Халықтың кедейлік индексі этникалық топтар арасында өткір теңсіздікті көрсетеді

2021 ж. 7 October

 

 

 

Нью-Йорк, 2021 ж. 7 қазан – Бүгін жарияланған жаһандық деңгейдегі кедейліктің көпөлшемді көрсеткіштерінің жаңа талдауына сәйкес, этникалық топтар арасындағы кедейліктің көпөлшемді көрсеткіштеріндегі теңсіздік көптеген елдерде тұрақты түрде жоғары және тоғыз этникалық топ халқының 90 проценттен астамының жағдайы мүшкіл.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) мен Кедейлікпен күрес және адам дамуы жөніндегі Оксфорд бастамасы әзірлеген Жаһандық көпөлшемді кедейлік индексі (ККИ) адамдардың күнделікті өмірінде кездесетін әртүрлі тауқыметтерді, оның ішінде қанағаттанарлықсыз денсаулық жағдайын, толық емес білім алуды және өмір сүру деңгейінің төмендігін ескере отырып кедейлік деңгейін анықтайды. Бүгінгі есепте 5,9 миллиард адамды қамтитын 109 елдегі көпөлшемді кедейліктің деңгейі мен құрамы зерттеліп, қолда бар ақпаратқа сәйкес 41 елдің этникалық/нәсілдік/касталық белгілер бойынша бөлінген деректері келтірілген.

Баяндамада жасалған қорытындыға сәйкес, кейбір жағдайларда этникалық және нәсілдік топтар арасындағы көпөлшемді кедейлік көрсеткіштеріндегі айырмашылықтар ел ішіндегі географиялық аймақтар арасындағы теңсіздік көрсеткіштерінен асып түседі. Шынында да, ККИ этникалық топтарға бөлінген кезде, белгілері бойынша бөлінген мәндер диапазоны барлық 109 ел мен барлық басқа сыналған елдерден көбірек болады.

Сондай-ақ, бұл әр түрлі этникалық топтар арасындағы көпөлшемді кедейлік деңгейі қалайша бір елдің ішінде әртүрлі бола алатынын көрсетеді. Мысалы, Габон мен Нигерияда этникалық топтар арасындағы көпөлшемді кедей халықтың проценттік арақатынас айырмашылығы 70 проценттен асады.

Латын Америкасында байырғы халықтар ең кедей халық қатарына жатады. Мысалы, Боливияда байырғы қауымдар халықтың шамамен 44 процентін және кедей адамдардың 75 процентін құрайды. Сандар Үндістанда да таңқаларлық: онда алты кедей адамның бесеуі төменгі тайпаларға немесе касталарға жатады.

Көпөлшемді талдауда келесі қадамдар да байқалады. ККИ сырқаттанушылық аен кедейліктің қарқындылығын қамтиды. Гамбиядағы ең кедей екі этникалық топ – воллоф пен сарахуле – шамамен бірдей ККИ мәніне ие, алайда олардың мұқтаждықтары бірдей емес; бұл көпөлшемді кедейлік деңгейін төмендету үшін экономикалық саясаттың әртүрлі шаралары қажет екендігін көрсетеді.

Баяндамада гендерлік функцияларға баса назар аудара отырып, үй шаруашылығы ішіндегі көпөлшемді кедейлік деңгейіне талдау да қамтылған. Дүние жүзіндегі кедей халықтың үштен екісіне жуығы (836 миллион адам) бірде-бір әйел немесе қыз ең болмағанда мектепте алты сыныптық білім алмаған үй шаруашылықтарында тұрады. Бүкіл кедей халықтың алтыдан бір бөлігі (215 миллион адам) кем дегенде бір ұл бала немесе ер адам мектепте алты немесе одан жоғары сыныптық білім алған, ал қыз немесе әйел ондай білім алмаған үй шаруашылықтарында тұрады. Сондай-ақ, баяндамада көпөлшемді кедейлік жағдайында өмір сүретін әйелдер мен қыздардың жыныстық серігі тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырау қаупі жоғары екендігі туралы қорытынды жасалған.

Бүкіл әлемде, 109 елде және 5,9 миллиард адамның арасында:

  • 1,3 миллиард адам «көпөлшемді кедей».
  • Жартысына жуығы (644 миллион адам) 18 жасқа толмаған балалар.
  • Халықтың 85 проценті дерлік Африкада Сахараның оңтүстігіне қарай (556 миллион) немесе Оңтүстік Азияда (532 миллион) тұрады.
  • Халықтың 67 процентінен астамы табыс деңгейі орташа елдерде тұрады.

