Қазақстан Үкіметі, БҰҰДБ және Bitfury климаттың өзгерісіне қарсы күрес бойынша бірлескен бастаманы қолға алып жатыр.

2020 ж. 18 February

2020 жылғы 14 ақпан, Нұр-Сұлтан – Қазақстан Үкіметі, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) және Bitfury Group компаниясы бүгін елдегі өзгеріске қарсы күрес жөніндегі жобаны іске асырудың бірлескен жоспары туралы жариялады. Тараптар орман алқаптарын ұлғайту және орманды пайдалану тәжірибесін жетілдіру, сондай-ақ климат өзгерісі туралы жұртшылықты барынша хабардар ету есебінен Қазақстандағы парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша жұмыстар жүргізетін болады.

Биоалуантүрлілікті қаржыландыру (БИОҚАРЖЫЛ) саласындағы жаһандық бастама елдерге биоалуантүрлілікке жұмсалатын ағымдағы шығыстарды өлшеу, қаржылық қажеттіліктерді бағалау, неғұрлым қолайлы қаржылық шешімдерді айқындауға арналған инновациялық қадамдарды көрсететін әдістеме ұсынады және биоалуантүрлілік саласындағы ұлттық мақсаттарға қол жеткізу үшін осы тетіктерді қалай қолдану қажеттігіне қатысты ұсынымдар береді.

Осындай қаржылық шешімдердің бірі –  көміртегі шығарындыларын орман арқылы өтеу. Тетік климаттың өзгеру салдарын жеңілдетуге және сонымен қатар ормандарға салынатын инвестицияларды ұлғайтуға, сондай-ақ қолда бар орман экожүйелері мен биоәртүрлілікті тұрақты басқаруға арналған.

«Жаңа ормандар құру және орманды басқаруды жақсарту жолымен көміртегі шығарындыларын өтеу сияқты инновациялық қаржылық шешімдерді пайдалана отырып, біз екі жаһандық мақсатқа қол жеткіземіз –ормандардың биологиялық әртүрлілігін сақтаймыз және көміртегі ізін қысқартамыз», – деп атап өтті Якуп Бериш, Қазақстан Республикасындағы БҰҰДБ-ның Тұрақты Өкілі.

БҰҰДБ жаңа Экологиялық кодекс жобасы үшін бірнеше заңнамалық ұсыныстар әзірледі, олардың ішінде ормандарды бағалаудың жаңа әдіснамалары, БҰҰ климаттық келісімдеріне сәйкес Қазақстандағы көміртегі шығарындылары жөніндегі жобаларды әзірлеу және іске асыру бар.

«Болашақта біз Қазақстан Республикасының Үкіметіне табиғатты қорғау заңнамасын жетілдіруге және табиғатты пайдалануды басқару үшін жаңа қаржылық шешімдер көрсетуге жәрдем көрсетуді жалғастырамыз. Сондай-ақ, осы күн тәртібіндегі жеке сектордың рөлін арттыру және қызығушылығын ояту басты міндет болып табылады», – деді Якуп Бериш.

Климат өзгерісі жөніндегі Париж келісімінде және БҰҰ-ның Тұрақты даму саласындағы мақсаттарында тұрақты, төмен көміртекті және климаттық тұрақты әлемге толық көшу елеулі инвестициялар мен инновацияларды, сондай-ақ мемлекет тарапынан да, жеке сектор тарапынан да инвестициялардың айтарлықтай өзгерісін талап етеді деп айтылған.

Қазақстан Климат өзгерісі жөніндегі Париж келісімін 2016 жылы ратификациялады және жеке сектордың қатысуымен инновациялық шешімдерді жұмылдыру арқылы 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15%-ға қысқартуға міндеттелді.

«Бүгінде Қазақстандағы ауаның негізгі ластаушылары көлік және энергетика салалары болып табылады. Жыл сайын экожүйеге түсетін жүктеме өсуде, табиғи көміртек сіңіргіштерсіз, яғни ормандарсыз, парниктік газдардың концентрациясы тек қана арта беретін болады және Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу мүлдем мүмкін болмайды», – деді Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзум Мырзағалиев.

«Сонымен қатар, бұл жағдайда мемлекеттің күш-жігерінен бөлек, жеке сектордың қолдауы мен экологиялық жауапкершілігі – өте маңызды. Сондықтан біз Bitfury компаниясының климат өзгерісіне қарсы күрес жөніндегі бастамасын қолдаймыз», – деп атап өтті Министр.

Bitfury, жаңа технологиялар саласындағы жетекші компания, климат өзгерісі мәселелерін және әлемдегі басқа да экологиялық мәселелерді шешуге көп көңіл бөледі.

«Біз ғаламшарымызды қорғауға бағытталған орнықты даму саласындағы мақсаттарды толық қолдаймыз және Қазақстанның парниктік газдардың шығарындыларын бейтараптандыруға арналған өтемақы тетіктерін құру жөніндегі ұлттық бастамасы бізді шабыттандырды. Мен Қазақстан ормандарын қолдау және көміртегі ізін азайту жөніндегі бірлескен жұмыстарымыздың басталуын асыға күтемін», - деді Bitfury жаһандық кеңсесі әкімшілігінің басшысы Вадим Крутов.

Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігін қолдау мақсатында, БҰҰДБ Bitfury-мен ынтымақтастықта ормандардың көлемін ұлғайту арқылы парниктік газдардың шығарындыларын қысқарту жөніндегі жобаны әзірлеп жатыр.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстандағы орман көміртегінің жалпы көлемі 718,3 млн. тоннадан астам СО2 баламасын құрайды. Орман жамылғысының 4,6%-дан 5%-ға дейін артуы ормандардың көміртекті сіңіруін жылына қосымша 2,9 млн. тонна СО2 баламасына дейін арттыруға көмектеседі. Көміртегі үшін атқаратын мәнімен қатар, сау ормандар су ресурстарын реттеу, биоалуантүрлілік, сондай-ақ азық-түлік және дәрі-дәрмектер мен экотуризм сияқты басқа да пайдалар бойынша негізгі қызметтер көрсетеді.

Толық ақпарат алу үшін, Қазақстандағы БҰҰДБ Байланыс кеңсесіне undp.kz.media@undp.orgэл. поштасы арқылы немесе + 7 (7172) 696544 (ішкі 2402, 2404) телефон нөмірі бойынша хабарласыңыз.

 

### 

БҰҰДБ елдердің мемлекеттік құрылысына олардың дағдарысқа қарсы тұра алуы үшін көмек көрсете отырып, әрбір адамның өмір сүру сапасын жақсартуға алып келетін өсімді көтермелей, қолдай отырып, Қоғамның барлық жіктерінің өкілдерімен ынтымақтасады. 170-тен астам ел мен аумақтарда жұмыс істей отырып, біз адамдардың толыққанды өміріне жәрдемдесетін және мемлекеттердің өміршеңдігін арттыратын жаһандық пайым мен жергілікті шешімдерді ұсынамыз.