Копанев

Көміртегі іздерін азайту, үйдегі суды үнемдеу, қоғамдық көліктердің қоршаған ортаға әсері, жарықдиодты шамдардың артықшылықтары және ет тұтынудың климатқа әсері сияқты көптеген тақырыптарды қамтитын бұл ресурстар ақпарат беріп қана қоймайды, сонымен қатар біздің қоршаған ортаға әсерімізді азайту үшін әрекетке шабыттандырады.

«Климаттық қобдишаны» мектеп бағдарламасына қосып, сабақтан тыс және оқушылардың өз бетінше әрекеті үшін пайдалануға болады. Материалдар әртүрлі жас топтарына бейімделген және теориялық білімді де, тәжірибелік аспектілерді, соның ішінде білімді өмірде қолдану үшін эксперименттер мен жобаларға арналған ұсыныстарды да қамтиды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Роман Копанев

Климатологтар, географтар, биологтар, экономистер, балалар әдебиетінің жазушылары және педагогтардан тұратын сарапшылар тобы «Климаттық қобдишаны» шығаруға бірлесе ат салысты. Қатысқан әрбір елдің географиялық, әлеуметтік-мәдени контекстіне және ұлттық білім беру жүйесіне сәйкес мазмұнды реттейтін өз командасы бар.

Алғаш рет 2014 жылы БҰҰДБ-мен Жаһандық экологиялық қордың, Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрлігінің және Coca-Cola қолдауымен іске қосылған ресейлік мектептерге арналған жоба оң пікірлерге ие болды. Нәтижесінде БҰҰДБ ағылшын тіліндегі халықаралық нұсқасын шығаруды ұйғарып, оны жаңа елдерге бейімдеу жоспарлады. Қазақстан алғашқылардың бірі болып қосылып, бейімделген нұсқалары қазірдің өзінде мектептерде және басқа оқу орындарында қолданылуда.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Роман Копанев