Сонда көпөлшемді кедей адамдардың күнделікті өмірі қандай? Деректер беретін көрініс мәз емес:

  • 1 миллиард адам ас дайындау үшін қатты отынды пайдаланады, тағы бір миллиард адам нашар санитарлық жағдайларда өмір сүреді, ал тағы бір миллиард адам қолайсыз тұрмыс жағдайында өмір сүреді.
  • 788 миллион адам кем дегенде бір мүшесі жеткілікті тамақтанбайтын үй шаруашылықтарында өмір сүреді.
  • 568 миллион адам үшін жақын жерде сапалы ауыз суға қол жеткізу мүмкіндігі жоқ.

«COVID-19 пандемиясы бүкіл әлемнің даму прогресіне кесірін тигізіп, біз оның салдарларын әлі толық түсінген жоқпыз», – дейді БҰҰДБ әкімшісі Ахим Штайнер. – «Біз дағдарысты жеңе отырып және ешкімді назардан тыс қалдырмайтын тиімді әрекет ету шараларын әзірлей отырып алға жылжығымыз келсе, биылғы көпөлшемді кедейлік индексі (ККИ) адамдардың кедейліктен қалай зардап шегетінін, олардың кім екенін және қайда өмір сүретінін барынша толық көру қажеттілігін есімізге салады».

Көпөлшемді кедейлік деңгейі жоғары болып сақталып отырғанымен, кейбір елдерде ең болмағанда COVID-19 пандемиясы басталғанға дейін үміттендіретін прогресс белгілері байқалған. Қолда бар деректер бойынша, 80 ел мен бес миллиард адамның ішінде уақыт өте келе 70 елде кем дегенде бір кезең ішінде ККИ төмендеп, ең жылдам өзгерістер Сьерра-Леонеде (2013-2017 жж.) және одан кейін Тогода (2013/2014-2017 жж.) орын алды. Кейбір елдердегі ең кедей өңірлерде ең жылдам абсолютті қысқарту орын алып, бұл ешкімді назардан тыс қалдырмау туралы уәдені орындауға көмектесті. Олардың қатарына Либерияның Солтүстік-Орталық ауданы (2013–2019/2020 жж.) мен Непалдағы 2-ші провинция (2016–2019 жж.) жатады.

«Барлық адамдар бағалайтын және бағалауға тұрарлық негізгі қабілеттерді пайдаланатын болашаққа қол жеткізу үшін әлемдік қауымдастық прогресті тұншықтырып, оған кедергі келтіретін құрылымдық теңсіздікті түзету қажет. Көпөлшемді кедейлік деңгейі туралы деректерді этникалық, нәсілдік және касталық тиістілігі бойынша бөлу және үй шаруашылықтары ішіндегі гендерлік функциялар мен модельдерді зерттеу теңсіздіктерді әшкерелеп, соңғы онжылдықта саясаткерлердің ешкімді назардан тыс қалдырмайтын іс-әрекеттері үшін маңызды нұсқаулық болып табылады», – дейді Сабина Алкир, Оксфорд университетіндегі ОПХИ директоры.

COVID-19 пандемиясының ККИ көрсеткіштеріне әсері туралы деректер әлі толық болмағанымен, пандемия бүкіл әлемдегі әлеуметтік қорғау, білім беру жүйелері мен жұмысшылардың жағдайындағы осалдықтарды ашып көрсетті. Баяндамада көпөлшемді кедейлік деңгейі жоғарырақ елдерде бұл осалдықтардың тереңірек екендігі атап көрсетілген. Мысалы, бүкіл әлемде миллиондаған бала пандемия кезінде мектепке баруды тоқтатты, алайда мектепте білім алудың мұндай бұзылуы ККИ деңгейі жоғарырақ елдерде кеңірек таралды. Замбияда, мысалы, індетке дейін мектепке барған балалары бар үй шаруашылықтарының үлесі мен індет кезінде мұғалімдерді тарта отырып оқытуға қатысқандардың үлесі арасындағы айырмашылық шамамен 80 проценттік пунктті құрады. Денсаулық сақтау саласындағы бұрынғы төтенше жағдайлардың тәжірибесі бұл балалардың көпшілігі ешқашан мектепке оралмауы мүмкін екендігін көрсетеді.