III ECOJER Халықаралық конгресі «Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу»

Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьернианың құттықтау сөзі

2023 ж. 2 June
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Қадірлі қатысушылар, ханымдар мен мырзалар!

Адамдар мен планетаның мүдделерінде көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жолдарын іздеуде күш-жігерімізді біріктіру үшін сіздермен бірге осында, ECOJER Халықаралық конгресінде болу мен үшін үлкен мәртебе.

БҰҰДБ-да біз елдің төмен көміртекті дамуды қамтамасыз етуге деген ұмтылысы мен саяси ерік-жігерін бағалаймыз. Біз Қазақстанның орнықты трансформациясы үшін қажетті кейбір маңызды элементтердің бар екенін және олардың жақында қабылданған Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы мен Экологиялық кодексте айқындалғанын көріп отырмыз.

Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттіктің соңғы зерттеуіне сәйкес, 2050 жылға қарайәлемдік экономиканы декарбонизациялаудың пайдасы оған салынған инвестициядан сегіз есе асып түспек. Сондықтан үкіметтер инвестициялау тәсілдерін анықтау барысында қазба отындарын пайдаланатын салаларды ынталандырып, соған байланысты шығындарды және адамдардың амандығына жасалатын әсерді қабылдау мен инклюзивті «жасыл» экономиканы дамытуға инвестиция салу арасында таңдау жасауы керек. Біз бүгінімізді әлде болашағымызды ойлаймыз ба?

«Жасыл» трансформацияның негізінде энергетикалық жүйені декарбонизациялау жатыр. Қазақстан жаңартылатын энергия ресурстарына бай. Осы әлеуетті ашып, энергетикалық ауысуды жеңілдету үшін біз қаржыландыруды дұрыс ұйымдастыруымыз керек. Ол үшін мемлекеттік және жеке секторлардың күш-жігерін біріктіру қажет.

Мемлекеттік қаржыландыру ұлттық бюджет шеңберінде ішкі ресурстарды тиімді бөлу арқылы тұрақты әрі төмен көміртекті инфрақұрылымның басымдықтарын анықтауда өте маңызды рөл атқарады. Қазақстанға қолдау көрсету үшін БҰҰДБ Тұрақты даму мақсаттарын стратегиялық жоспарлауға енгізуге белсенді түрде көмектесіп, мемлекеттік қаржыны осы Мақсаттарға сәйкес келтіруді жақтайды.

Сарапшылардың пікірінше, энергетикалық ауысуды жүзеге асыру үшін инвестициялардың басым бөлігі жеке сектордан келуге тиіс. Дұрыс жағдайда біз төмен көміртекті даму жолына өту үшін қажетті болатын қаржыландырудағы жетіспеушіліктердің орнын толтыру мақсатында аралас қаржыландыруды пайдалана аламыз.

БҰҰДБ ШОБ үшін «жасыл» қаржыландырудың қолжетімділігі мен арзандығын арттыруға бағытталған бірқатар гранттық емес құралдарды сынақтан өткізу арқылы «жасыл» қаржыландыру нарығын түбегейлі өзгерткенін мақтан тұтады. Энергия тиімділігі мен жаңартылатын энергия көздері салаларындағы жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру, қарыздарға кепілдік беру тәсімдері мен «жасыл» облигациялар берілген қолдаудың бір долларына 10 долларға дейін қаражат жұмылдыруға мүмкіндік берді.

«Жасыл» облигациялар – Қазақстандағы БҰҰДБ алғаш рет ел ауқымында жеке қаржыландыруды тарту үшін «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қорымен әріптестікте енгізген тағы бір борышқорлық құрал. Олардың дебюттік шығарылымы Қазақстанда тұрақты облигациялар нарығын құруға көмектесті. БҰҰДБ «жасыл» облигациялардың бірінші шығарылымын қолдауға жұмсаған қаражатты пайдаланудың әсері елеулі: АДБ, «ДАМУ» қоры мен басқа ұйымдардың одан кейінгі облигацияларын шығару кезінде донорлық қаражаттың әрбір доллары 175 долларды жұмылдыруға көмектесті, және бұл әлі соңы емес.

Біз осы пайдалы әсерлерді ел ауқымында жүзеге асыруға жол ашқанымызды мақтан тұтамыз. «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде несиелер бойынша сыйақыны және «жасыл» облигациялар бойынша купондық сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау құралдары бүкіл ел бойынша енгізілді. Соңғы үш жылда осы құралдардың көмегімен жаңартылатын энергетика жобаларына 800 млн АҚШ долларынан астам инвестиция тартылды.

Реттеушілік ынталандырмаларды пайдалану да «жасыл» инвестицияларды жұмылдыруға көмектесе алады. БҰҰДБ қолдауымен Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілер бойынша аукционның жаңа түрін енгізу жақсы мысал болып табылады. Күн электр қуатын сатып алу аукционы әлеуетті инвесторларға сауда-саттық барысында барлық тәуекелдерді есептеп, назарға алуға көмектесетін егжей-тегжейлі дайын жобалық құжаттаманы пайдалануды көздейді.

Осы аукционның жаңа түрінің сәтті енгізілуі елге таза энергияның бірлігіне берілген ең төменгі бағаға қол жеткізуге мүмкіндік беріп, Түркістанда қуаты 50 МВт-қа тең күн электр станциясын салуға 40-50 миллион доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестициялардың ағынын қамтамасыз етті. Осы пилоттық жобадан кейін тағы бірнеше ұқсас аукциондар өткізілгені және Еуропа қайта құру және даму банкі оны енді жел электр қуатын сату аукциондарына да қолданатыны мені аса қуантады.

Алуан түрлі құрылымдардың күш-жігерін біріктіре отырып, БҰҰДБ «жасыл» күн тәртібін ілгерілетуге және барша халық мүдделерінде тұрақты даму мақсатында ортақ проблемаларды шешуге ықпал ететін диалогқа, білім алмасуға және әріптестікке жәрдемдесуге алдағы уақытта да дайын.

Көп рахмет!