Орталық Азия елдері климаттың өзгеруіне төзімділікті қамтамасыз ету үшін ерте ескерту жүйелерін талқылап жатыр

2023 ж. 21 September
Фото: Қырғыз Республикасындағы БҰҰДБ

Бүгін Бішкекте Орталық Азияда климаттың өзгеруі және соған төзімділік бойынша жоғары деңгейдегі диалог жұмысын бастады. Іс-шара Орталық Азияда климаттың өзгеруінің салдарын жұмсарту және соған төзімділікті арттырудағы ерте хабарлау жүйелерінің шешуші рөлін талқылау үшін мемлекеттік қызметкерлердің, халықаралық сарапшылардың және ғалымдардың басын қосты.

Орталық Азия елдері климаттың өзгеруінің әсеріне ерекше ұрымтал. Қарқынды аптап ыстық толқындары, құрғақшылық, нөсер жауын және басқа да төтенше метеорологиялық құбылыстар қоршаған орта, экономика және адамдардың денсаулығы үшін аса күрделі мәселеге айналып барады. Ерте ескерту жүйелері осындай табиғат апаттарының қатерлерін және салдарын мейлінше азайту үшін алдын алушы құрал ұсынады. Олар Париж келісімі және қатер-тәуекелдерді азайту жөніндегі Сендай шекті бағдарламасы сияқты жаһандық бастамалармен үйлесе отырып, осы ретте даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізуге елеулі үлес қоса отырып, климат өзгерісімен күресте сөзсіз басымдық болып табылады.

Конференцияның ашылуында Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Азамат Мамбетов былай деп атап өтті: 

«Адамдардың өмірін сақтау үшін ерте ескерту жүйелерін күшейту мақсатында тәжірибе мен инновациялармен алмасуда аймақтық үйлестік және ынтымақтастық қажет».
Фото: Қырғыз Республикасындағы БҰҰДБ

Қырғызстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Александра Соловьева өз кезегінде былай деп атап өтті: 

«Қырғызстандағы БҰҰДБ ұзақ жылдар бойы төтенше және дағдарысты жағдайларды басқарудың бірыңғай жүйесін құруға және дамытуға көмек көрсетіп келді. Бүгін біз Орталық Азияда климатқа төзімділік мәселелері бойынша аймақтық диалогқа арналған платформа ұсынамыз. Аталмыш диалог аясында төтенше жағдайларға мониторинг жүргізу және ертерек ескерту саласында трансшекаралық ынтымақтастық нығаяды деп үміттенеміз, өйткені климаттың өзгеруі шекараны мойындамайды».
Фото: Қырғыз Республикасындағы БҰҰДБ

Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі, Қырғыз Республикасындағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), БҰҰДБ Ыстамбұл аймақтық орталығы ұйымдастырған бүгінгі жоғары деңгейдегі диалог төтенше және дағдарысты жағдайларға мониторинг жүргізу және ертерек ескерту саласында трансшекаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Еуропалық Одақ климаттың өзгеруін халықаралық серіктестермен ынтымақтастығындағы басты басымдықтарының бірі ретінде белгіледі. 

«Климат саласын қаржыландырудың әлемдегі ең ірі донор ретінде Еуропалық Одақ мүше елдермен бірлесіп, соңғы 10 жылда Орталық Азия мемлекеттеріне 105 миллиард еуродан астам инвестиция құйып үлгерді. Біз Орталық Азия елдеріне саяси диалог, даму мақсатындағы ынтымақтастық, көптеген мүдделі тараптардың қатысуымен серіктестік, сондай-ақ аймақтық дамуға стратегиялық көзқарас арқылы қолдау көрсетуді жалғастырамыз», –
деді Еуропалық Одақтың Қырғызстандағы Елшісі Мэрилин Йозефсон.

Климатқа қатысты қауіп-қатерлердің трансшекаралық сипатын ескере отырып, ерте ескерту жүйелері де Орталық Азиядағы аймақтық ынтымақтастықтың өзекті күн тәртібіне айналды.

«Елдер қажетті инфрақұрылымға, әлеуетті арттыруға, білім алмасуға инвестиция сала отырып, Орталық Азия аймағында ерте ескерту жүйесін құруға және дамытуға басымдық беруі тиіс. Технологияларды, мәліметтерді пайдалану және аймақтық ынтымақтастыққа септесу арқылы біз климатқа қатысты қауіп-қатерлерге алдын ала дайындала аламыз және олардың қоғамымызға, экономикамызға және экожүйелерімізге әсерін жұмсарта аламыз», –
деп атап өтті Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат департаментінің ғылыми-техникалық даму басқармасының басшысы Бақытгүл Байтанбалиева.

Жақында қабылданған «Өзбекстан – 2030» стратегиясында су ресурстарын үнемдеу және қоршаған ортаны қорғау мәселелері мен міндеттеріне жеке бөлім арналған, атап айтқанда, алдын ала ескерту деңгейін, қауіп-қатер болжамдарының сенімділігін және агрометеорологиялық болжамдардың сенімділігін мейлінше жоғары мәндерге дейін жеткізу жоспарланған. 

«Аймақтық ынтымақтастықты кеңейту және күш-жігерді біріктіру осындай мәселелерді шешудің ең қажетті жолы деп санаймыз», –
деді Өзбекстан Республикасының Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігі министрінің хатшылығы басшысы Кадамбой Сайтов.

Жоғары деңгейдегі диалог климат өзгерісімен күрес бойынша іс-қимылды ілгері бастыру жөніндегі жаһандық іс-шаралармен үйлесіп, Орталық Азия елдерінің барша үшін орнықты, климатқа төзімді болашақ құруға деген айнымас ұмтылысын растайды.

Тәжікстан Үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитетінің бірінші орынбасары Хотамшо Латифзода былай деп атап өтті: 

«Біз климат өзгеріп жатқан дәуірде өмір сүріп жатырмыз, ол бәрімізге де әсер етеді. Климат «қауіп-қатерді еселегіш», бірақ сонымен бірге жаһандық ынтымақтастықтың үдеткіші болып табылады. Бұл жайт климаттың өзгеруіне бейімделуді ескере отырып, жаһандық тұрақты даму жолындағы халықтардың бірлігі мен ынтымақтастығына ықпал етеді».
«Түрікменстан аймақтағы елдермен тығыз ынтымақтастықта климаттың өзгеруіне және Орталық Азиядағы тұрақты дамуға, сондай-ақ біздің аймақтың алдында тұрған экологиялық мәселелерге бейімделу бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді», –
деді Түркіменстанның Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Гидрометеорологиялық қызметінің метеорология бөлімі басшысы Ходжаняз Жумашов.

2022 жылдың наурыз айында БҰҰ Бас хатшысы «Баршаға ерте ескерту» бастамасын көтеріп, 2027 жылға қарай бес жыл ішінде жер бетіндегі әрбір адамды ерте ескерту жүйелерімен қорғауға үндеді.

2002 жылдан бері БҰҰДБ климат туралы ақпарат пен ерте ескерту жүйелерін құру бойынша дүние жүзінде 80-нен астам жобаны сәтті жүзеге асырды, оларды Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанды қоса алғанда, 60 елде 4,8 миллионнан астам адам пайдаланып үлгерді. 150-ден астам ерте ескерту жүйесі орнатылды, соның арқасында 2,3 миллион адамның аса маңызды климат туралы ақпаратқа қолжетімділігін арттыруға керемет мүмкіндік туды.

Фото: Қырғыз Республикасындағы БҰҰДБ