Қазақстанда халықтың 96%-інде әйелдерге қатысты жалған сенімдер бар

2020 ж. 6 March

 

 

Нұр-Сұлтан, 6 наурыз – Бүгін БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Гендерлік әлеуметтік нормалар индексін (GSNI) ұсынды, ол қоғамдағы гендерлік жалған сенімдер мен таптаурындар әйелдердің саясатта, еңбек нарығында және білім алуда жетістіктерге жетуіне қаншалықты кедергі келтіретінін өлшеуге мүмкіндік береді. Индекс негізінде әлем халқының 80%-і қамтылған 75 елдің деректері талданды.

Талдау көрсеткендей, бүкіл әлемдегі ер адамдар мен әйелдердің арасында кең таралған әйелдерге қатысты теріс пікірлердің тұжырымы болып табылатын «әйнек шек» әйелдер өмірінің барлық аспектілеріне әсер етеді.

«Гендерлік теңсіздікті қысқартуда қол жеткізілген прогреске қарамастан, Қазақстанда халықтың 96%-і әлі күнге дейін әйелдерге қатысты жалған сенімдерге сенеді және оларды талдау әйелдер кәсіби және жеке өмірінде кездестіретін, теңдікке жету жолындағы көзге көрінбейтін кедергілерді түсінуге мүмкіндік береді», – деп атап көрсетті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Якуп Бериш.

Адам дамуы туралы соңғы баяндамаға сәйкес, Қазақстандағы гендерлік алшақтық негізгі теңсіздік тұрғысынан білім беру мен денсаулық сақтау сияқты салаларда қысқарып келеді. Алайда, саясатта әйелдер мен ер адамдардың арасында теңсіздіктер әлі де сақталып отыр. Бүгінгі таңда Қазақстан Парламентіндегі әйелдер үлесі 21,9%-ті құрайды; саяси мемлекеттік қызметшілердің арасында әйелдер үлесі – 11,7%. Сонымен қатар, нарықта еңбекақы төлеудегі айырмашылық сақталуда: 2018 жылы ол 34,2%-ті құрады. Оған қоса, бірдей жұмысбасты болса да, Қазақстандағы әйелдер ер адамдарға қарағанда үй жұмысымен орта есеппен екі есе көп айналысады.

Дүниежүзілік деректерге келсек, индекстің көрсетуінше, бүкіл әлемдегі ер адамдар мен әйелдердің жартысына жуығы ер адамдар саяси көшбасшылықты жақсырақ атқарады деп санайды; 40%-тен астамы ер адамдар бизнесті жақсырақ басқарады және жұмыс орындарының тапшылығы жағдайында ер адамдардың жұмыс істеуге көбірек құқығы бар деп санайды; 28%-і ер адамның әйелін ұруға құқығы бар деп есептейді.

2020 жылы бүкіл әлемде гендерлік теңдікті қамтамасыз етудің жан-жақты күн тәртібі – Пекин декларациясы мен Іс-қимыл тұғырнамасының (Пекин + 25) қабылданғанына 25 жыл толады.

БҰҰДБ үкіметтер мен мекемелерді білім беру бастамалары, хабардарлықты арттыру және, мысалы, бала күтімі міндеттерін әділ бөлуді ынталандыру үшін салық жеңілдіктерін қолдану немесе әйелдер мен қыздарды ер адамдар басым жұмыс істейтін экономика секторларында алға жылжыту сияқты ынталандыру құралдарын қолдану арқылы кемсітушілік сенімдер мен тәжірибелерді өзгерту үшін жаңа шараларды қолдануға шақырады.

***

Қосымша ақпарат алу үшін БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Қоғаммен байланыс бөліміне электрондық пошта undp.kz.media@undp.org немесе телефон +7 (7172) 696544 (ішкі нөмір 2402, 2404) арқылы хабарласыңыз.

БҰҰДБ туралы:

БҰҰДБ елдердің дағдарысқа төтеп беру қабілетін арттыруға көмектесу үшін, сондай-ақ барлық адамдардың өмір сүру сапасын жақсартатын дамуға жағдай жасау және оны қолдау үшін қоғамның барлық деңгейіндегі адамдармен бірге жұмыс істейді. Біз 177 ел мен аумақта адамдардың мүмкіндіктерін кеңейтуге және сілкіністерге төзімді елдерді құруға көмектесетін жаһандық перспектива мен жергілікті деңгейдегі ұғынуды қамтамасыз етеміз.

ГЕНДЕРЛІК ӘЛЕУМЕТТІК НОРМАЛАР ИНДЕКСІ ТУРАЛЫ:

Гендерлік әлеуметтік нормалар индексі әлеуметтік нанымдардың гендерлік теңдікке саяси, білім беру, экономикалық және физикалық тұрғыдан көптеген жолдармен қалайша кедергі келтіретінін көрсетеді. Ол жеті көрсеткішті құру үшін пайдаланылатын Әлемдік құндылықтар сауалнамасындағы жеті сұраққа берілген жауаптардың негізінде құрастырылған. Бұл индекс әлем халқының 81%-ін қамтитын 75 ел үшін қолжетімді. Үрдістер әлем халқының 59%-ін қамтитын 31 ел үшін қолжетімді.